BANNER

Қарағанды облысы мемлекеттік қызмет көрсету сапасы бойынша көш бастады

Фото: Қарағанды облысы әкімдігі сайтынан | Gov.kz

Қарағанды облысы мемлекеттік қызмет алушылардың қанағаттану деңгейі бойынша республикада бірінші орынға шықты. Бұл көрсеткіш 2025 жыл қорытындысы бойынша Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің мемлекеттік әлеуметтік тапсырысы аясында жүргізілген қоғамдық мониторинг нәтижесінде анықталды. Бұл туралы аппараттық кеңесте облыстың ақпараттандыру, мемлекеттік қызметтер көрсету және архивтер басқармасының басшысы Константин Ильницкий мәлімдеді.

Өңірде басты назар қолжетімділік пен қарапайымдылыққа аударылған. Бүгінде мемлекеттік қызметтердің басым бөлігі электрондық форматқа көшірілген. Тұрғындар қызметтерді электрондық үкімет порталы, онлайн-платформалар және мобильді қосымшалар арқылы ала алады. Қосымша ретінде мыңнан астам өзіне-өзі қызмет көрсету бұрышы ұйымдастырылған — онда азаматтар кеңесшілердің көмегімен электрондық қызметтерге қол жеткізе алады.

Облыста 13 азаматтарды қабылдау орталығы жұмыс істейді. Сонымен қатар салалық қалалық кеңес беру және сервистік көмек көрсету орталықтары бар: облыстың жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы жанындағы Әлеуметтік қызметтер орталығы, Қарағанды қаласының жұмыспен қамту бөліміндегі Отбасын қолдау орталығы, сондай-ақ Мемлекеттік және сервистік қызметтер орталығы.

Халыққа қызмет көрсету орталықтары жоқ ауылдық елді мекендердің тұрғындары үшін мемлекеттік қызметтердің қолжетімділігін қамтамасыз ету бағытында да жүйелі жұмыс жүргізілуде.

— Пилоттық режимде Абай ауданында 15 ауыл әкімін және 16 маманды ең сұранысқа ие қызмет түрлері бойынша оқыттық. Қазір олар ХҚКО жоқ елді мекендерде азаматтарға электрондық мемлекеттік қызметтерді алу бойынша кеңес беріп, сүйемелдеу көрсетуде. Бұл тәжірибе облыстың басқа аудандарында да жалғасады, — деді басқарма басшысы Константин Ильницкий.

Өткен жылдың қорытындысы бойынша қызмет көрсету барысында анықталған заң бұзушылықтар саны азайған. Шағымдар екі есеге қысқарды. Екі жүзге жуық бақылау іс-шарасы өткізілді, мемлекеттік органдар қызметкерлері үшін оқыту семинарлары ұйымдастырылды, проблемалық рәсімдердің бір бөлігі қайта қаралды.

2026 жылы оқыту мен бақылау шараларын кеңейту жоспарланып отыр: тексерулер мен семинарлар саны артады, даярланған мамандар қатары көбейеді. 100-ден астам мемлекеттік қызметші Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының облыстық филиалында «Мемлекеттік қызметтер көрсету» бағыты бойынша оқудан өтеді.

Облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев мемлекеттік қызметтердің сапасын тұрақты бақылауда ұстаудың маңыздылығын атап өтті.

— Мемлекеттік қызмет көрсету сапасына жүйелі әрі тұрақты бақылау жүргізу қажет. Заңнама талаптарының бұзылуына жол бермеу шараларын күшейтіп, белгіленген мерзімдердің қатаң сақталуын қамтамасыз ету керек. Барлық нормативтік талаптардың орындалуына мониторинг тұрақты негізде жүргізілуі тиіс, — деді өңір басшысы.