BANNER

Қарағандыда 60 жылдан астам тарихы бар мектеп жаңа өмірге қадам басты

Фото: Қарағанды облысы әкімдігі сайтынан | Gov.kz

Қарағанды облысында білім беру нысандары кезең-кезеңімен жаңартылып жатыр. Реновацияның басты мақсаты – балалар мен ұстаздарға қауіпсіз әрі жайлы орта қалыптастыру. 

Облыс орталығында 63 жыл бұрын ЖБИ шағын ауданында салынған №50 мектептің ғимараты жаңарып, заманауи келбетке енді. Мұнда сондай-ақ жаңа спорт залы мен асханасы бар қосымша ғимараттың құрылысы аяқталуға жақын.

Облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев жұмыс сапары барысында мектепке барып, жүргізіліп жатқан жөндеу жұмыстарының сапасын тексерді.

Бүгінде №50 мектепте 576 оқушы білім алады. Биыл бірінші қабат толық жаңартылды – ғимарат жылы, кең және жарық бола түсті. 

Сыныптар жаңа жиһазбен және заманауи құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген. 

Келесі жылы жөндеу жұмыстары жоғарғы қабаттарда жалғасады.

Жақын уақытта оқушылардың пайдалануына жаңа спорт залы

мен асхана берілмек. 

Нысанды пайдалануға тапсыруға дайындап жатыр.

Облыс әкімі құрылыс сапасын қайта тексеріп, спорт залы балаларға жылы әрі жайлы болуын қатаң тапсырды.

Сапар барысында аймақ басшысы Шахтёрский кентіне де барды. 

Мұнда ұзақ жылдар бойы шешілмей келген жылу мәселесі оң шешімін тапты. 

Соңғы 30 жыл бойы орталық жылыту жүйесі болмағандықтан, 58 үйдің тұрғындары үйлерін пешпен немесе электр қуатымен жылытқан. 

Енді бұл елді мекен кезең-кезеңімен орталық жылу жүйесіне қосылды. 

Бүгінде барлық көпқабатты үйлер толық қамтылған. 

Тұрғындар үй ішіндегі жылу жүйесін қалпына келтіру үшін Қарағанды облыстық тұрғын үй қорының жаңғырту орталығынан пайызсыз несие ала алды.

Сонымен қатар Ермағанбет Бөлекпаев Пришахтинскідегі жаңа тұрғын үй құрылысымен танысты. Методическая көшесінде тұрғызылған 45 пәтерлі үй кезекте тұрған азаматтарға арналған.

Бірінші қабаттағы пәтерлер мүмкіндігі шектеулі тұрғындарға бейімделген, олар үшін арнайы көтергіш орнатылған. 

Барлық пәтерлерге өрт хабарлау жүйелері орнатылған. Қазіргі таңда мердігер компания абаттандыру жұмыстарын аяқтап жатыр, содан кейін нысан қабылдауға дайын болады.

Облыс әкімі сондай-ақ республикалық «Жас ұлан» мектебіне барды. 

Мұнда жергілікті бюджет есебінен курсанттарға арналған казарма үлгісіндегі жатақхана жөндеуден өтті. 

Ал негізгі ғимараттағы асхананы жөндеу жұмыстары соңғы кезеңге жетті.