Ірімшіктен бастап көмірден жасалған кәдесыйларға дейін: Қарағандыда өткен «Бір ауыл – бір өнім» жобасының өңірлік көрмесінде жергілікті шикізаттан өндірілген тауарлар таныстырылды. Көрмеге облыстың қала-аудандарынан 50-ден астам кәсіпкер қатысты. Іріктеу қорытындысы бойынша жобаның 20 жартылай финалисі анықталды. Ал бір айдан кейін байқау комиссиясы өңірдегі үздік он өндірушіні жариялайды.

Көрмеде табиғи ірімшіктер мен өзге де сүт өнімдері, киіз бен былғарыдан жасалған бұйымдар, авторлық косметика, қолөнер кәдесыйлары, ұлттық тәттілер, көкөніс консервілері және экологиялық таза азық-түлік өнімдері ұсынылды.

Қатысушылардың қатарында Ақтоғай ауданынан келген қолөнер шебері Жаннұр Төлеубаева да бар. Ол «Қызыларай» брендін дамытып келеді.
— Мамандығым бойынша филологпын. Алайда қолөнерге деген қызығушылығым әрдайым басым болды. Табиғи жүн мен киізден бұйымдар жасаумен айналысып, сырмақ пен текемет дайындаудың дәстүрлі тәсілдерін сақтап келемін. Болашақта туған ауылымда жүн өңдейтін цех ашқым келеді, — дейді кәсіпкер.

Табысты жобалардың тағы бірі — Осакаров ауданындағы Шолпан Тұрдышева жетекшілік ететін «Достық» отбасылық шаруашылығы. Олар көкөніс өсіруді ескі терезе жақтауларынан құрастырылған шағын жылыжайдан бастаған. Бүгінде ірі жылыжай кешенін басқарып, көкөніс консервілерін өндіреді.

Ал Шет ауданындағы Сайран Дүйсембаев жетекшілік ететін «Шерхан» кооперативі еуропалық және грузиндік тәжірибелерді меңгеріп, жергілікті сүттен түрлі ірімшік өнімдерін шығаруда.

Көрме қорытындысы бойынша жартылай финалистер қатарына әртүрлі бағытта жұмыс істейтін кәсіпкерлер енді. Қатысушылардың басым бөлігі сүт өнімдерін өндіру саласында еңбек етеді. Сонымен қатар үздік жергілікті бренд атағына киіз, жүн және былғары бұйымдарын өндірушілер, көкөніс пен жеміс-жидекті терең өңдеу өнімдерін шығаратын кәсіпкерлер, ұлттық дәмге негізделген тәттілер жасаушылар, кәдесыйлар, ұлттық әшекейлер мен киім өндірушілер де үміткер болып отыр.
Қазақстан Республикасы «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы жүзеге асырып жатқан «Бір ауыл – бір өнім» жобасы жергілікті брендтердің дамуына және олардың жаңа нарықтарға шығуына мүмкіндік береді. Соңғы үш жылда Қарағанды облысында жобаға 100-ден астам кәсіпкер қатысқан. Олардың оны жеңімпаз атанып, алтауы бизнесті дамытуға арналған мемлекеттік гранттарға ие болды.

Финалға өткен он қатысушы өңір намысын республикалық кезеңде қорғайды. Оларға өндірісті кеңейту, өнімді ілгерілету, тауарлық белгілерді әзірлеу және сапа стандарттарын енгізу бағытында сараптамалық қолдау көрсетіледі. Қажет болған жағдайда кәсіпкерлерге экспорт нарығына шығуға да көмек беріледі. Сонымен қатар олар әкім гранттары байқауына қатысып, өз өнімдерін республикалық және халықаралық көрмелерде таныстыру мүмкіндігіне ие болады.
Өткен жылдардың тәжірибесі мұндай қолдаудың нақты нәтиже беретінін көрсетіп отыр. Жоба қатысушыларының өнімдері бүгінде Қазақстаннан тыс жерлерге де кеңінен танылуда. Қарағандылық шеберлердің керамикалық бұйымдары Жапония, Қытай, Ресей және Түркия нарықтарына шықса, киізден жасалған бұйымдар Еуропа елдерінде, Солтүстік Америкада және Таяу Шығыс мемлекеттерінде өз тұтынушыларын тапқан.
Фото: Қарағанды облысының Кәсіпкерлер палатасы