BANNER

Ермағанбет Бөлекпаев қарағандылық кәсіпкерлермен өзекті мәселелерді талқылады

gov.kz

Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев өңір кәсіпкерлерімен кездесті. Жиын Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің инвесторлармен жұмысты күшейту және жаңа инвестициялық циклді іске қосу жөніндегі тапсырмаларын орындау аясында өтті. Өңір басшысы экономиканың тұрақтылығын қамтамасыз етуде нақты сектордың рөлі ерекше екенін атап өтті. Ашық диалог форматында өткен кездесуде кәсіпкерлер өздерін алаңдатқан мәселелерді көтеруге мүмкіндік алды.

— Бүгінгі кездесуіміз экономика үшін бетбұрыс кезеңінде өтіп отыр. Мемлекеттік саясаттың негізгі бағыты — экономиканың өзін-өзі қамтамасыз ете алатын деңгейге жетуі. Бұл үдерісте басты рөл дәл сіздерге — экономиканың нақты секторындағы кәсіпорындарға жүктеледі. Сіздер өңірдің сыртқы сын-қатерлерге төтеп беруін қамтамасыз ететін әрі сапалы жұмыс орындарын құратын негізгі тірексіздер. Мемлекет пен бизнес — экономикалық өсімге, тұрақтылыққа және қоғам әл-ауқатын арттыруға бағытталған стратегиялық серіктестер, — деді Ермағанбет Бөлекпаев.

Мемлекеттік қолдау шаралары туралы Қарағанды облысының кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының басшысы Асқар Ғазалиев баяндады. Оның айтуынша, соңғы үш жылда өңірге 7,6 млрд доллар инвестиция тартылып, 50-ден астам жоба іске асырылған және шамамен 10 мың жұмыс орны құрылған.

Әлеуетті инвесторлармен жұмыс және жобаларды сүйемелдеу «бір терезе» қағидаты бойынша жүргізіледі.

— Бүгінде өңірдің инвестициялық портфелінде жалпы құны 6,2 трлн теңгені құрайтын 146 жоба бар. Оның ішінде 129 жоба Ұлттық цифрлық инвестициялық платформаға енгізілген. Облыс әкімі төрағалық ететін Өңірлік инвестициялық штаб аясында 19 отырыс өткізіліп, 150-ден астам мәселе қаралды. Олар инженерлік инфрақұрылым тартудан бастап лицензиялау және қаржыландыруға дейінгі мәселелерді қамтиды, — деді Асқар Ғазалиев.

Өңірде инвестицияға тапсырыс қағидаты қолданылады: басым жобалардың тізімі жасалып, ол Сыртқы істер министрлігі мен ұлттық компания KAZAKH INVEST-тің шетелдегі өкілдіктері арқылы әлеуетті инвесторларға ұсынылады. Қазіргі уақытта ірі халықаралық компаниялардың қатысуымен бірқатар жобалар жүзеге асырылып жатыр.

Инвесторлардың құқықтарын қорғауға да ерекше назар аударылады. Прокурорлық сүзгі тетігіне сәйкес, бизнеске қатысты кез келген шектеу шаралары прокуратурамен келісу арқылы ғана қабылданады.

Өңірде мемлекеттік қолдаудың барлық құралдары кеңінен қолданылуда. Олардың қатарында несиелерді субсидиялау және кепілдендіру, гранттық қаржыландыру, сондай-ақ инженерлік инфрақұрылым тарту бар. Сонымен қатар облыста кәсіпкерлікті қолдаудың «Іскер аймақ» атты жаңа бағдарламасы іске қосылды. Ал бизнес, ғылым және мемлекет арасындағы ынтымақтастықты дамыту мақсатында Qartech индустриялық-инновациялық хабы құрылған.

Кездесу барысында кәсіпкерлер жергілікті өндірісті заңсыз импорт пен демпингтен қорғау, электр энергиясымен қамтамасыз ету, сондай-ақ қазақстандық тауар өндірушілер тізіліміне енгізу мәселелері бойынша ұсыныстарын айтты. Барлық көтерілген мәселелер назардан тыс қалмайды.

Ермағанбет Бөлекпаев экономикалық трансформация жағдайында негізгі міндеттердің бірі — қолайлы инвестициялық ахуал қалыптастыру және бизнес мәселелерін жедел шешу екенін атап өтті. Мұндай кездесулер кәсіпкерлермен тұрақты түрде өткізілетін болады. 

Дереккөз: Gov.kz