Қарағанды облысы мемлекеттік реттеуге жататын дәрі-дәрмектердің бағасын кезең-кезеңімен төмендетуді бастады. Бұл бағаның ашықтығын арттыруға және негізсіз үстеме құндарды жоюға бағытталған жаңа баға белгілеу механизмі арқылы мүмкін болды.
Бұл туралы облыстық Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің департаменті өкілдері өңірлік коммуникациялар қызметінде хабарлады.
Қазіргі таңда Қазақстанның фармацевтикалық нарығында 6 мыңнан астам дәрі-дәрмек бар. Олардың 5 408-і мемлекеттік реттеуге жатса, 4 994-і үшін шекті бағалар бекітілген. 2024 жылы Денсаулық сақтау министрлігі бірқатар дәрілердің бағасын ККТМК мен МӘМС аясында және бөлшек саудада қайта қарады. Ведомство мәліметі бойынша, көптеген препараттардың бағасы шамамен 30%-ға төмендеді. Бұл, сонымен қатар, енді түпнұсқа дәрілерге қарағанда айтарлықтай арзанырақ болатын дженериктерге де қатысты.
— Бағаның төмендеуі препарат сапасына әсер етпейді. Министрліктің негізгі мақсаты — халыққа қолжетімді және сенімді дәрілерді жеткізу. Жаңа механизм маркетингтік және транспорттық шығыстарды бағаға қоспайды, бұл да бағаның арзандауына мүмкіндік береді, — деп түсіндірді фармацевтикалық қызметті бақылау бөлімінің міндетін атқарушы басшысы Әсем Ештаева.
Департамент мамандары ай сайын ең көп сұранысқа ие 50 препараттың бағасын бес топ бойынша бақылайды: вирусқа қарсы, қабынуға қарсы, антибактериалды, жүрек-қан тамырлары үшін және ас қорыту жүйесін емдейтін дәрілер. Бағаның төмендеуі баяу жүруі мүмкін, себебі жаңа бұйрық күшіне енгенге дейін жиналған ескі қорлар әлі сатылымға түсуде. Мұндай партиялар бұрынғы сатып алу бағасы бойынша сатылады, сондықтан арзандату біртіндеп іске асады.
2024 жылғы 1 шілдеден бастап барлық өндірілетін дәрілер үшін міндетті маркіровка енгізілді. Препарат туралы ақпаратты Naqty Onim мобильді қосымшасы арқылы, ал шекті бағаларды DariKZ қосымшасы немесе Adilet.kz платформасы арқылы тексеруге болады.
— Кез келген сатып алушы осы сервистерді орнатып, өзі үшін қызықты дәрі-дәрмектің бағасын тексере алады, — деп атап өтті Қарағанды облысы Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің департаменті басшысының орынбасары Сабина Нагметуллина.
Дәрі-дәрмек немесе медициналық бұйымдардың бағасы шектен асқанын байқаса, тұрғындар egov.kz және eotinish.gov.kz порталдары арқылы өтініш жолдай алады, департаментке жазбаша арыз тапсыра алады (Қарағанды қ., Терешкова к-сі, 28/1), немесе DariKZ және Naqty Onim қосымшаларын пайдалана алады. Шағымды қарастыру үшін дәріхананың мекенжайын көрсету және растайтын құжаттарды қоса беру маңызды. Шекті бағаны асыру үшін әкімшілік жауапкершілік қарастырылған.
Дереккөз: Gov.kz
