Қарағанды облысындағы республикалық маңызы бар автожолда жасанды интеллект технологиясымен жабдықталған ақылды камералар орнатыла бастады. Жаңа жүйе жолдағы ахуалды тәулік бойы үздіксіз бақылап, қауіпті жағдайларды автоматты түрде анықтап, тиісті қызметтерге жедел хабарлама жолдайды.
Жоба жол саласын цифрландыру аясында «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясы» АҚ тарапынан жүзеге асырылуда. Ұзындығы 134 шақырымды құрайтын Астана – Теміртау автожолының бойында тіректер орнатылып, камераларды, күн панельдерін, жел генераторларын және деректерді беру жабдықтарын монтаждауға дайындық жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Жүйенің басты артықшылығы – толық автономды жұмыс істеу мүмкіндігі. Камералар электр желісі тартылмаған шалғай учаскелерде де үздіксіз қызмет көрсете алады. Қажетті энергияны күн панельдері мен жел генераторлары өндіреді, ал жолдағы жағдай туралы мәліметтер нақты уақыт режимінде орталыққа жіберіліп отырады.
Жасанды интеллект бейнеағынды үздіксіз саралап, жолдағы ықтимал қауіптерді автоматты түрде анықтайды. Атап айтқанда, жүйе жолға шыққан жаяу жүргіншілер мен жануарларды, қарсы бағыттағы қозғалысты, кері жүріп келе жатқан көліктерді, тұраққа қою қағидаларын бұзу деректерін тіркейді. Сонымен қатар көлік құралдарының мемлекеттік тіркеу нөмірін, маркасы мен түсін дәл тануға қабілетті. Қауіпті жағдай анықталған сәтте ақпарат бірден жол қызметтеріне жолданып, олардың жедел әрекет етуіне мүмкіндік береді.
Қазіргі таңда пилоттық жоба Алматы – Қонаев ақылы автожолында сынақтан өткізілуде. Мұнда мамандар жабдықтардың жұмысын және автономды инфрақұрылымның тиімділігін тексеріп жатыр. Сондай-ақ Астана – Щучинск автожолында байланыс желілерін тарту және жабдықтарды орналастыруға қажетті инфрақұрылымды әзірлеу жұмыстары қатар жүргізілуде.
Жоба толық іске қосылғаннан кейін барлық кешендер автожолдарды бақылайтын бірыңғай интеллектуалды мониторинг жүйесіне біріктіріледі. Соның нәтижесінде қауіпті жағдайларды ерте анықтау, жауапты қызметтердің әрекет ету уақытын жеделдету және Қазақстанның республикалық маңызы бар автожолдарындағы қозғалыс қауіпсіздігін жаңа деңгейге көтеру көзделіп отыр.