29011 әскери бөлімінің бас старшинасы Ербол Қалжанов 200 шақырымдық ультрамарафонды еңсеріп, бұл жүгірісті Отан қорғаушылар күніне арнады, деп хабарлайды Life09 ақпарат агенттігі Stan.kz-ке сілтеме жасап.
Ақтау гарнизонының баспасөз қызметінің жетекшісі, майор Нұрбол Шалабаевтың айтуынша, ультрамарафон бағытымен Ақтаудан Түпқараған ауданындағы Қызылөзен ауылына дейін барып, кері қайтқан. Қазақстан Қарулы Күштері Әскери-теңіз күштерінің 29011 әскери бөліміндегі арнайы бөлімше ротасының бөлімше командирі, бас старшина Ербол Қалжанов 200 шақырымды 33 сағат 21 минутта жүгіріп өтті.
Бұған дейін Ербол қалалық және облыстық сауықтыру марафондарына тұрақты қатысып келген, бірақ мұндай ұзақ қашықтықта алғаш рет жүгірді. Әскери қызметкер спортпен бала кезінен айналысады. Қазір дене шынықтыру оның қызметінің маңызды бөлігіне айналған. Ол әсіресе, табиғат аясындағы жаттығуларға ерекше көңіл бөледі.
Бас старшинаның айтуынша, Каспий теңізі жағалауының климаты мен жер бедері төзімділікті дамытуға өте қолайлы.
"Мен үшін ультрамарафон – бұл ең алдымен өз мүмкіндіктерім мен рухани күшімді сынау. Әрбір әскери қызметші үнемі өзін жетілдіріп отыруы керек деп есептеймін. Спорт тек денсаулықты нығайтып қана қоймай, мінезді де шыңдайды", — деді Ербол Қалжанов.