«BaiQymyz» этно-гастрофестивалінің бас жүлдесі Ақтерек ауылына бұйырды

Суреттерді түсірген А. Марченко

Қарқаралы баурайында өткен «BaiQymyz» аймақаралық қымыз байқауының жеңімпаздары анықталды. Қазылар алқасының бағасы мен халық ықыласы таразыға түскен байқауда қымыздың дәмі, бабы, табиғилығы, ұсынылу мәдениеті және өндірушілердің дайындық деңгейі ескерілді.

байқымыз

Байқауда І орын Қарқаралы ауданы, Ақтерек ауылынан келген «Мұхамед-Әли» жеке кәсіпкерлігіне бұйырды. Жеңімпазға 5 миллион теңге табысталды. ІІ орынды Қарқаралы ауданы, Тоқпан ауылынан келген «Тоқпан қымызы», яғни «Бақтияр» шаруақожалығы иеленіп, 3 миллион теңге сыйақы алды. Ал ІІІ орын Ұлытау облысының «Жаңаарқа» қымызына, «Қасымов А.Т.» жеке кәсіпкерлігіне берілді. Оларға 1 миллион 500 мың теңге жүлде тапсырылды.  

Сонымен қатар, ұлттық сусынды ұлықтауға үлес қосқан бірқатар шаруашылықтар арнайы номинациялар бойынша марапатталды. «Алтын күбі» аталымы Қарағанды облысы, Қарқаралы ауданынан келген «Босағаның қымызына», «Айтжан» шаруа қожалығына берілді. «Алтын саба» аталымын Қарқаралы ауданы, Жаңанегіз ауылынан келген «Kymyz Bek», «Байшеева» жеке кәсіпкерлігі иеленді. 

Ал «Алтын шара» номинациясы Қарқаралы ауданының «Sarybel» қымызына, «Шыныбай» шаруа қожалығына табысталды. Бұл аталымдардың әрқайсысына 500 мың теңгеден сыйақы берілді.

Байқауда дәстүр сабақтастығы мен өнімді ұсыну мәдениеті де назардан тыс қалған жоқ. «Дәстүр сақтаушы» номинациясын Қарағанды облысы, Шет ауданынан келген «Тағалы» қымызы, «220Volt» жеке кәсіпкерлігі иеленді.

«Үздік дизайн» номинациясы Солтүстік Қазақстан облысынан келген «Ramadan Qymyz», «Күлболдина» жеке кәсіпкерлігіне бұйырды. Ал «Қымыз серті» номинациясы Қарқаралы ауданының көпшілік ықыласына бөленген «Теректінің текті қымызына», «Мағұрыпова Г.М.» жеке кәсіпкерлігіне берілді. Бұл аталым иелеріне 300 мың теңгеден сыйақы тапсырылды.

Бұдан бөлек, «Нәтиже» сүт фабрикасының «Дәм мен маркетинг» номинациясы бойынша бірнеше өндіруші ынталандыру сыйлығына ие болды.

Аталған номинация аясында Ұлытау облысы, Жаңаарқа ауданынан келген «Qara Kush», Қарағанды облысы, Нұра ауданынан келген «Ефремов» қымызы, Қарқаралы ауданынан қатысқан «Жеке Батыр», «Еділ», «Erlan Farm» және «Әжемнің қымызы» өнімдері марапатталды. Әрқайсысына 250 мың теңгеден сыйақы берілді.

Осылайша, «BaiQymyz» аймақаралық байқауы қымыз өндірісінің өңірлік ерекшелігін, шаруашылықтардың ізденісін және ұлттық өнімге деген сұраныстың артып келе жатқанын тағы бір мәрте көрсетті. Қарқаралы төрінде өткен бұл дода тек жеңімпаздарды анықтап қана қойған жоқ, ауылдағы еңбек адамының абыройын көтеріп, қымызды ұлттық бренд ретінде ілгерілетуге жол ашты.

 

Мағжан ҚҰДАЙБЕРГЕН

 Ortalyq.kz