Қарағанды облысындағы «Талды» тарихи-археологиялық паркінде халықаралық деңгейдегі «Талды – 2026: қола дәуірінен орта ғасырларға дейін» ғылыми-практикалық көшпелі конференциясы өтуде. Ғылыми жиын әлем ғалымдарының қызығушылығын тудырған бірегей археологиялық ескерткіш – Қаражартас пирамидасына арналды.
Конференцияға Қазақстанмен қатар Венгрия, Германия, Түркия, Ресей және Татарстаннан келген археологтар, тарихшылар, музейтанушылар мен реставраторлар қатысуда. Бағдарлама аясында халықаралық семинар-тренингтер, археологиялық экскурсиялар және бұқаралық ақпарат құралдары мен блогерлерге арналған блог-тур ұйымдастырылды.
Конференцияның ашылуында Қарағанды облысы әкімінің орынбасары Әлібек Әлденей Талды алқабының тарихи маңызына тоқталды.
«Археологиялық кешендегі әрбір қорған – өткен дәуірдің тасқа басылған шежіресі, тарихтың үнсіз жатқан мұрасы. Талды – Ұлы даланың мыңжылдық жады сақталған киелі мекен. Сондықтан ғалымдар бұл өңірге тек зерттеу жүргізу үшін ғана емес, уақыттың терең қатпарларымен тілдесіп, өткеннің құпиясын тану үшін де келеді. Әрбір жәдігер мен қорған адамзат тарихының сан ғасырлық сырын бойына бүгіп жатыр. Сол құндылықтарды ғылыми тұрғыда зерделеу – өткен мен бүгінді жалғайтын маңызды көпір», – деді Әлібек Үсенұлы.
Ал, Қарағандылық археолог, PhD, тарихшы Олжас Шохатаев симпозиум барысында «Талды» тарихи-археологиялық паркінің ғылыми және мәдени маңызына назар аударды.
Оның айтуынша, Талды – Орталық Қазақстандағы аспан астындағы алғашқы мұражайлардың бірі. Соңғы жылдары мұндағы тарихи ескерткіштерді қайта қалпына келтіру жұмыстары жүргізіліп, олардың бастапқы келбетін барынша сақтау басты назарда болған.
Археолог Талды қорымының ерекше нысандарының бірі – екі жылқы бірге жерленген бірегей жерлеу кешеніне тоқталды. Ғалымдардың пікірінше, мұндай жерлеу үлгісі ежелгі тайпалардың дүниетанымы мен о дүниеге деген сенімін көрсетеді. Қорымға жоғарыдан қарағанда екі жылқы жеккен арбаның бейнесі байқалады. Сондықтан археологтар оны арбалы жерлеу мәдениетінің көрнекті үлгілерінің қатарына жатқызады.
Симпозиум қатысушыларының ерекше назарын аударып отырған нысанның бірі – Қаражартас пирамидасы. Қазақстандағы бірегей археологиялық ескерткіш саналатын бұл кешен Талды өзенінің Қаражартас сағасы маңында орналасқан және ежелгі дәуірдің құпияларын сақтап тұрған маңызды тарихи мұра ретінде бағаланады.
Конференция қорытындысында «Талды» тарихи кешені туралы деректі фильм түсіріліп, арнайы подкасттар сериясы әзірленеді. Мамандар мұндай халықаралық ғылыми кездесулер Талды алқабындағы тарихи-мәдени мұраны зерттеуге тың серпін беріп, Қазақстанның бай тарихи мұрасын әлемге кеңінен танытуға мүмкіндік жасайтынын атап өтті.