BANNER

Ұлттық ұлан сарбазы Мұқағалидың 50-ге жуық өлеңін жатқа біледі

Фото: ҚР ІІМ ҰҰ «Орталық» ӨңҚ баспасөз қызметі

Мұқағали Мақатаевтың туған күні қарсаңында Қарағанды қаласындағы 6505 әскери бөлімінде борышын өтеп жүрген сарбаздар рухани мұраны ұлықтауды ұмыт қалдырған жоқ. Өз отанына қызмет етіп жүрген жас сарбаздардың арасында Мұқағали шығармашылығына жастайынан құмар болып өскен жігіттер бар. Солардың бірі – қатардағы Әбдуәлі Мұхамедәлі. Бала күнінен әдебиетке әуес болған Әбдуәлі мектеп кезінен бастап Мұқағалидың өлеңдерін жаттап өскен.

Бүгінде ол ақынның 50-ге жуық өлеңін жатқа біледі.

– Мұқағалидың жырлары менің жүрегіме жақын. Әскери борышымды атқарып жүрген кезімде де, бос уақытымда да өлеңдерін қайталап, ойымды жинақтап, рухани күш аламын, – дейді ұландық сарбаз.

Әбдуәлі Мұхамедәлінің поэзияға қызығушылығы тек Мұқағалимен шектелмейді: ол қазақ әдебиетінің өзге де көрнекті ақын-жазушыларының өлеңдерін жатқа біледі және әскери бөлімдегі мәдени іс-шараларға белсенді түрде қатысып, өз қоңыр даусымен мерекелік кештердің көркін қыздырады.

Өнер жолындағы талпынысы оны түрлі байқауларға жетеледі. Әбдуәлі бірнеше көркемсөз оқу жарыстарына қатысып, жүлделі орындарға ие болған. Соның ішінде 2017 жылы Ақтөбе қаласында өткен республикалық көркем оқу байқауында ІІ орынды иеленуі – оның шығармашылық жолындағы елеулі жетістіктерінің бірі.

Еске салсақ, биыл ақиық ақынның 95 жылдығы атап өтілді.

Қазіргі таңда Әбдуәлі Мұхамедәлі тек әскери борышын орындап қана қоймай, руханиятқа да үлес қосып, қос әріптестерімен бірге ұлттық поэзияны дәріптеуде.