Астанада алты ай бойы бір әйелдің тынышын алған қудалау ісі сот залында нүктесін тапты. Қала тұрғыны бұғаттаулар мен сан мәрте жасалған ескертулерге қарамастан, жәбірленушіні тұрғылықты мекенжайы мен жұмыс орнына дейін аңдып, жүйкесіне салмақ салған. Күн сайын қайталанған бұл әрекеттер әйелдің өмірін үрей мен қорқынышқа толтырған психологиялық қысымға айналған.
Сотта істің барлық мән-жайы сараланып, айыпталушының сталкинг жасағаны дәлелденді. Нәтижесінде ол кінәлі деп танылып, 100 сағат қоғамдық жұмысқа жегілді әрі келтірілген моральдық зиянды өтеуге міндеттелді. Сонымен қатар, бұрын тағайындалған жазаның талаптарын бұзғаны ескеріліп, өтелмей қалған бөлігі бас бостандығынан айыру жазасына ауыстырылды.
Осылайша, жеке кеңістікке қол сұғып, өзгеге психологиялық зиян келтірген әрекет заң алдында жауапсыз қалмады. Бұл туралы Life09 ақпарат агенттігі baq.kz сайтына сілтеме жасап хабарлайды.
Астанада әйелді алты ай аңдыған азамат сотталды
Фото: Canva
