Биыл жазда Қарағанды облысында 400 мыңнан астам турист демалды. Олардың әр екіншісі Балқаш курорттық аймағын таңдаған. Өңірде инфрақұрылым жаңарып, жаңа нысандар ашылып, инвестициялық белсенділік артып келеді.

Жазғы туристік маусымның қорытындысы мен саланы дамыту жоспарлары облыс әкімдігінде өткен аппараттық кеңесте талқыланды.

Туристер ағынының артуына Балқаштың көлік қатынасының қолжетімді болуы да әсер етті. Алматы мен Астанадан орындалатын әуе рейстерін шамамен 16 мың адам пайдаланған. Сонымен қатар Қарағанды — Балқаш бағыты бойынша пойызға қосымша алты вагон тіркеліп, олармен 13 мыңнан астам жолаушы тасымалданды.

Танымал туристік орындарда қауіпсіздік шаралары күшейтіліп, демалушыларға жағдай жасалды.

Тораңалықта жаңа құтқару станциясы ашылып, шағын көлемді кемелерге арналған орындар белгіленді, ал су айдындары буйлармен жабдықталды.

Биыл Балқашта екі жаңа демалыс аймағы ашылды, тағы төртеуін іске қосу жоспарланып отыр.

Қалалық инфрақұрылымды жаңғырту және жағалауды абаттандыру жұмыстары жалғасып, сумен жабдықтау жобалары жүзеге асырылуда.

Балқашқа бизнестің де қызығушылығы артып келеді. Жыл басынан бері мұнда жаңа нысандар ашылды. Олардың қатарында туристік бағыттағы индустриялық аймақта орналасқан, жыл бойы жұмыс істейтін Premium Villa Balkhash қонақүйі бар. Алдағы уақытта жыл бойы туризм моделін қалыптастыруды көздейтін Winter Balkhash жобасын дамыту жоспарланып отыр.

— Бизнестің дәстүрлі шағын демалыс базаларымен ғана шектелмей, жыл бойы жұмыс істейтін жобаларға да қызығушылық таныта бастағаны аса маңызды. Жыл басынан бері 14 жаңа нысан ашылды, — деді Туризм басқармасының басшысы Ирина Любарская.

Өңірдегі туризмді дамыту Балқашпен ғана шектелмейді. Болашағы зор бағыттардың бірі — Қарқаралы ауданы.

«Бұғылы» рекреациялық аймағында қажетті инфрақұрылым құрылып жатыр. Сонымен қатар Қарқаралы ауданында экологиялық туризм мен туристік бағыттарды дамыту жұмыстары жалғасуда.

Бүгінде Қарқаралы мемлекеттік ұлттық табиғи паркінде жалпы ұзындығы 70 шақырымнан асатын төрт маршрут жұмыс істейді. Олар жаяу, атпен және аралас бағыттарды қамтиды. Тағы екі маршрут әзірлену үстінде.

Бұл бағытқа инвесторлардың қызығушылығы да артып келеді. Сегіз айда облыстың туризм саласына салынған инвестиция көлемі бес есеге жуық өсті. Инвесторларға 19 жер учаскесі ұсынылды. Оның ішінде Қарқаралы мемлекеттік ұлттық табиғи паркінде туризмді дамытуға арналған жер телімдері де бар.
Сонымен қатар өңірдің туристік әлеуеті екі негізгі бағытпен ғана шектелмейді. Туристік инфрақұрылымды Бұқар жырау, Абай, Ақтоғай, Нұра, Осакаров және Приозерск өңірлерінде де дамыту жоспарланып отыр.

Экологиялық, сауықтыру, гастрономиялық, этномәдени және оқиғалық туризм әлеуеті жоғары бағыттар қатарында. Жазғы маусымдағы айтулы шаралардың бірі — 75 мың қонақты жинаған Balkhash Tour Fest фестивалі. Ол республикалық туристік іс-шаралар күнтізбесіне енгізілді. Жаз бойы фестиваль алаңында концерттер, спорттық жарыстар мен көрмелер де ұйымдастырылды.
Саяхатшыларға қолайлы жағдай жасау мақсатында өңірде туристік навигация және ақпараттандыру жүйесі дамып келеді. Ақпараттық орталықтар Сарыарқа әуежайында, Қарағанды теміржол вокзалында және Балқаш әуежайында жұмыс істейді. Алдағы уақытта олардың санын арттыру жоспарланған.
Жалпы, өңірде 115 туристік маршрут әзірленіп, бекітілді. Сондай-ақ инвестициялық алаңдар мен туризм саласындағы жобаларды жүзеге асыру мүмкіндіктері туралы ақпарат қамтылған туристік гид дайындалды.
Қазір өңір қысқы туристік маусымға және келесі жазға дайындалып жатыр. Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев негізгі инфрақұрылымдық және ұйымдастырушылық мәселелерді қазірден қолға алуды тапсырды.
— Келесі туристік маусымға дайындыққа ерекше назар аудару қажет. Бірінші кезекте туристердің қауіпсіздігі, коммуналдық және жол инфрақұрылымын дамыту, байланыстың сапасы мен жол бойындағы сервистің деңгейі, жағажайлар мен демалыс орындарының жағдайы, сондай-ақ санитариялық қамтамасыз ету мәселелеріне көңіл бөлу керек, — деп атап өтті Ермағанбет Бөлекпаев.