Қарағандыда Оңтүстік-Шығыс пен Майқұдықты жалғайтын жаңа автожолдың бірінші учаскесі пайдалануға берілді. Төрт жолақты трасса үш қабатты асфальт-бетон жабынымен төселіп, заманауи талаптарға сай салынған.

Мұнда автотұрақтар, жаяу жүргіншілер жолдары мен веложолдар қарастырылған. Сонымен қатар жарықтандыру орнатылып, көгалдандыру жұмыстары жүргізілді. Тұрғындардың қолайлылығы үшін бұл бағытта №33 қоғамдық автобус қатынайтын болады.

Облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев жұмыс сапары барысында жаңа жолды аралап, мердігер ұйым өкілдерімен және жергілікті тұрғындармен кездесті.

Магистраль Мұқанов – Тәттімбет көшелерінің қиылысынан басталып, ұзындығы 5,9 шақырымды құрайды. Жол қарқынды дамып келе жатқан тұрғын аудан арқылы өтіп, Көгілдір тоғандар маңындағы Шығыс айналма трассасына шығады. Бұл шешім қала орталығындағы көлік жүктемесін азайтып, жол жүру уақытын едәуір қысқартуға мүмкіндік береді.

Бірінші учаскеде ауқымды жұмыстар атқарылды: нөсер кәріз жүйесі салынды, инженерлік желілер қайта жаңғыртылды. Жол бойына 65 жарық шамы орнатылып, жол белгілері мен таңбалар қойылды. Сондай-ақ 200-ден астам тал егілді.

– Биылғы жоспар толық көлемде орындалды. Алғашқы, ұзындығы 800 метрлік бөлік пайдалануға берілді. Қазір келесі учаскеде жер қазу жұмыстары жалғасып жатыр. Келесі жылы құрылыс Майқұдық бағытына қарай жалғасады, – деді Қарағанды қаласының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Ержан Көкүшев.

Тұрғындар құрылыс барысын үнемі бақылап, қоғамдық бақылау рөлін атқарған.

– Бұл үйге көшіп келгенімізге үш жыл болды. Осындай жақсы жолдың салынғанына өте қуаныштымыз. Қала дамып, келешекке сеніміміз артты. Тұрғындарға ыңғайлы жағдай жасалды. Енді қоғамдық көлікті пайдалану жеңілдейді, бұрын аялдамаға дейін ұзақ жаяу баруға тура келетін, – дейді қала тұрғыны Нина Леннова.

Ермағанбет Бөлекпаев Қарағандының көлік инфрақұрылымы белсенді дамып келе жатқанын атап өтті. Биылдың өзінде қалада 72 шақырым жол жөндеуден өтті. Оның айтуынша, Оңтүстік-Шығыс пен Майқұдықты жалғайтын жаңа магистраль – қаланың көлік жүйесі үшін аса маңызды әрі қажетті жоба.
Облыс әкімі сондай-ақ Бөкетов көшесіндегі жол құрылысының барысын қарап шықты.

Бұдан бөлек, тұрғындардың өтініші бойынша абаттандырылған Язев көшесіндегі жаңа гүлзарға барды. Қазір бұл аумақ – тұрғын үйлердің жанындағы жайлы демалыс орны. Мұнда спорт және балалар алаңдары орналасқан.

Ермағанбет Бөлекпаев Фёдоровка кентінде апатты жағдайдағы мектептің орнына салынып жатқан жаңа білім ошағының құрылысымен де танысты. Ескі ғимарат сүріліп, оның орнында 300 орындық заманауи мектеп салынуда.

Сапар барысында аймақ басшысы табысты жұмыс істеп, сұранысқа ие өнім шығарып отырған бірқатар жергілікті кәсіпорындарға барды.

Солардың бірі – газ қазандықтарын шығарып, оларды еліміздің барлық өңіріне жеткізеді.

Тағы бір кәсіпорында тұрмыстық химияның отандық өндірісі жолға қойылған. Ассортименті кең – сұйық сабыннан бастап кір жууға арналған гель мен кондиционерге дейін.

Ермағанбет Бөлекпаев кәсіпкерлермен өндірісті одан әрі дамыту және мемлекеттік қолдау тетіктерін талқылады.

