Биыл қазанда Бұқар жырау ауданына қарасты Ғабиден Мұстафин кентінде Нұра өзенінің үстінен жаңа көпір ашылып, тұрғындар қуанышқа бөленді.
Жергілікті тұрғындар үшін бұл – көптен күткен күн. Мұндағы ескі өткелді 2015 жылы көктемгі су тасқыны шайып кеткен еді. Сол қиын сәтте көптеген қазақстандықтар қол ұшын созып, тұрғындарға моральдық және материалдық көмек көрсетті. Зардап шеккендерге жаңа үйлер салынды. Алайда, өткен ғасырдың 60-жылдары салынған көпір бүлініп, содан бері кент тұрғындары Теміртауға жету үшін айналма жолмен шамамен бір сағаттай жүретін. 12 шақырымдық жол 40 шақырымға дейін ұзарды.
Жергілікті өзін-өзі басқару комитетінің төрағасы Татьяна Пчелинцева жаңа көпірдің салынуы ауыл өмірін айтарлықтай жеңілдеткен тарихи сәт екенін айтады. Енді ауыл мен Теміртау арасындағы қатынас қайта жанданды. Көлік қозғалысы қауіпсіз әрі ыңғайлы болды.
– Шынында да, біздің көпір апатты жағдайда еді. Табиғаттың тегеурініне төтеп бере алмай, тіреулері қисайып, жарамсыз күйге түсті. Сондықтан, жаңа өткел салу қажеттілігі туды. Әрине, біз бұл мәселе бойынша түрлі мекемелерге жүгіндік, бақытымызға орай, біздің өтініштеріміз ескеріліп, қолдау тапты. Осы мәселені көтеріп, белсенді жұмыс жүргізгендердің қатарында тұрғындарымыз Петр Федченко мен Лев Базелев болды. Мысалы, Петр Афанасьевич – зейнеткер, жасы 86-да. Бірақ, ол әрдайым маңызды мәселелердің шешілуіне мұрындық боп жүреді. Бұл – орасан еңбек! Көпір құрылысына да біршама дайындық жұмыстары жүргізілді. Жобаны іске асыру 2023 жылы басталды. Міне, біз үшін көптен күткен оқиға жүзеге асты, – дейді Татьяна Пчелинцева.
Ғабиден Мұстафин кентінің тұрғындары мұндай сый үшін шын жүректен алғыс айтуда. Олар, тіпті, ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың атына хат жолдап, өз ризашылықтарын жеткізген.
– Біз көпірдің құрылысына қатысты өтінішпен түрлі мемлекеттік органдарға хат жібердік. Әрине, бұл оңай мәселе болған жоқ, қомақты қаржы бөлуді қажет етті. Өтінішіміз назардан тыс қалмады. Көмек көрсеткен барша жанға облысымыздың депутаттарына да, жергілікті билік өкілдеріне де риясыз алғыс айтамыз, – деген тұрғындар Мемлекет басшысына ризашылықтарын білдірді. Тұрғындар жаңа көпір өз өңірлерінің дамуына тың серпін береді деп сенеді. Өткел тек көлік қозғалысын арттырып, тасымалды жеңілдетіп қана қоймай, жұмыспен қамтуға да қосымша мүмкіндік ашады. Ең бастысы, қарапайым ауыл тұрғындарының тұрмысы едәуір жақсарады
Дереккөз: Ortalyq Qazaqstan
