Алматы облысында таулы аймақтағы тұрақсыз ауа райының салдарынан топырақ массасы өздігінен сырғыды. Оқиға Талғар ауданына қарасты Бесағаш ауылындағы коттедж қалашығында тіркелді, деп хабарлады Life09 ақпарат агенттігі Stan.kz-ке сілтеме жасап.
Алматы облысының Төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, 7–8 ақпан күндері жауған қар мен құбылмалы ауа райы әсерінен топырақ шамадан тыс ылғалданып, тау баурайынан төмен қарай жылжыған.
Салдарынан жеке тұрғын үй аумағындағы навес пен жеңіл автокөлік зақымданған. Алайда тұрғын үйлердің өзіне және олардың негізгі тірек конструкцияларына нұқсан келмеген. Зардап шеккендер мен адам шығыны жоқ.
Қазіргі таңда жағдай облыстық ТЖД-ның бақылауында. Оқиға орнында департамент басшылығы мен жедел қызмет өкілдері жұмыс істеуде. Қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында аумаққа жарық мұнарасы орнатылған.
Сонымен қатар жақын маңдағы тұрғындарға қауіпсіздік талаптарын сақтау және табиғи құбылыстар қайталанған жағдайда қалай әрекет ету керектігі жөнінде түсіндіру жұмыстары жүргізілді.
Салдарын жою жұмыстарына Алматы облысының Төтенше жағдайлар департаменті, жергілікті атқарушы органдар, полиция қызметкерлері және ҚР ТЖМ-ның «Қазселденқорғау» мекемесінің шамамен 20 қызметкері мен 9 арнайы техникасы тартылды.
Алматы облысында тау баурайынан топырақ сырғып, тұрғын үй аумағына зиян келтірді
Видеодан скриншот
