Қарқаралы ауданына қарасты Әлімхан Ермеков атындағы орта мектепте «Заң және тәртіп» идеологемасы аясында ашылған «Жас сақшы» полиция сыныбы өз жұмысын бастады.

Арнайы формалық киім киген 5-сыныптың он алты оқушысы «Жас сақшы» қатарына қабылданып, салтанатты түрде ант берді. Жас тәртіп сақшылары мектептің қоғамдық өміріне белсенді қатысуға, тәртіп сақтауға, заңды құрметтеуге және жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алуға атсалысуға дайын екендерін білдірді.

Оқушыларды құттықтаған Қарағанды облысы Полиция департаменті бастығының орынбасары Нүридин Дауылбаев оларға оқуында табыс тілеп, «Жас сақшы» сыныбында білім алу елдің жауапты, саналы әрі отансүйгіш азаматтарын қалыптастырудағы маңызды кезең болатынын атап өтті. Сондай-ақ ол департамент бастығының атынан мектеп әкімшілігіне, педагогтерге, ата-аналар комитетіне және демеушілерге жас ұрпақты тәрбиелеуге қосқан үлестері үшін алғыс хаттар табыстады.

Сонымен қатар мектепте қызметтік борышын атқару кезінде балаларды құтқару барысында қаза тапқан ішкі істер органдарының қызметкері Қайрат Жұмабековтің рухына арналған арнайы кабинет ашылды.

— «Жас сақшы» сыныбына қабылдану және ант беру — мен үшін үлкен жауапкершілік. Маған көрсетілген сенім үшін ұстаздарымызға, ата-аналарымызға және полиция қызметкерлеріне алғыс айтамын. Тәртіпті болып, заңды құрметтеп, Отанымa адал қызмет етуге тырысамын, — деп бөлісті 5 «В» сынып оқушысы Есет Сезім.
