Қарқаралының көрікті табиғаты аясында ұлттық сусынның қадірін арттырып, өңірдің туристік әлеуетін танытуды көздеген ауқымды этно-фестивальдің мерекелік бағдарламасы басталды. Қарағанды облысы әкімдігінің қолдауымен ұйымдастырылған шараға аймақтың әр түкпірінен қымыз өндірушілер, шаруалар, туристер мен ұлттық құндылыққа бейжай қарамайтын жұртшылық жиналды.
Биылғы байқауға облыс бойынша 37 қымыз өндіруші қатысуда. Фестиваль алаңына жалпы көлемі 20 тоннаға жуық қымыз әкелінген. Ұйымдастырушылардың айтуынша, қатысушыларды іріктеу барысында өнім сапасы мен өндіріс мәдениетіне ерекше мән берілген. Байқауға өтінім білдіргендердің саны 50-ден асқанымен, талапқа сай келген таңдаулы өндірушілер ғана додаға жіберілді.
Жобаның авторы Жұмажан Қалтаевтың айтуынша, бұл байқау тек дәм жарыстыру емес, қымыз өндірісін жүйелі жолға қоюға, ұлттық сусынның сапасын арттыруға және оны кең нарыққа шығаруға бағытталған маңызды қадам.

– Ең алдымен, байқауға ұсынылған қымыздың барлығы зертханалық тексерістен өтті. Әрбір өндірушінің өнімі жіті қаралды. Қатысушылардың барлығы – өз қолымен жылқы сауып, қымыз баптап отырған кәсіби шаруалар. Қымыздың тазалығына айрықша көңіл бөлдік. Қарағандыда жүргізілген зертханалық сараптама нәтижесінде ішек таяқшасы немесе өзге де жат бактериялар анықталған жоқ. Демек, өнімдердің таза әрі талапқа сай екеніне көз жеткіздік, – деді жоба авторы Жұмажан Қалтаев.
Оның сөзінше, биыл ұсақ көлемде ғана өнім дайындайтын өндірушілерге емес, тұрақты түрде қымыз өндіріп, оны сапалы деңгейде ұсына алатын шаруашылықтарға басымдық берілген. Бұл талап фестивальдің салмағын арттырып қана қоймай, қымыз өндірісіндегі жауапкершілікті күшейтуді көздейді. Үздік қымызды 8 адамнан құралған қазылар алқасы анықтайды. Олардың қатарында биохимиктер, ғалымдар, қымыз зерттеушілері және қоғам өкілдері бар. Әділ қазылар сусынның дәміне, бабына, табиғилығына, сақталу сапасына және жалпы өндірістік мәдениетіне қарай баға береді. Әр сарапшы арнайы бағалау парағы арқылы өз қорытындысын шығарады. Биылғы байқаудың тағы бір ерекшелігі – халықтық дауыс беру жүйесінің енгізілуі. Ұйымдастырушылар онлайн дауыс беруді қарастырған. Егер фестиваль алаңында интернет байланысы тұрақты болса, дауыс беру электронды форматта өтеді. Ал байланыс сапасы мүмкіндік бермеген жағдайда, халық таңдауы оффлайн тәртіппен есепке алынады.
– Қымыз – қазақтың болмысымен біте қайнасқан сусын. Сондықтан оның бағасын тек мамандар ғана емес, халық та беруі керек. Келген қонақтар өзіне ұнаған өнімге дауыс беріп, байқаудың әділ әрі ашық өтуіне үлес қоса алады, – деді Жұмажан Қалтаев.
Байқаудың жалпы жүлде қоры – 10 миллион теңге. Бас жүлде иегеріне 5 миллион теңге табысталса, І орынға 3 миллион, ІІ орынға 1,5 миллион теңге қарастырылған. Сонымен қатар, түрлі аталымдар бойынша да жеңімпаздар марапатталмақ.
Мағжан ҚҰДАЙБЕРГЕН
Ortalyq.kz