Қарағанды облысында spina bifida белгілерін ерте анықтау бойынша пилоттық жоба іске қосылмақ. Бұл – ұрықтың омыртқа және жұлын жүйесінің сирек кездесетін туа біткен патологиясы. Жобаны Yandex Qazaqstan және облыстық денсаулық сақтау басқармасы бастады. Жоба облыс әкімдігінің қолдауымен жүзеге асырылады.

Жобаның негізінде – Yandex Cloud бұлтты платформасы және Қоғам үшін технологиялар орталығының сараптамасына сүйеніп жасалған УДЗ суреттерін талдайтын жасанды интеллект жүйесі жатыр. Технология 11–14 апталардағы жүкті әйелдердің бірінші скринингі кезінде жасалған суреттермен жұмыс істеуге арналған.

Ынтымақтастық туралы меморандумға қол қою кезінде Қарағанды облысы әкімінің орынбасары Ораз Тәуірбеков бұл құрал жақын арада қазақстандық дәрігерлер үшін тиімді жұмыс істейтініне сенім білдірді.
Пилоттық аймақты таңдау кездейсоқ емес, бұл өңірдің цифрландыру деңгейімен байланысты.

– Қарағанды облысы денсаулық сақтау саласында цифрландыру бойынша үздіктер қатарында. Сондықтан осы пилоттық жобаны дәл бізде іске қосуды шештік. Мұнда Damumed және МӘМС жобалары жүзеге асырылды. Жасанды интеллект мамандары мен Yandex өкілдері жеке келіп, жағдайды бағалап, біздің өңірді жобада қатысуға лайық деп растады, – деді денсаулық сақтау басқармасы Ана және бала бөлімінің басшысы Аслан Теміров.

Пилоттық жоба Қарағанды қаласындағы №3 емханадан басталады. Апта бойы компания мамандары дәрігерлерді оқытатын болады. Содан кейін жүйе кезең-кезеңімен облыстың барлық емханаларына енгізіледі, онда скринингтік УДЗ жүргізіледі.

Қосымша жабдық қажет емес: тек бағдарламалық қамтамасыз ету орнатылады. Жүйе алғашқы скрининг кезінде қолданылады және жасанды интеллект арқылы жүкті әйелдердің УДЗ нәтижелерін талдайды. Өңдеу барысында тек суреттер пайдаланылады, науқастардың жеке деректері қолданылмайды. Деректерді сақтау, өңдеу және нейрожелілерді оқыту үшін Yandex Cloud бұлтты технологиялары қолданылады.
– Yandex Cloud технологиялары көптеген әлеуметтік маңызды жобаларда пайдаланылады. Spina bifida белгілерін ерте анықтау – біз көмектесе алатын тағы бір маңызды бағыт. Нейрожелі дәрігердің көмекшісі ретінде шешім қабылдауда қолдау көрсетеді. Дәрігердің кәсіби бағасы соңғы шешімді қабылдауда маңызды, ал бұлтты және ЖИ технологиялары адам көзі байқамауы мүмкін ұсақ бөлшектерді суреттерден анықтауға мүмкіндік береді, – деді Yandex Qazaqstan Қоғам үшін технологиялар орталығының басшысы Анна Лемякина.

Spina bifida – ұрықта омыртқа мен жұлын дұрыс дамымайтын туа біткен ауру. Ол шамамен әр мың жаңа туған нәрестенің біреуінде кездеседі. Ауыр түрінде ауру паралич пен ішкі ағзалардың жұмысында бұзылыстар тудырады. Ерте диагностика уақтылы емдеуге, соның ішінде 26-шы аптаға дейін ішкі жатырішілік операция жасау мүмкіндігіне жол ашады.
Ауру белгілерін анықтауда жасанды интеллект қолдану идеясы «Спина бифида» қорының бастамасы болып табылады. Жобада академик В. И. Кулаков атындағы Ұлттық акушерлік, гинекологиялық және перинатологиялық ғылыми-зерттеу орталығының сарапшылары қатысады, мұнда технология бұған дейін апробациядан өтті.
Қарағанды облысында пилоттық бағдарламаның нәтижелері жобаны Қазақстанның басқа өңірлерінде кеңейтуге негіз болады.
Дереккөз: Gov.kz
