BANNER

«Мен шағымданбаймын – талап етемін». Бөлекпаевпен шахтерлер, жылу, баға және қарағандылықтар туралы сұхбат

Фото: Маржан Қуандыкова

Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев бұл қызметті атқарып келе жатқанына шамамен үш жыл болды. Осы уақыт ішінде өңірде түрлі маңызды оқиғалар орын алды. Tengrinews.kz тілшілері еліміздегі ең ірі аймақтардың бірі саналатын Қарағанды облысының басшысымен кездесіп, шахтерлердің жағдайы, ауа сапасын жақсарту шаралары, жылу маусымының барысы, әкімнің неге түн ортасында жұмыс чатына хабарлама жазатыны және Нығматулиндер туралы сұрақ қойды. Толығырақ — сұхбатта.

Әкімнің үйінде де жылу болмай ма?

— Ермағанбет Қабдоллаұлы, сіз әлеуметтік желілерде белсенділік танытасыз ба?

— Иә, әлеуметтік желілерді күн сайын қарап, қолданамыз. Кейде маған сын айтылған жазбаларды жіберіп отырады. Әрине, назар аударамын, қарап, тиісті шара қабылдаймыз.

— Тұрғындардың не жазып жатқанын өзіңіз оқисыз ба?

— Әрине, оқимыз, талдаймыз. Telegram, Facebook, Instagram — бәрінде бармыз. Сол жерде мен де, тиісті қызметтер де бар.

— Сіздің Instagram парақшаңызды қарап шықтық. Кей пікірлерде кейбір аудандарда жылу мәселесі қозғалған. Мысалы: «Таугүл ауданында жылу жоқ. Тіпті көршіміз әкімнің үйінде де жылу жоқ», — деп жазғандар болды. Бұл жазба, шамасы, сізге қатысты айтылған сияқты. Шынында да, сол кезде үйіңізде жылу болмады ма, қазір бар ма?

— Жылу беру жүйесін іске қосу — бір сәтте шешілетін процесс емес. Тек Қарағанды қаласының өзінде жылу желілерінің ұзындығы шамамен мың шақырымды құрайды. Сол жүйенің бәрін толтыру қажет. Алдымен әлеуметтік нысандарға — мектептерге, ауруханаларға, балабақшаларға жылу беріледі. Тек содан кейін тұрғын үйлерге қосылады.

Көпқабатты үйлерде КСК (ПИК) өз жұмысына кірісіп жатыр. Мұнда бәрі кімнің қаншалықты жылдам және сапалы жұмыс істейтініне байланысты: бірі жүйені жуып-шайып үлгереді, енді бірі инженерлік желілерді дайындайды. Сондықтан барлығына жылу бір мезетте беріледі деу мүмкін емес.

Бұл жұмыс күн сайын бақылауда. Кей тұрғындар сұрақ қойып, алаңдауы заңды. Мен де барлық тұрғын сияқты жылуды сол уақытта аламын. «Әкім болған соң бірінші қосылады» деген артықшылық жоқ. Ондай тәртіп болмайды. Иә, белгілі бір кезеңде менің үйімде де жылу болмаған, бәлкім, үй толық дайын болмаған шығар.

Бүгінде барлық тұрғын үйлер жылумен қамтылған, ешқандай проблема жоқ. Бұл бағыттағы жұмыстар күн сайын бақыланып отыр. Тек Приозерск қаласы (Балқаш маңындағы елді мекен) оңтүстікте орналасқандықтан, олар жылуды 14 қазаннан бастап алды, себебі ол жақта ауа райы жылырақ. Ал қалған елді мекендерде жылу қыркүйек айында беріледі.

Қарағандылықтар тағы неге шағымданады

— Шамамен бір жыл бұрын Президент сізге «жылыту маусымына дайындық барысын тиісті деңгейде бақыламағаныңыз үшін» сөгіс  қандай қиындықтар болған еді?

— Ол кезде мәселе Саран қаласындағы орталық қазандыққа байланысты болды. Бұған дейін ол жерде ешқашан орталық қазандық болған емес. Саран қаласы кеңес дәуірінен бері шағын қазандықтар арқылы жылынып келген. Менің білуімше, олардың саны отызға жуық болатын — кейде бір қазандық бір ғана үйге немесе әлеуметтік нысанға қызмет көрсеткен.

Анықтама: 2024 жылдың қазан айында Саран қаласында орталық жылу көзінде ауқымды апат орын алды. Сол кезде 80-нен астам тұрғын үй бірнеше күн бойы жылусыз қалды. Кейін олардың барлығы ескі модульдік қазандықтарға қайта қосылды. Халық тарапынан жаппай шағым түскеннен кейін және жылыту маусымының басталуы кешеуілдеген соң, қалаға Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев келіп, жағдайды өз бақылауына алды. Кейін Саран әкімі Еркін Баулыков қызметінен босатылды,ал облыс әкімі Бөлекпаевқа сөгіс жарияланды.

— 7–8 жыл бұрын жаңа орталық қазандық салу туралы шешім қабылданған болатын. Бұл – дұрыс әрі қажетті шешім еді. Алайда түрлі себептерге байланысты жобаның жүзеге асуы айтарлықтай созылып кетті. Соған қарамастан, біз жұмысты аяқтадық. Іске қосу кезінде мердігер ұйымдар мен техникалық қадағалау тарапынан бірқатар кемшіліктер анықталды — сорғы жабдықтары жобадағы нұсқадан өз бетінше ауыстырылып орнатылған.

Сол себепті жүйеге қысым берілмей, тұрғындар дер кезінде жылу ала алмады. Біз шұғыл шара қабылдап, шамамен он күнге кешігіп болса да, орталық қазандықты іске қостық. Қысты толық осы қазандықпен өткіздік — оны тоқтатпай, толыққанды жұмыс режиміне енгіздік. Ерте ме, кеш пе, бұл қадам бәрібір жасалуы қажет еді.

Сондықтан жауапкершілікті өз мойнымызға алып, бүкіл қыс бойы орталық жылумен қамтуды қамтамасыз еттік. Сол кезде шамамен 150 үй орталық жүйеге қосылған болатын.

Биыл қазандық толық реттеліп, тағы бірнеше үй жүйеге қосылды. Қазір орталық қазандық тұрақты жұмыс істеп тұр. Тек Саран қаласындағы РТИ шағын ауданында орталық жылу жүйесі әлі жоқ. Сол аумаққа арналған жобалау жұмыстары жүріп жатыр. Егер келесі жылы үлгермесек, 2027 жылға қарай бұл аудан да орталық жылумен қамтамасыз етіледі деп жоспарлап отырмыз.

– Tengriге берген алдыңғы сұхбатыңызда сіз аймақтағы басты мәселелердің бірі – тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық екенін, яғни су, жарық және жылу жүйелерінің сапасы өзекті екенін айтқан едіңіз. Бұл бағытта ілгерілеу бар ма? Мәселе толық немесе жартылай шешілді ме?

– Әрине, мәселені толық шештік деуге болмайды. Бірақ көптеген желілерде айтарлықтай нәтижеге жеттік. Бұл тұрғыда «Инвестиция орнына тариф» бағдарламасы үлкен рөл атқарды.

Иә, тарифтер өсіп жатыр, біз мұны түсінеміз, бірақ онсыз болмайды.

Нақты айтсақ, электр желілерінде айтарлықтай жұмыс жүргізілді. Олар тек біздің тарапымыздан ғана емес, барлық бақылаушы органдардың қатаң назарында тұр.

Су жүйелеріне келсек, біздің алдымызда – облыс тұрғындарын 100 пайыз сапалы ауызсумен қамтамасыз ету міндеті тұр. Бұл – қала мен ауыл халқы үшін де маңызды мақсат. Бұл тапсырманы бізге Президент жүктеген. Осы жылы бұл мәселені шешіп, жобаны жыл соңына дейін толық аяқтауды жоспарлап отырмыз.

– Бұған дейін адамдар суды сүзгіден өткізіп ішкен бе?

– Жоқ, мәселе судың сапасында емес, тозығы жеткен, тесіктері көп құбырларда еді. Қазір оларды пластикке ауыстырып жатырмыз.

– Сондай-ақ, сіз алдыңғы сұхбатта Қарағандыдағы үйлерде жылу алмастырғыш  жүйесінің жоқ екенін, сондықтан жазда қалада ыстық суды өшіруге тура келетінін айтқан едіңіз. Бұл жүйені орнату қымбатқа түседі. Екі жыл ішінде бұл бағытта қандай да бір өзгеріс болды ма, әлде жағдай қиындап, тұрғындарға жазда су болмайтынына үйренісу керек пе?

– Шешу жолдары бар, бірақ бәрі қаржыға байланысты. Бізде ашық жүйе, тарихи түрде солай қалыптасқан. Жылу алмастырғыштар орнату қажет. Қазір пилоттық жоба бар – жергілікті компания жаңа салынып жатқан үйлерге орнатуды ұсынды. Сол бойынша сынақтан өткізіп көреміз.

Егер нәтиже оң болса, ең болмаса жаңа үйлерде мұндай жүйені міндетті түрде орнатуды талап ететін боламыз. Бұл жағдайда қыс кезінде ыстық су жылумен қамтамасыз етіледі, ал жазда электр қуаты есебінен қыздырылады. Негізінен, жылу алмастырғыштар осы мақсатқа арналған.

Егер жоба өзін ақтаса, болашақта арнайы бағдарлама қабылдап, ескі үйлерге де біртіндеп осындай жүйелерді орнатуға көшуіміз мүмкін. Бірақ ол үшін өте үлкен қаржы қажет.

– Сіз «өте үлкен қаражат қажет» деп айтып өттіңіз. Бұл шамамен қандай сома?

– Соңғы рет есептеулер мен техникалық-экономикалық негіздеме (ТЭН) шамамен 15 жыл бұрын жасалған еді. Сол кезде жобаны жүзеге асыру үшін қанша қаражат қажет екенін анықтадық – ол кезде бұл шамамен 300 миллион АҚШ долларын құрады. Енді өзіңіз ойлап көріңіз, қазіргі бағамен бұл қанша болатынын.

– Бұл қаражат қай бюджеттен бөлінеді?

– Қайдан аламыз деген сұрақ… Бәрін бірден емес, кезең-кезеңімен жүзеге асыруға болады. Қазір біз жаңа тұрғын үйлерге жылу алмастырғыштар орнату жобасын сынап көреміз. Егер бұл механизм тиімділігін дәлелдесе, біртіндеп толық көшуіміз мүмкін.

Сонымен қатар, жылу және су жүйелерін жиі жөндеуден өткізуге тура келеді. Су беру тоқтатылады, жөндеу жүргізіледі – бұл үдеріс үнемі жүріп отырады. Тек Қарағандының өзінде 980 шақырым жылу желісі бар, ал жалпы облыс бойынша – екі мың шақырымға жуық. Олар тозған, сондықтан кезең-кезеңімен ауыстыру қажет. Бірақ бұл кезде белгілі бір аудан немесе үй уақытша ыстық сусыз қалуы мүмкін.

– Қала тұрғындарымен сөйлескенде, кейбірі «құбырларды тым жиі ауыстырады» деп айтты. Олар мұның шынымен қажет екенін немесе жемқорлық факторы бар-жоғын сұрайды. Мұндай жиі ауыстырудың себебі неде?

– Менің ойымша, мұнда мәселе тұрғындарға уақтылы ақпарат берілмегенінен болуы мүмкін. Немесе адамдар өз жұмысының саласына байланысты мұндай жұмыстардың ерекшелігін білмейтін шығар. Бірақ «жиі ауыстыру» дегенді қалай түсінеміз?

Мысалы, егер сөз магистральды желілер туралы болса – біз бір кездері қаланың ортасынан 12 шақырымдық жаңа су құбырын тартқанбыз. Мұны «жиі» деп айту қиын.

Бұл су жүйесі 1974 жылдан бері істеп тұрған еді. Біз оны ашып жөндедік, кей жерлерде ГНБ әдісімен, яғни жерді қазбай, горизонталды бағытта бұрғылау технологиясымен жаңа құбырлар өткіздік.

— Жылу жүйесінде де жағдай ұқсас. Мысалы, ұзындығы шамамен бес шақырымдық учаске бар делік — оны бір маусымда толық ауыстыру мүмкін емес. Сондықтан жұмыс кезең-кезеңімен жүреді: бір жылы бір бөлігі, келесі жылы — басқа бөлігі.

Сырттай қарағанда, «бір құбырды қайта-қайта ауыстырып жатыр» дегендей көрінеді. Бірақ іс жүзінде олай емес — әр ауданның өз кезегі бар. Біз, әдетте, жұмысты ретімен жүргізуге тырысамыз: алдымен су құбырын және кәріз жүйесін салып, содан кейін ғана асфальт төсейміз. Сол кезде тұрғындар тарапынан сұрақтар да туындамайды.

— Жолдардың сапасына да тұрғындар жиі шағымданады. Айтуларынша, жолды әр жаз сайын жөндейді, ал көктем келгенде асфальт қармен бірге ериді...

— Қай жерде? Жоқ, бұған мен келіспеймін. Облыстың басқа қалаларында, мүмкін, түрлі себептермен — көбіне қаржыландыруға байланысты — әлі үлгермеген шығар. Бірақ Қарағандыда соңғы жылдары өте көп жол жөнделді.

Қазір тіпті қала шетіне, Кеңес дәуірінен бері асфальт төселмеген көшелерге дейін жеттік. Мысалы, мен Үлкен Михайловкада болғанда, жеке секторды аралап жүріп, бір әже шықты да:

«Мен мұнда 50 жыл тұрамын, мұнда ешқашан асфальт болмаған, ал қазір төселді», — деді.

Жол сапасына келсек, әрине, кейбір ескертулер болуы мүмкін, оны жоққа шығармаймын. Бірақ бүгінде барлық нысандарды Автомобиль жолдарының стандартизация орталығының тексерісінен өткізбей қабылдамаймыз. Олармен арнайы келісім бар, тек олардың қорытындысынан кейін ғана мердігерге төлем жасалады.

Егер сапаға сай келмейтін жерлер болса, мердігер компаниялар жол жабындысын өз есебінен ауыстырады. Бірде-бір жоба стандартизация және сапа орталығының сараптамасынсыз қабылданбайды.

— Тағы бір маңызды мәселе — көше жарығы. Әлеуметтік желілерде де, біз сөйлескен тұрғындар арасында да «жарық барлық жерде бірдей жоқ» деген пікірлер бар. Мысалы, Қарағандыдағы орталық көшелердің бірі — Бұқар жырау даңғылында кешке жүру кейде қауіпті дейді: көлік қозғалысы көп, ал жарық жеткіліксіз. Бұл рас па?

— Ол жерде жарық бар. Қайта тексеріп көруге болады, бірақ мен ондай мәселе бар деп ойламаймын. Басқа әңгіме — қала шетінде жарықтандыру толық орнатылмаған кей аймақтар бар, бұл рас.

Ал Бұқар жырау даңғылына келсек, егер байқасаңыздар, онда ауадағы сым желілері бар. Қазір біз олардың бәрін жер астына көшіру жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Мүмкін, дәл осы көше бойынша сол жұмыстар жүріп жатқан болар.

Бұл тек жарық жүйесі емес, сонымен қатар сыртқы бақылау камераларының желілері де сол канал арқылы өтеді. Сол себепті уақытша өшірулер болуы мүмкін. Бірақ Әбдіров көшесінің қиылысы мен Бұқар жырау даңғылының бойында жарық мүлде жоқ деу — шындыққа жанаспайды.

— Коммуналдық қызметтерде кадр тапшылығы жоқ па? Кей тұрғындар көшелер уақтылы тазаланбайды деп айтады...

— Иә, кадр тапшылығы бар. Негізгі себеп — жалақының төмендігі. Өйткені еңбекақы тариф есебінен қалыптасады. Мысалы, шамамен бір жыл бұрын «Теплотранзит» кәсіпорнымен сөйлескенмін: оларда 21 бригада болған, кейін 15 қана қалды.

Адамдар төмен жалақыға байланысты кетіп қалды. Біз тарифті көтердік, жалақы қорын арттырдық, сонда ғана қызметкерлерді ұстап қалуға мүмкіндік туды.

— Ал көше тазалау жұмыстарына келсек?

— Қазір бұл бағыттағы жұмыстардың көбі жеке компаниялардың қолында. Үш жылға тендер жарияланады, және сол бойынша олардан жауапкершілік талап етіледі.

Көптеген жеке ұйымдар қазір механикаландырылған тазалауға көшіп жатыр. Арнайы техника көп, сондықтан көшелерді техникамен тазартады — бұл тиімді, әрі жұмысшылар саны азаяды. Қазір көшелердің ластануы бойынша айтарлықтай мәселе байқалып отырған жоқ.

— Ал әкімдік тазалық сапасын бақылай ма, егер жұмыс жеке компаниялар арқылы жүргізілсе?

— Әрине, бақылайды. Барлық жұмыс күн сайын тексеріледі. Жеке компаниялар тендер арқылы тапсырыс алады, жұмыс істейді, содан кейін атқарылған жұмыстардың актісін тапсырады. Әкімдік сол жұмыстың орындалу сапасын тексереді. Бұл бақылауды қалалық және аудандық акиматтар тұрақты түрде жүргізіп отырады.

— Міне, көшелердің тазалығына да тұрғындар шағымданып жүр, біз де өзіміз аралап көрдік — кей жерлерде ескерту орынды сияқты.

— Иә, кейбір кемшіліктер болуы мүмкін, оны жоққа шығармаймын. Бірақ бұрынғы жағдаймен салыстырғанда қазір айтарлықтай ілгерілеу бар.

Қаржыландыру көлемі де, жұмыс сапасына қойылатын талаптар да бірнеше есеге артты.

Облыс әкімі қалай демалады және неге адамдар көшіп кетіп жатыр

— Сіз өзіңіз қалада жаяу жиі жүресіз бе?

— Иә, өте жиі, күн сайын дерлік. Кейде таңертең ерте үйден жұмысқа дейін жаяу келемін — шамамен алты шақырым болады.

— Алты шақырым?

— Иә, кейде солай болады.

— Сонда жолда бәрін бақылап, қарап өтесіз бе?

— Әрине. Кейін қоңыраулар басталады.

— Бір жерге шағымданасыз ба? Мысалы, қала әкіміне?

— Жоқ, шағымданбаймын, талап етемін. Бұл — менің жұмысым.

— Бұрынғы бір сұхбатыңызда түннің бір уағында да әкімдер чатына жаза беретініңізді айтқан едіңіз...

— Иә, ол әлі де бар. Бұл — жұмыстың бір бөлігі. Мұнда ерекше бір батырлық жоқ — барлық әкімдер солай істейді. Себебі бұл қызмет тәулік бойы жауапкершілікті талап етеді.

— Демек, демалыс күндеріңіз де жоқ?

— Иә, солай деуге болады.

— Облыс әкімі ретінде сіздің күніңіз қалай өтеді?

— Таңнан кешке дейін жұмыстамын. Ашық айтсам, сенбі мен жексенбіні жоспарламаймын — іссапарлар, кездесулер көп.

— Ал жеке өмірге, спортқа, достармен кездесуге уақыт табыла ма?

— Спортқа уақыт табамыз, ал демалысқа — сирек. Кейде тіпті отбасына да уақыт жетпей қалады. Бұл — шындық.

— Енді облыстың өзекті мәселелеріне көшейік. Кейде Қарағанды түлектері басқа қалаларға немесе шетелге кетіп оқиды, дейді. Бұл жастардың кетуі ме?

— Бұл мәселеге әртүрлі қарауға болады. Егер олар сапалы білім алуға, жақсы жоғары оқу орындарына түсіп жатса — неге болмасқа?

— Ал егер кейін елге оралмаса ше?

— Ол — басқа әңгіме. Егер мақсатты бағдарлама арқылы кетсе, міндетті түрде елге оралып, еңбек етуі тиіс. Жалпы, бізде жастардың жаппай кетуі байқалмайды. Облыста сегіз жоғары оқу орны бар, онда 42 мыңға жуық студент оқиды. Бұл — тек университеттер. Сонымен қатар 34 колледж бар, олардың көпшілігінде де студенттер басқа өңірлерден келіп оқиды.

Мысалы, Қарағанды медициналық университетінде Үндістан мен Пәкістаннан келген көптеген шетелдік студенттер бар. Олар біздің оқу орындарының деңгейіне сенеді, өйткені мұндағы білім сапасы жоғары. Ал өзге жаққа кетіп жатқандар — өзін іздеген жастар, бұл қалыпты құбылыс.

— Бұл бағытта статистика жүргізіледі ме?

— Әрине. Соңғы жылдары туу көрсеткіші төмендеп кетті. COVID-19-дан кейін бұл көрсеткіш айтарлықтай азайды.

Көші-қон да бар — шамамен жылына екі мың адам кетеді, бірақ сонымен қатар оңтүстік өңірлерден жұмыс іздеп келетін 300–500 адам бар. Яғни, табиғи алмасу жүріп жатыр.

Дегенмен сіз дұрыс айттыңыз — біз жастар үшін де қолайлы жағдай жасауымыз керек.

— Жұмыс туралы айтайық. Әлеуметтік желілерде «жұмыс жоқ, сондықтан адамдар Астанаға немесе тіпті Алматыға кетіп жатыр» деген пікірлер кездеседі. Бұған не айтасыз?

— Мұндайда тек әлеуметтік желілерге емес, нақты статистикаға қарау керек. Кім олай айтқанын білмеймін, бәлкім, өзіне лайық жұмыс таба алмаған болар. Бірақ біздің өңірде жұмыссыздық деңгейі ел бойынша ең төмен — 4 пайыз шамасында.

Біз шамамен 330 мың жаңа жұмыс орнын ашуды жоспарлап отырмыз.

Айтсам, бізге жұмыс күші жетіспейді. Мысалы, Шина зауытын ашқан кезде еңбек және әлеуметтік қорғау басқармасының мамандарын оңтүстік өңірлерге жіберіп, жастарды біздің аймаққа жұмысқа шақырдық.

— Басқа өңірлерден келетіндер негізінен қандай мамандық иелері?

— Көбіне өнеркәсіп саласына барады. Біз индустриялық аймақпыз, мұндағы жұмыс ауырлау, оған дайын болу керек.

Кейбір жастар, бәлкім, еңбегі жеңіл, бірақ табысы жоғарырақ жұмысты іздейді.

— Өнеркәсіп саласындағы орташа жалақы қандай?

— Қазір облыстағы орташа айлық — шамамен 290 мың теңге.

Ал өнеркәсіп саласындағылар, әрине, көбірек алады — 500 мыңнан 1 миллион теңгеге дейін.

— Демек, сіз қазақстандықтарды Қарағандыға келіп жұмыс істеуге шақырасыз ғой?

— Әрине. Мысалы, Саран қаласында ірі құбыр зауыты ашылады, онда 400 адам жұмысқа алынбақ.

Біз барша еңбекқор азаматтарды шақырамыз.

Оның үстіне, Саран, Шахтинск және Теміртау бағыттарында автобус бағасын бірдей — 100 теңге етіп бекіттік.

Яғни, Сараннан Қарағандыға 100 теңгеге қатынауға мүмкіндік бар. Бұл — тұрғындарға жұмысқа барып-келуді жеңілдету үшін жасалған жағдай.

— Threads әлеуметтік желісінде «Барлық дарынды қарағандылықтар ерте ме, кеш пе, астаналық болып кетеді» деген әзіл жазба көзге түсті. Сіз де кезінде Астанада жұмыс істедіңіз. Осы пікірге не дейсіз? Қарағандылықтар шын мәнінде елордаға көшуге ұмтыла ма?

— Иә, ондай бар, әсіресе журналистер арасында (күліп).

Астанаға барған сайын, бұрын Қарағандыда жұмыс істеген көптеген журналистерді көремін. Бұған әзілмен қарауға болады.

Бірақ екінші жағынан, бұл біздің кадрларымыздың сапасы жоғары екенін, жақсы білім мен кәсіби дайындық бар екенін көрсетеді.

Сондықтан Қарағанды облысын «кадрлар ұстаханасы» деуге болады.

Біз бұған қуанамыз. Ең бастысы — олар туған жерін ұмытпаса болғаны.

Қарағандылықтар қазір тек Астанада немесе Алматыда емес, шетелдерде де еңбек етіп жүр.

Біз олармен мақтанамыз, өйткені олар — біздің жерлестеріміз.

«Біздің адамдар ымырасыз»

— Адамдардың көшіп кететіні Сізге реніш тудырмай ма?

— Жоқ, мүлде реніш жоқ. Біреулер кетеді, кейін қайта оралады. Бұл — қалыпты құбылыс. Мүмкін, әркім өз орнын іздеп жүрген шығар. Керісінше, бұл біздің білім беру сапамыз бен мамандар даярлау деңгейіміздің жоғары екенін көрсетеді.

— Көптеген тұрғындар өңірдің тыныштығын, асығыстықсыз өмір ырғағын және қаланың ықшамдылығын ерекше атап өтеді. Айтады: керек жерге жаяу баруға болады, ал қажет болса, такси де жылдам келеді. Ал өзіңіз туған өлкеңізді несімен жақсы көресіз?

— Ең бастысы — біздің адамдар.

Олар еңбекқор, сенімді, білімді және талапшыл. Ешкімге ымыра бермейді, егер бір нәрсе дұрыс болмаса, бірден айтады. Осындай мінез бен жауапкершілік кез келген салада — мейлі ол дәрігер, мұғалім, шахтер, металлург немесе ауыл еңбеккері болсын — өңірдің дамуына негіз болып отыр.

Сондықтан болашаққа сенім зор.

— Жақында біз Қарағандыдағы автотұрақ мәселесі жөнінде жаздық. Мысалы, Степной-4 ықшамауданында ондаған көлік иесі бос жерге көлігін қойғаны үшін айыппұл алған. Ал тұрғындардың айтуынша, басқа балама жоқ: аулаларда орын жетпейді, ал ақылы тұрақтар аз. Мұндай жағдайда не істеу керек? Айыппұл әділ бе?

— Мұнда бәрін ауданның тарихи жоспары тұрғысынан қарау керек. Степной-4 ықшамауданы кеңес дәуірінде жобаланған, ол кезде көлік саны қазіргідей көп болмаған. Сондықтан тұрақтар сол уақыттағы талаптарға сай салынған, ал қазір олардың саны жетпейді.

Қазір бізде «Халықтық қатысу бюджеті» деген жақсы бастама бар. Тұрғындар өз ұсыныстарын енгізіп, жобаларды бірге талқылайды, келісімге келгеннен кейін ғана іске асырылады.

Мен нақты білемін: сол ауданда абаттандыру жұмыстары жүріп жатыр. Бірақ тұрғындардың пікірлері әртүрлі болуы мүмкін — бір бөлігі тұрақ салуды қалайды, енді бірі қарсы.

Әкімдіктің міндеті — сол мәселелерді келісім арқылы шешіп, тұрғындарға қолайлы жағдай жасау.

Ал айыппұлға келсек, полиция тұрғындардың шағымына сәйкес әрекет еткен деп ойлаймын. Өздігінен барып айыппұл салған жоқ. Қалалық әкімдік те жағдайдан хабардар, қала әкімі бұл мәселені жеке бақылауына алды. Тұрғындардың келісімімен тұрақ салу жұмыстары қолға алынады.

— Бірақ әзірше адамдарға көлігін қоюға жер жоқ қой...

— Иә, бұл сұрақты Қарағанды әкімі Мейрам Қожухов жақсы біледі. Қазір ол мәселені жеке бақылауында ұстап отыр, шешімін табамыз.

— Сіз өзіңіз де сол ауданда тұрасыз ғой?

— Иә, сол жерде тұрамын.

— Көлік жүргізесіз бе? Қайда қоясыз?

— Иә, жүргіземін. Барлық тұрғын сияқты мен де көлігімді аулаға қоямын.

Бөлек тұрақ жоқ, оны жасау да қиын. Біз бәріміз бір ортада өмір сүріп жатырмыз — жағдай бәрімізге ортақ.

Шахтерлер, Теміртаудағы ауа, ет пен Нығматулиндер туралы

— Ауаның сапасы — бұл тек Қарағандының емес, Теміртау мен өзге де қалалардың маңызды мәселесі. Сіз бірнеше рет газдандыру туралы айтып жүрсіз. Көптеген қарағандылықтар өз аудандарының газға қосылуын асыға күтеді, себебі үйлерін көмірмен жылытады, ал бұл экологиялық тұрғыдан тиімсіз.

— Иә, Қарағандыда пеш арқылы жылыту сақталған. Көптеген үйлерде ұзақ жанатын пештер бар. Олардың ішіне не тастайтынын білмеймін, бірақ мәселе бар екені анық.

Біз Қарағандыны белсенді түрде газдандырып жатырмыз. Қазірдің өзінде шамамен алты мың үй газға қосылған. Михаиловка жағы толығымен газдандырылды, тек бір аудан — Кирпичный ғана қалды. Оған да төртінші кезеңде газ тартамыз.

Бизнеске қатысты да мәселе бар — кей кәсіпкерлер үнемдеу мақсатында өз қазандықтарын, шағын жылу орталықтарын орнатып алған. Біз қазір оларға да газға қосылуға рұқсат беріп жатырмыз. Бірақ бірінші кезекте тұрғын үйлерді, содан кейін барып бизнесті қосамыз.

Қазір Оңтүстік-Шығыс, яғни «ескі әуежай» аталып кеткен жеке секторға газ тартылып жатыр. Менің ойымша, жаппай газдандыру ауаның сапасын айтарлықтай жақсартады. Толық 100 пайыз шешілмесе де, нәтиже болады. Неге десеңіз, әзірге Майқұдық бағытына газ кірмейді.

Теміртауға келсек, жеке сектордың шамамен 90 пайызы газға қосылған.

Тағы бір үлкен мәселе — Qarmet компаниясы. Олар газға қосылды, қазір кейбір цехтар мен пештерін газға ауыстырып жатыр. Ең бастысы — ірі цехтар мен ЖЭО-ларды газға көшіру. Бұл компанияның ауқымды жаңғырту бағдарламасымен тікелей байланысты.

Теміртаудағы экология тек ауаға емес, өндірістік қалдықтарға да қатысты — олардың көлемі шамамен 1 миллиард тонна. Қазір компания бұл бағытта да жұмыс істеп жатыр, Экология және табиғи ресурстар министрлігімен келісім жасалған.

Балқашқа келсек, Балқаш мыс балқыту зауытының аумағында күкірт қышқылы цехы бар. Онда да экологиялық бағдарлама жүзеге асып жатыр, бір бөлігі орындалды. Қазір олар да Министрлікпен жаңа келісімге қол қою кезеңінде.

— Шахтерлер туралы сөйлесейік. Миттал елден кеткеннен кейін апаттар азайған сияқты. Шахтерлерге арнайы төлемдер енгізілді. Сіздің ойыңызша, жағдай жақсарды ма?

— Иә, соңғы жылдары өндірістік қауіпсіздік бойынша көп жұмыс атқарылды және бұл бағытта жұмыс жалғасып жатыр. Бұл — Президент қойған басты міндеттердің бірі.

Қазір шахтерлермен күнделікті нұсқама өткізіледі, қауіпсіздік қадағаланады, тексерулер жүргізіледі. Жерасты жабдықтары жаңартылды. Біз де жиі шахтаға түсіп, жұмысшылармен кездесеміз — оң өзгерістер анық байқалады.

— Ал бұрын мұндай жұмыс жүргізілмеген бе?

— Бұрын, ашығын айтқанда, бұл бағытта жұмыс нашар жүрді. Көп уәде айтылатын, бірақ іс жүзінде орындалмайтын.

Қазір істеліп жатқан жұмыс пен бұрынғыны салыстыруға келмейді — жер мен көктей айырмашылық. Кез келген маман мұны растайды.

Жаңа инвесторлар келген кезде (Миттал компанияларының орнына — ред.) бар болғаны үш шахта жұмыс істейтін, ал қазір сегізі де толық іске қосылған.

Олардың жоспары — көмір өндіру көлемін 9 миллион тоннаға дейін жеткізу. Бұл — өте жақсы көрсеткіш.

Шахтерлермен тұрақты байланыстамыз, үшжақты комиссия жұмыс істейді. Қажет болған жағдайда кездесіп, барлық мәселені талқылаймыз.

— Ал зиянды еңбек жағдайында жұмыс істейтіндерге арналған арнайы төлемдерді қанша адам алды?

— Шамамен 800 шахтер осы мүмкіндікті пайдаланып, жұмыстан шықты. Кейбірі басқа салаға ауысты. Меніңше, бұл дұрыс шешім — денсаулық бәрінен қымбат.

— Енді азық-түлік бағасы туралы. Соңғы уақытта елде ет бағасы жиі талқыланып жүр. Үкімет «сиыр еті бойынша ыстық желі» де ашты. Қарағанды облысында ет бағасы қандай? Өнім өзімізден бе, әлде сырттан келе ме?

— Бізде сиыр еті сырттан әкелінбейді, өз өндірісіміз бар.

Біз фермерлердің делдалсыз, тікелей сатуына мүмкіндік жасап жатырмыз.

Қазір әлеуметтік дүкендер ашылып жатыр: фермер ол жерге келіп, ешқандай ақы төлемейді — ни коммуналдық, ни жалдау ақысы жоқ, тек өз өнімін сатады. Бұл дүкендер бірнеше ауданда жұмыс істеп тұр.

Сонымен қатар, әр сенбі сайын ауыл шаруашылығы жәрмеңкелері өткізіледі.

Жергілікті өндірушілер өнімдерін әкеледі, тұрғындар сол жерден сатып алады. Осылайша біз негізгі азық-түлік бағасын тұрақтандырып отырмыз.

Сонымен бірге ірі супермаркеттерге де өнім жеткізуге жағдай жасалды — делдал санын азайтып, бағаны ұстап тұрамыз.

Бұдан бөлек, біз нан бағасын да субсидиялаймыз: өндірушілерге арзан электр энергиясы мен белгіленген бағамен астық береміз.

— Ал еттің бағасы нақты қанша?

— Бұл қай бөлігін алатыныңызға байланысты. Сапалы ет — шамамен 4500 теңге, ал кеуде не жауырын бөлігі — 2500–3000 теңге.

— Өзiңiз ет сатып аласыз ба?

— Шыны керек, өзім жиі алмаймын. Кейде кешке үйде бірдеңе сұраса, дүкенге соғып кетемін. Аптасына екі-үш рет барамын.

— Ал азық-түлікті молынан бірден алып қоясыз ба?

— Жоқ, тек қажет болғанда ғана аламыз. Арнайы «үлкен сатып алу» жасамаймыз.

— Орташа чек қанша шығады?

— Әр жолы әртүрлі. Қымбат өнім алсаңыз — қымбат болады, жалпы бәрі халықтағыдай. Мысалы, колбасаны мүлде алмаймыз.

— Соңғы сұрақ — Нығматулиндер туралы. Кейбір отбасы мүшелеріне қатысты қылмыстық істер қозғалды. Бұрын «Қарағанды облысын бір ғана отбасы бақылап отырды» деген пікір айтылатын. Бұл рас па? Қазір жағдай қалай?

Анықтама: Нығматулиндер отбасы Қарағандыдан шыққан. Нұрлан Нығматулин әр жылдары Президент Әкімшілігін басқарды, Астана қаласы әкімінің орынбасары, Қарағанды облысының әкімі және үш шақырылым Мәжіліс төрағасы болды. Бұл қызметтен ол Қаңтар оқиғасынан кейін кетті. Оның егіз бауыры Ерлан Нығматулин өндіріс пен бизнесте жұмыс істеді, Мәжіліс пен Сенат депутаты болды. Ал үлкен ағасы Арғын Нығматулин де мемлекеттік қызметте және бизнес саласында еңбек етіп, облыстық мәслихат депутаты болған. Соңғы жылдары бұл отбасы атына түрлі айыптар тағылып жүр.

— Бұрын не болғанын білмеймін, бірақ қазір ондай ықпал жоқ.

Бұл мәселені ресми дереккөздерден сұраған жөн.

Біздің облысқа қатысты ешқандай проблема жоқ.

Иә, Ерлан Нығматулиннің зауыттары бар, олар жұмыс істеп тұр. Кей қиындықтар болса, олар өздері шешіп отыр.

Сондықтан облысқа қандай да бір әсер немесе ықпал бар деуге негіз жоқ.

— Яғни, мәселелерін өздері шешеді ғой?

— Иә, олар — бизнесмендер, өзі істеп, өздері шешеді.

Мәтінді әзірлеген – Алина Шашкина

Фото: Маржан Қуандыкова