Қазақстандықтар мамыр айынан бастап домбыраны ұшақта емін-еркін тасымалдай алады

Фото: Life09

Қазақстанда домбыраны ұшақпен тасымалдауға рұқсат етілмек, деп хабарлайды Life09 ақпарат агенттігі Stan.kz-ке сілтеме жасап.

Мұны Көлік вице-министрі Талғат Ластаев мәлімдеді. Оның айтуынша, қазір Азаматтық авиация комитетіне жолаушылар, жүк және багаж тасымалы қағидаларына өзгеріс енгізу тапсырылған.

“Қазір осы мәселе бойынша жұмыс жүріп жатыр. Музыкалық аспаптарды, оның ішінде домбыраны тасымалдауды заңнамалық тұрғыда реттеу қажет.  Жақын арада жолаушыларға түсінікті, нақты ережелер енгіземіз. Онда аспаптарды қалай тасымалдау керегі және қандай рәсімдер қолданылатыны анық көрсетіледі”, – деді вице-министр.

Оның сөзінше, бұл шешім шамамен бір ай ішінде қабылдануы мүмкін. Жаңа талаптар барлық әуе компанияларына ортақ болады. Министрлік бұл қадам қоғам сұранысына байланысты қолға алынғанын айтты.

“Мұндай жағдайлар бұған дейін де болған. Сондықтан барлық әуе компания басшылыққа алатын бірыңғай ереже қажет. Қазір Азаматтық авиация комитеті осы бағытта белсенді жұмыс істеп жатыр”, – деді ол.

Вице-министрдің айтуынша, аспаптарды салонда тасымалдау мәселесі олардың көлеміне байланысты шешіледі.

“Қазір бұл мәселе талқыланып жатыр. Барлығы аспаптың нақты өлшеміне байланысты болады. Алдын ала хабарлау тәртібі де енгізілуі мүмкін. Жолаушы музыкалық аспапты қалай дұрыс әрі еш қиындықсыз тасымалдау керегін нақты білуі тиіс”, – деді Талғат Ластаев.

Егер өзгерістер қабылданса, қазақстандықтар музыкалық аспаптарды жаңа ереже бойынша мамыр айынан бастап тасымалдай алады.