Қарағанды облысында есірткі қылмысының алдын алуға бағытталған ауқымды акция өтті. Бір мезетте Қарағанды, Теміртау және Балқаш қалаларында полиция қызметкерлері мен еріктілер есірткі заттарын жарнамалайтын граффити жазуларды өшірді.
Акцияны Қарағанды облысы Полиция департаментінің Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы ұйымдастырды. Бір күннің ішінде үш қалада мыңнан астам заңсыз граффити жазуы жойылды. Іс-шараға 200-ден астам адам қатысты.
Бұл – есірткі жарнамасының таралуына жол бермеуге бағытталған жүйелі жұмыстың бір бөлігі. Жыл басынан бері облыс аумағында осындай 92 рейдтік іс-шара өткізіліп, 7 мыңнан астам граффити жазуы өшірілді.
Полиция қызметкерлері есірткі жарнамалайтын жазуларды өшіріп қана қоймай, оларды қалдыруға қатысы бар адамдарды анықтау бойынша да жұмыстар жүргізуде.
– Бүгінгі іс-шараның негізгі мақсаты – есірткі заттарын жарнамалайтын жазуларды жою және олардың таралуына жол бермеу. Бұл жұмысқа ерікті жастардың белсенді қатысып отырғаны қуантады. Жыл басынан бері 92 рейд өткізіліп, 7 мыңнан астам граффити жазуы өшірілді. Сонымен қатар мұндай жазуларды салып жатқан жерінен үш адам ұсталды, – деді Қарағанды облысы ПД Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының бастығы Қайыржан Токубаев.
Оның айтуынша, граффити жазуларын қалдыру фактілері бойынша қылмыстық жауапкершілікке тартылған азаматтар да бар.
Мәселен, мамыр айында Балқаш қаласында жүргізілген рейд барысында есірткі жарнамалайтын граффити жазуын салып жатқан 37 жастағы қала тұрғыны ұсталды. Оған қатысты қылмыстық іс қозғалып, сот үкімімен 1 жыл 6 айға бас бостандығынан айырылды.
Полиция департаменті есірткі қылмысының алдын алу бағытындағы жұмыстарды тұрақты түрде жалғастырады. Бұл ретте ішкі істер органдарының негізгі міндеттерінің бірі – есірткінің заңсыз айналымына ғана емес, оны насихаттау мен таратуға ықпал ететін кез келген әрекетке дер кезінде тосқауыл қою.
«Заң мен тәртіп» қағидаты – қауіпсіз ортаны қалыптастыруды және құқық бұзушылықтың алдын алуды талап етеді. Осы бағытта полиция қызметкерлері еріктілермен және қоғам белсенділерімен бірлесіп, есірткі жарнамалайтын жазуларды анықтау, жою және оларды қалдырған адамдарды жауапкершілікке тарту жұмыстарын күшейтуде.
Полиция тұрғындарды қоғамдық орындардағы күмәнді жазуларға бейжай қарамауға және олар туралы дереу полицияға хабарлауға шақырады.
Қарағанды облысының ПД баспасөз қызметі