Қарағанды облысында ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларға көрсетілетін көмек кеңейтіледі

gov.kz

Қарағанды облысында ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларды қолдау жүйесі кеңейтіледі. Жаңа оқу жылында Қарағандыдағы №4 мектеп-интернат 130 орынға арналған №11 арнайы мектеп-интернат болып қайта ұйымдастырылады. Сонымен қатар өңірде аутизмі бар балаларды қолдайтын екі орталық ашу және «Уақыт мүмкіндіктері» ерте көмек көрсету қызметінің қамту аясын кеңейту жоспарланып отыр. Инклюзивті білім беруді дамыту шаралары тамыз конференциясында талқыланды.

Бүгінде ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалардың 92 пайызы арнайы психологиялық-педагогикалық қолдаумен қамтылған. Қарағанды қаласы мен Шет ауданында түзету кабинеттері жұмыс істейді. Қажетті жағдайлардың жасалуының арқасында бұған дейін үйде білім алған 364 бала мектепке ауысты.

— Біз балаларға көмек көрсетудің бірыңғай жүйесін қалыптастырып жатырмыз. Оның құрамына мектепке дейінгі ұйымдар, ПМПК, түзету кабинеттері және денсаулық сақтау жүйесі кіреді. Мамандардың бірлесіп жұмыс істеуі, біліктілігін үнемі арттыруы, сондай-ақ ата-аналардың баланы қолдау процесіне белсенді қатысуы маңызды, — деді білім басқармасының басшысы Дулат Жекебаев.

Педагогтерге жергілікті жерлерде қолдау кабинеттері мен ресурстық орталықтар көмек көрсетеді. Жаңа оқу жылынан бастап ПМПК базасында тағы алты орталық жұмысын бастайды.

Өңірде жаңа мамандарды даярлауға да басымдық беріліп отыр. Қарағанды жоғары гуманитарлық колледжінде «педагог-ассистент» мамандығы ашылады. Жыл соңына дейін қолданыстағы 800-ге жуық маманның біліктілігін арттыру жоспарланған.

Балалардың қауіпсіздігіне де ерекше көңіл бөлінеді. Мектептерде педагог-психологтардың жұмысы күшейтіліп, «Жеке қауіпсіздік» курсы енгізіледі. Сабақ барысында балалар қауіпті жағдайларды танып, мұндай кезде дұрыс әрекет етуді үйренеді. Буллинг пен кибербуллингтің алдын алуға да айрықша назар аударылады.

— Біздің міндетіміз — мәселе туындағанын күтпеу. Қауіпсіз ортаны алдын ала қалыптастырып, ықтимал тәуекелдердің алдын алу қажет, — деді ҚР оқу-ағарту вице-министрі Шынар Ақпарова.

Биыл облыста Балалардың құқықтарын қорғау басқармасы құрылды. Оның негізгі міндеті — бала құқықтарын қорғау саласындағы мемлекеттік саясатты жүзеге асыру.

Облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев өмірлік қиын жағдайға тап болған отбасылармен жұмысты күшейтіп, барлық жауапты қызметтердің өзара іс-қимылын жолға қоюды тапсырды. Сонымен қатар Қарағанды, Теміртау және Балқаш қалаларында балалардың құқықтарын қорғау бөлімдерін құру мәселесі қарастырылып жатыр.

Жағдайды бағалап, ықтимал тәуекелдерді алдын ала анықтауға қазақстандық балалардың әл-ауқат индексі мүмкіндік береді. Оның әдістемесі туралы Экономикалық зерттеулер институты Тұрақты даму мақсаттары жөніндегі хатшылығының директоры Бақытгүл Хамбар баяндады. Индекс анықталған тәуекелдерді шешім қабылдау кезінде ескеруге мүмкіндік береді.

Сондай-ақ облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев барлық білім беру ұйымдарында мүгедектігі бар балалар үшін қажетті жағдайлардың қолжетімді болуын қамтамасыз етуді тапсырды.

 

— Осы жылдың соңына дейін барлық білім беру ұйымдарында мүгедектігі бар балалар үшін қажетті жағдайлардың 100 пайыз жасалуын қамтамасыз ету, сондай-ақ бейінді мамандардың штат санын ұлғайту жұмыстарын жалғастыру қажет. Ведомствоаралық тәсілдің айқын мысалы Шахтинск қаласындағы аутизмі бар балаларды қолдау орталығы болуы тиіс. Оның жұмысын жыл соңына дейін қамтамасыз ету керек, — деп атап өтті Ермағанбет Бөлекпаев.

Орталық педагогикалық, медициналық және әлеуметтік көмекті бір жерге біріктіріп, Шахтинск қаласындағы ғана емес, Саран және Абай аудандарындағы балаларды да қамтиды.

Келер жылы осындай кешенді міндеттерді облыстың өзге де өңірлерінде жүзеге асыру жоспарланып отыр.

Дереккөз: Gov.kz