Кеншілер шаһарында аралас жекпе-жек (ММА) спортына маманданған заманауи «DAUYL MMA Academy» клубы ресми түрде есігін айқара ашты. Жаңа спорт нысанының салтанатты ашылу рәсіміне өңірдің спорт саласының басшылары, белгілі спортшылар мен БАҚ өкілдері қатысты.

Жаңа спорт академиясының негізін халықаралық дәрежедегі ММА спорт шебері, қолма-қол ұрыс пен ушу-саньдадан спорт шебері, ABADAN FC ұйымының чемпиондық белбеу иегері Алтынбек Думанұлы қалаған. Спорттық мансабын 2020 жылы аяқтаған жерлесіміз жинақтаған мол тәжірибесін өскелең ұрпақты тәрбиелеуге бағыттауды жөн көрген. Ең бастысы – чемпион бұл жобаны толықтай өз жеке қаражаты есебінен іске асырды.
Салтанатты жиында Қарағанды облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Нұркен Нуратов пен ҚР ММА және панкратион ұлттық федерациясының президенті Сағындық Мекеев клубтың ашылу лентасын қиып, жаңа бастамаға сәттілік тіледі.
Басқарма басшысы Нұркен Нуратов өз сөзінде мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бұқаралық спортты дамыту жөніндегі тапсырмаларын атап өтіп, өңірдегі спорттық көрсеткіштерге тоқталды:
«Осындай әлеуметтік маңызы бар спорт нысандарының ашылуы өңірде бұқаралық спорттың дамуына тың серпін береді. Бүгінде Қарағанды облысында дене шынықтыру және спортпен жүйелі түрде айналысатын тұрғындардың үлесі 42,4 пайызға жетіп отыр. Жыл соңына дейін бұл көрсеткішті 43 пайызға жеткізуді жоспарлап отырмыз. Тұрғындардың спортпен шұғылдануына қолайлы жағдай жасап отырған кәсіпкерлерге алғысымды білдіремін», – деді басқарма басшысы.
ҚР ММА және панкратион федерациясының президенті Сағындық Мекеев жас буынның бойына спорт арқылы тәртіп пен жауапкершілікті қалыптастыруда Алтынбек Думанұлы сияқты чемпиондардың өнегесі аса маңызды екенін білдірді. Сондай-ақ, ол отандық ММА спортындағы тарихи жаңалықпен де бөлісті:
«Биыл күзде аралас жекпе-жек спорты Азия ойындарының бағдарламасына енгізіліп, жарыс алғаш рет Жапонияда өтеді. Қуантатыны, біздің қыздарымыз іріктеу кезеңінен сүрінбей өтіп, аталған додаға жолдама алды. Бұл – өңір спорты үшін үлкен жетістік. Қазіргі уақытта спортшыларымыз Ақтөбе қаласында оқу-жаттығу жиындарын өткізіп жатыр», – деді С. Мекеев.


Жаңа спорт кешені заманауи талаптарға сай екі қабаттан тұрады. Төменгі қабатта спортшылардың функционалдық дайындығы мен күш-қуатын жетілдіруге арналған, қажетті құрал-жабдықтармен толық қамтылған кроссфит залы орналасқан.
Екінші қабатта ММА бойынша негізгі жаттығу залы жұмыс істейді. Спортшылардың қауіпсіздігі үшін зал қабырғалары жұмсақ қорғаныш төсеніштерімен қапталған және жекпе-жек техникасын шыңдауға арналған арнайы торлы қабырғалар орнатылған.
«Мен жас кезімнен осындай спорт залын ашуды армандадым. Жаттығу барысында қауіпсіздік мәселесіне ерекше көңіл бөлдік. Торлы алаң қабырғаларында спортшылар қарсыласын қабырғаға тіреп жұмыс істеу секілді жекпе-жек элементтерін меңгеріп, тәжірибесін шыңдай алады. Жинақтаған білімімді жас спортшылармен бөлісіп, олардың үлкен жетістіктерге жетуіне үлес қосқым келеді», – деді клуб негізін қалаушы Алтынбек Думанұлы.
Айта кетейік, алдағы уақытта Қарағанды облысындағы ММА федерациясы филиалының әкімшілігі де осы спорт кешенінде орналасады деп күтілуде.
Академияда жаттығу сабақтары жас ерекшеліктеріне қарай бірнеше топқа бөлінген: таңертеңгі уақытта 5-10 жас аралығындағы балалар қатысса, күндіз және кешкі мезгілде жасөспірімдер мен ересектерге, сондай-ақ кәсіби спортшыларға арналған арнайы дайындық бағдарламалары жүргізіледі. Сонымен қатар, қала тұрғындары үшін клубқа ақылы негізде қатысуға да мүмкіндік қарастырылған.