Қарағанды облысында 13 жастағы жасөспірім іздестіріліп жатыр

Фото: Life09

2 сәуір күні Абай аудандық полиция басқармасының кезекші бөліміне 13 жастағы жасөспірімнің жоғалып кеткені туралы хабарлама түсті.

Хабар алынған сәттен бастап жедел түрде дабыл көтеріліп, Абай қалалық полиция басқармасы мен Топар полиция бөлімінің барлық жеке құрамы іздестіру жұмыстарына жұмылдырылды. Алғашқы минуттардан-ақ іздеу күштері тиімді үйлестіріліп, кең ауқымды іздеу шаралары басталды. Жақын маңдағы аумақтар түгел тексеріліп, баланың болуы мүмкін бағыттары жан-жақты қарастырылуда.

Іздеуге төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері, еріктілер және Ұлттық ұлан әскери қызметшілері де тартылды. Қиын қолжетімді аумақтарды тексеру үшін тікұшақ пен ұшқышсыз ұшу аппараты қолданылып жатыр.

Қазіргі уақытта іздестіру жұмыстары қарқынды түрде жалғасуда және іс облыстық полиция басшылығының ерекше бақылауында.

Дереккөз: Қарағанды облысының ПД баспасөз қызметі