Жалған ақпаратқа қарсы іс-қимыл орталығы цифрлық ортада жасанды қоғамдық күн тәртібін қалыптастырудың заманауи тетіктеріне зерттеу жүргізді

Фото: Life09

Threads әлеуметтік желісі пайдаланушыларының белсенділігін талдау нәтижесі көрсеткендей, дәстүрлі бот-желілермен қатар, аккаунттардың үйлестірілген желілері де белсенділік танытуда. Олар «сворминг» (swarming) деп аталатын тактиканы қолданады. Бұл - қатысушылардың шағын тобының келісілген әрекеттері арқылы аудиторияда жаппай қоғамдық қолдау немесе, керісінше, кең ауқымды наразылық туралы жалған әсер қалыптастыру әдісі.

Алдын ала белгіленген үлгі бойынша бірсарынды хабарламалар тарататын классикалық бот фермаларына қарағанда, мұндай желілер әлдеқайда икемді әрекет етеді. Олар талқылаудың барысына жедел әрекет етіп, жекелеген тезистерді күшейтеді, сондай-ақ пікірталасқа шынайы пайдаланушыларды тартады. Осылайша, белгілі бір көзқарас көпшіліктің пікірі іспетті деген түсінікті біртіндеп қалыптастырады.

Жалған ақпаратқа қарсы іс-қимыл орталығы ақпараттық кеңістікті талдау барысында республикалық референдумды дайындау және өткізу кезеңінде осындай белгілерді анықтады.

4 ақпан мен 30 наурыз аралығында 350-ден астам аккаунт пен 5 786 жарияланым зерттелді. Талдау нәтижесінде, зерттелген аккаунттардың 71%-ында иелері туралы нақты мәлімет көрсетілмегені анықталды. Аккаунттардың 52%-ы белсенді ақпараттық науқан басталардан аз уақыт бұрын тіркелген. Ал референдум аяқталғаннан кейін олардың шамамен 60%-ның белсенділігі күрт төмендеген. Жарияланымдардың бір бөлігі кейіннен өшірілген. Бұл аталған аккаунттардың негізінен нақты бір ақпараттық науқан аясында пайдаланылғанын көрсетуі мүмкін.

Зерттеу мұндай операциялардың типтік сценарийін айқындауға мүмкіндік берді.

Алдымен эмоциялық немесе даулы сипаттағы тезис жарияланады. Кейін ол басқа аккаунттар тарапынан пікірлер, репосттар және реакциялар арқылы синхронды түрде қолдау табады. Осыдан кейін талқылауға қарапайым пайдаланушылар қосылып, болып жатқан процесті табиғи қоғамдық пікірталас ретінде қабылдайды. Дәл осы кезеңде жаппай қолдау әсері қалыптасады. Алайда бастапқы ақпараттық серпін үйлестірілген қатысушылардың салыстырмалы түрде шағын тобынан шығуы мүмкін.

Зерттелген барлық кейстерде ұқсас белгілер тіркелді. Атап айтқанда, жарияланымдардың синхрондылығы, аргументтердің қайталануы, бірдей нарративтердің жылдам таралуы және жекелеген хабарламаларды келісілген түрде күшейту байқалды.

Кейінгі кезеңде Қазақстан Республикасының сыртқы саяси қызметіне қатысты 114 аккаунтта жарияланған 160 материалға жүргізілген қосымша талдау мұндай тетіктердің тұрақты сипатқа ие екенін айғақтады. Зерттеу қорытындысы бойынша жарияланымдардың 88,3%-ы ақпараттық себеп пайда болғаннан кейінгі алғашқы тәулікте таралған. Аудиторияның ең жоғары белсенділігі мен қызығушылығын теріс сипаттағы контент тудырған. Оның үлесі хабарламалардың жалпы көлемінің 39%-ын құрады. Зерттелген аккаунттардың шамамен 30%-ы тәулігіне 9-дан 12-ге дейін хабарлама жариялап, ақпараттық ағынның жоғары қарқынын сақтап отырған.

Зерттеу мұндай тетіктердің тек саяси күн тәртібінде ғана қолданылмайтынын көрсетті. Үйлестірудің ұқсас белгілері әлеуметтік саясат, денсаулық сақтау, мемлекеттік реформалар, тарифтер, әлеуметтік төлемдер және қоғамда жоғары эмоциялық реакция туғызатын өзге де тақырыптарды талқылау кезінде де байқалады.

Қазіргі ақпараттық операциялардың басты ерекшелігі - олардың мақсаты аудиторияны фактілер арқылы сендіру емес, көпшіліктің пікірі қалыптасып қойғандай иллюзия жасау. Адам белгілі бір ұстанымды, егер оны көпшілік қолдап отыр деп қабылдаса, әлдеқайда оңай қабылдайды.

Әлеуметтік желілердегі жарияланымдардың жаппай сипат алуы әркез қоғамның шынайы көңіл-күйін білдіре бермейтініне назар аударамыз. Көп жағдайда бұл жекелеген ақпараттық себептерді жасанды түрде күшейтетін шектеулі аккаунттар тобының келісілген әрекеттерінің нәтижесі болуы мүмкін.