Ташкент қаласында өткен әл-Хорезми атындағы халықаралық олимпиадада (KhIMIO 2026) қазақстандық мектеп оқушылары сегіз медаль жеңіп алды. Беделді білім бәйгесінде Қарағанды қаласындағы Н. Нұрмақов атындағы мектеп-лицейдің оқушысы Санжар Жангелді күміс жүлдегер атанды.

Зияткерлік додаға әлемнің он елінен келген дарынды мектеп оқушылары қатысты. Қатысушылар халықаралық деңгейдегі тапсырмаларды орындап, математика мен информатика пәндері бойынша бақ сынасты.
Қазақстан құрамасы жоғары нәтиже көрсетіп, командадағы сегіз оқушының барлығы жүлдемен елге оралды. Солардың қатарында Н. Нұрмақов атындағы мектеп-лицейдің 9-сынып оқушысы Санжар Жангелді де бар. Қарқынды бәсекеге қарамастан, ол өзінің алғашқы халықаралық олимпиадасында күміс медаль жеңіп алды.

– Бұл менің халықаралық олимпиадаға алғаш рет қатысуым болды. Әрине, жүлде аламын деп үміттендім, бірақ ең көп дегенде қола медаль иеленемін деп ойлаған едім. Сондықтан күміс жүлде мен үшін өте жақсы нәтиже болды. Осы олимпиадаға екі жыл бойы, яғни жетінші сыныптан бастап дайындалдым. Сабақтан кейін күн сайын арнайы дайындықпен айналыстым. Маған олимпиада жеңімпазы болған жоғары сынып оқушысы көп көмектесті. Біздің мектепте үлкен сынып оқушыларының кіші сыныптағы оқушыларды жарыстарға дайындауына арналған жақсы дәстүр қалыптасқан, – дейді Санжар Жангелді.

Олимпиада екі кезеңнен тұрды: математикалық және информатикалық. Математика турында қатысушылар төрт сағат ішінде төрт күрделі есепті шешуі тиіс болды. Ал информатика кезеңі әлемдегі ең ірі зияткерлік жарыстардың, соның ішінде Халықаралық информатика олимпиадасының (IOI) форматына барынша жақын ұйымдастырылды. Оқушылар бағдарламалау тілдерінің бірінде жұмыс істеп, олардың шешімдері орындалу жылдамдығы мен дәлдігі бойынша автоматтандырылған жүйе арқылы бағаланды.

Санжардың айтуынша, оған ең қызықты болған кезең – информатика сайысы. Ол болашақта өз өмірін IT саласымен байланыстыруды жоспарлап отыр. Жас өрен бағдарламалау тілдерін меңгеру мен күрделі, қалыптан тыс есептерді шешу кәсіби дағдыларын қазірден дамытуға мүмкіндік беретініне сенімді.