Қарағанды облысының қоғамдық-саяси өміріне үлес қосып жүрген тұлғалар

Сурет: ЖИ Gemini

Гауһар Берікқызы АкижановаҚарағанды облысының Қоғамдық кеңесінің мүшесі, Қарағанды облысының халықтың әлеуметтік жағынан осал санаттарының құқықтары жөніндегі уәкілі.

2018 жылдан бастап волонтерлік қызметпен айналысады. 2020 жылдан бері «Batyl Jureq» қайырымдылық қорының тең құрылтайшысы және аутизм спектрінің бұзылыстары, Даун синдромы және басқа да даму ерекшеліктері бар балаларға арналған спорттық-сауықтыру жүзу жобасының жетекшісі.

Сонымен қатар, Гауһар Акижанова «Батыл Жүрек» инклюзивті би ұжымын басқарады, Қазақстандық бочча федерациясының Қарағанды облысы бойынша басшысының орынбасары және паралимпиадалық бочча спорты бойынша І санатты төреші.

2023 жылдан бастап Қарағанды облысының Қоғамдық кеңесінің мүшесі. Ерекше қажеттіліктері бар балаларға арналған инклюзивті спорттық іс-шаралар, жүгіру жарыстары мен фестивальдерді ұйымдастыруға және өткізуге қатысып келеді.

2025 жылдан бері Қарағанды облысы бойынша халықтың әлеуметтік осал топтарының құқықтары жөніндегі уәкіл. 2026 жылдан бастап «Жас Жауынгер» дене шынықтыру-сауықтыру кешенінде даму ерекшеліктері бар балаларға арналған «Тұсау кесер» секциясының жаттықтырушысы қызметін атқарады.

Әлеуметтік саладағы және бейімделген спортты дамыту бағытындағы еңбегі үшін мемлекеттік органдар мен ұйымдардың алғыс хаттарымен, сондай-ақ Қарағанды облысы әкімі мен облыстық мәслихат төрағасының Құрмет грамотасымен марапатталған.

Оның негізгі жұмыс бағыттары – ерекше қажеттіліктері бар балаларды қолдау, бейімделген спорт пен инклюзивті жобаларды дамыту, сондай-ақ халықтың әлеуметтік осал топтарының мүдделерін қорғау.

Айгерім Әуезқызы Исбекова – Кәусар» оқушылар сарайының директоры.

Ол әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін және Қазақ технология және бизнес университетінтәмамдаған. Мамандығы бойынша – тарихшы және менеджмент саласының маманы, бизнес және басқару магистрі.

Еңбек жолын Балқаш қаласындағы №9 мектепте тарих және қоғамтану пәнінің мұғалімі болып бастаған. Кейін білім беру ұйымдарында директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары қызметін атқарған.

2012–2016 жылдары Балқаш қаласының ішкі саясат бөлімінің басшысы болды. Одан кейін Қарағанды облысының ішкі саясат саласында талдау, мемлекеттік рәміздерді насихаттау және идеологиялық жұмысты ұйымдастыру бағыттарында басшылық қызметтер атқарды.

2021–2022 жылдары Қарағанды облысы Ішкі саясат басқармасының «Қоғамдық келісім» КММ директоры, кейін Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды университетінің мансап бөлімінің басшысы және Қарағанды облысының білім басқармасында мектепке дейінгі тәрбие мен жалпы орта білім беру бөлімінің басшысы қызметтерін атқарған.

2024 жылдан бері Қарағанды қаласының «Кәусар» оқушылар сарайының директоры қызметін атқарады.

Кәсіби қызметінде білім беру, жастармен жұмыс, қоғамдық келісім, мемлекеттік органдар және қоғамдық ұйымдармен өзара іс-қимыл бағыттарына ерекше көңіл бөліп келеді.

Еңбегі үшін «Ерен еңбегі үшін» медалімен, Қарағанды облысы әкімінің Құрмет грамотасымен, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Президентінің Алғыс хатымен марапатталған.

Айгерім Исбекованың негізгі жұмыс бағыттары – білім беру, тәрбие жұмысы, қоғамдық келісім және әлеуметтік жобаларды ұйымдастыру.

Бекзат Қомарұлы Алтынбеков – Қарағанды облысы Ақсақалдар кеңесінің төрағасы, «Әділет» партиясы облыстық филиалының төрағасы.

Ө.А. Байқоңыров атындағы Жезқазған университетінде тарих мамандығы бойынша, кейін Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды университетінде заңгер мамандығы бойынша білім алған.

Еңбек жолының алғашқы кезеңі журналистика саласымен байланысты. Аудандық газетте және облыстық телерадиокомпанияда тілші болып жұмыс істеген. Кейін білім беру саласында басшылық қызметтер атқарып, мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары, заң колледжі филиалының директоры, сондай-ақ қашықтан оқыту және кәсіптік бағдарлау орталығының директоры болған. 

Бекзат Алтынбеков Жезқазған қалалық мәслихатының V және VI шақырылымдарының, Қарағанды облыстық мәслихатының VII және VIII шақырылымдарының депутаты болып сайланған. Сондай-ақ облыстық мәслихаттағы депутаттық фракцияға жетекшілік еткен. 

2026 жылғы шілдеден бастап «Әділет» партиясының Қарағанды облыстық филиалының төрағасы қызметін атқарады. 

Көп жылғы еңбегі үшін бірқатар мемлекеттік және қоғамдық наградалармен марапатталған. Олардың қатарында «Шапағат» медалі, «Құрмет» ордені, Қазақстан халқы Ассамблеясының «Бірлік» және «Алғыс» медальдары, сондай-ақ білім беру саласындағы марапаттар бар. 

Оның еңбек жолы білім беру, бұқаралық ақпарат құралдары, қоғамдық-саяси қызмет және мәслихат жұмысы бағыттарын қамтиды.

Александр Григорьевич Куприенко – Қарағанды облыстық мәслихатының депутаты.

Қарағандыдағы «Болашақ» институтында «Құқықтану» мамандығы бойынша білім алып, заңгер біліктілігін иеленген. 2022 жылы Қазақ қатынас жолдары университетін «Құрылыс» мамандығы бойынша тәмамдап, техника және технологиялар бакалавры дәрежесін алған.

Еңбек жолын 1999 жылы бастаған. 2004 жылдан бастап кәсіпкерлікпен айналысады. 2013 жылы сауда саласында «Оптимальный» ЖШС-ін құрып, содан бері кәсіпорынның директоры қызметін атқарып келеді.

2021 жылдан бастап Қазақстанның орыс, славян және казак ұйымдары қауымдастығының Қарағанды облыстық филиалы басшысының орынбасары. Сондай-ақ Қарағанды қаласының Қоғамдық кеңесінің мүшесі болып, бюджет, экономика, қаржы және бизнес мәселелері жөніндегі тұрақты комиссияға жетекшілік еткен.

2018 жылдан «AMANAT» партиясының мүшесі. 2023 жылы партиялық тізім бойынша Қарағанды облыстық мәслихатының депутаты болып сайланған.

Қоғамдық және кәсіби қызметі үшін бірқатар марапаттар мен алғыс хаттарға ие болған. Олардың қатарында «Шапағат» медалі, «AMANAT» партиясының «Белсенді қызметі үшін» төсбелгісі, сондай-ақ мемлекеттік органдар мен ұйымдардың алғыс хаттары бар.

Қазіргі таңда Александр Куприенко кәсіпкерлікпен қатар қоғамдық жұмыстарға белсенді араласып, өңірдің әлеуметтік-экономикалық және қоғамдық өміріне өз үлесін қосып келеді.

Қарағанды облысынан Қазақстан Халық Кеңесінің құрамына «Lituanica» этномәдени бірлестігінің төрағасы, Қазақстан Республикасындағы Литва Республикасының Құрметті консулы, қоғам қайраткері Виталий Ионо Тварионас енді.

Оның өмір жолы, еңбек және қоғамдық қызметі —                                  осы жауапты міндетке деген мол тәжірибесінің айқын дәлелі.

Виталий Иванович — Қарағанды қаласының тумасы. Ол 1964 жылғы 31 шілдеде дүниеге келген. Жастық шағы мен студенттік жылдары Қарағандыда өтті. 1995 жылы Қарағанды мемлекеттік педагогикалық институтын «дене шынықтыру пәнінің оқытушысы» мамандығы бойынша тәмамдады.

2003 жылдан бері Виталий Тварионас «Lituanica» этномәдени бірлестігін басқарып келеді. Оның жетекшілігімен литва және қазақ тілдерін, мәдениеті мен дәстүрлерін, сондай-ақ тарихи жадыны сақтау бағытында кешенді жұмыстар жүзеге асырылуда.

Оның жетекшілігімен жүзеге асқан маңызды жобалардың бірі — «Литовский двор» мәдени кеңістігі. Мұнда ұлттық мерекелер, балалар мен жастарға арналған іс-шаралар, мәдени кездесулер және қайырымдылық акциялары өткізіледі.

2011 жылдан бері Виталий Иванович Қазақстан Республикасындағы Литва Республикасының Құрметті консулы қызметін атқарып келеді. Ол халықаралық іс-шаралар мен жобаларға белсенді қатысып, Қазақстанды халықаралық алаңдарда таныстырды.

Оның қоғамдық қызметінде Қазақстан халқы Ассамблеясы құрамындағы жұмысы ерекше орын алады. 2015 жылдан бастап Қазақстан халқы Ассамблеясы Кеңесінің мүшесі болды. Ал 2018–2019 жылдары Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары қызметін атқарды. 2022 жылы Қазақстан халқы Ассамблеясынан Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаттығына кандидат ретінде ұсынылды.

Виталий Тварионастың қоғамдық қызметінде қайырымдылық жұмыстары да маңызды орын алады. «Lituanica» бірлестігі балаларға, ардагерлерге, қиын өмірлік жағдайға тап болған отбасыларға және ерекше қажеттіліктері бар адамдарға көмек көрсетуге бағытталған қайырымдылық акцияларын тұрақты түрде ұйымдастырады.

Оның қоғамдық қызметке қосқан үлесі мемлекеттік және халықаралық наградалармен атап өтілген. Олардың қатарында II дәрежелі «Достық» ордені, Қазақстан Республикасы Президентінің Құрмет грамотасы және Литва Республикасы Президентінің Құрмет грамотасы бар.

Бүгінде Виталий Тварионастың кәсіби және қоғамдық қызметтегі мол тәжірибесі жаңа форматта — Қазақстан Халық Кеңесінің құрамындағы қызметі арқылы қоғамдық диалогты дамытуға бағытталуда.

 

Виталий Альбертович Хмелевский — «Қазақстан поляктарының одағы» этномәдени бірлестігі заңды тұлғалар бірлестігінің төрағасы, Қарағанды облыстық поляк қоғамы «Polonia» қоғамдық бірлестігінің төрағасы.

Қарағанды облыстық поляк қоғамы «Polonia» 1991 жылы құрылған. Виталий Хмелевскийдің жетекшілігімен қоғам өңірдегі мәдени-ағартушылық және қоғамдық жұмыстардың маңызды алаңдарының біріне айналды. Виталий Хмелевский өңірдің қоғамдық институттарының жұмысына белсенді қатысып, көптеген жылдар бойы қоғамдық диалогты дамытуға өз үлесін қосып келеді.

«Polonia» қоғамының қызметі поляк тілін, поляк халқының тарихы мен мәдениетін зерделеуді, ұлттық дәстүрлерді сақтауды, білім беру жобаларын дамытуды және шығармашылық ұжымдарды қолдауды қамтиды.

Қоғамның қызметінде тілдік білім беруге ерекше көңіл бөлінеді. Қазақстан мен Польша арасындағы ынтымақтастық аясында Қарағандыда көптеген жылдар бойы поляк тілі оқытылып, тіл курстары мен түрлі білім беру іс-шаралары өткізіліп келеді. Қоғам жанында балаларға, жастарға және ересектерге арналған мәдени-ағартушылық жұмыстар жүргізіледі.

Қызметтің маңызды бағыттарының бірі — халықаралық және мәдени байланыстарды дамыту. «Polonia» дипломатиялық құрылымдармен ынтымақтастық орнатып, мәдени және ғылыми іс-шараларды ұйымдастыруға қатысады, Қазақстан мен Польша арасындағы білім беру және гуманитарлық байланыстарды дамытуға ықпал етеді. Поляк қоғамының өкілдері халықаралық фестивальдер мен байқауларға да белсенді қатысады.

Виталий Хмелевский Қарағанды облысының қоғамдық өміріне белсенді араласады. 2018 жылы ол этномәдени бірлестіктер атынан Қазақстан халқы Ассамблеясы облыстық Ассамблеясы төрағасының қоғамдық орынбасары болып бекітілді. Сол кезеңде ҚХА Кеңесінің мүшесі әрі «Polonia» қоғамының жетекшісі болды.

Оның қоғамдық қызметінде өзара құрмет пен мәдени диалог қағидаттарына ерекше мән беріледі.

Виталий Альбертовичтің ғылыми-зерттеу жұмыстары да назар аударуға лайық. Ол Қазақстан Республикасындағы поляк халқының тарихын зерттеуге арналған магистрлік диссертациясын қорғаған.

Көпжылдық қоғамдық қызметі үшін Виталий Хмелевский «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 20 жыл», «Қазақстан халқы Ассамблеясына 20 жыл», «Қазақстан халқы Ассамблеясына 25 жыл», «Қарағанды қаласына 80 жыл» медальдарымен, сондай-ақ көптеген грамоталар мен алғыс хаттармен марапатталған.

Бүгінде Виталий Хмелевский этномәдени қауымдастықтың мүддесін таныстырып, қоғамдық диалогқа өз үлесін қосуды жалғастыруда. Ендігі жауапты қызметі — Қазақстан Халық Кеңесінің құрамында қоғамдық келісім мен өзара түсіністікті нығайтуға бағытталады.

Джанаев Увайс Хаважиевич— «Вайнах» шешен-ингуш этномәдени бірлестігінің төрағасы, өңірдің қоғамдық институттарының мүшесі.

Жоғары экономикалық білімі бар. 1993 жылы Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетін «Қаржы және несие» мамандығы бойынша тәмамдаған.

Шешен-ингуш этномәдени бірлестігі құрылған алғашқы күндерден бастап оның қоғамдық қызметіне белсенді араласты. 1999–2010 жылдар аралығында жастар саясаты орталығы төрағасының орынбасары қызметін атқарды.

2010 жылдан бері Увайс Хаважиевич Қарағанды облысының «Вайнах» шешен-ингуш этномәдени бірлестігін басқарып келеді. Көпжылдық қызметі этносаралық келісім мен қоғамдық тұрақтылықты нығайтуға, түрлі этнос өкілдері арасындағы мәдени және қоғамдық байланыстарды дамытуға, қазақ тілін сақтауға және кеңінен насихаттауға, ұлттық мәдениет пен дәстүрлерді дамытуға бағытталған.

Увайс Хаважиевичтің жетекшілігімен «Вайнах» этномәдени бірлестігі Қарағанды облысы мен Қазақстан Республикасының қоғамдық және мәдени өміріне белсенді қатысып келеді.

Этномәдени бірлестік жанында Ақсақалдар кеңесі мен Аналар кеңесі құрылған. Олардың қызметі жас ұрпақты тәрбиелеуге, рухани және мәдени құндылықтарды сақтауға, ұлттық дәстүрлерді кейінгі буынға жеткізуге, Қазақстан этностарының тарихы мен мәдениетіне құрметпен қарауды қалыптастыруға, сондай-ақ азаматтық жауапкершілік пен қазақстандық патриотизмді тәрбиелеуге бағытталған.

Этномәдени бірлестік жанынан құрылған «Вайнах» би ансамблінің көпжылдық қызметі де ерекше атап өтуге лайық. 2025 жылы шығармашылық ұжым өзінің 30 жылдық мерейтойын атап өтті. Үш онжылдық ішінде ансамбль Қарағанды облысының мәдени өмірінің ажырамас бөлігіне айналып, облыстық және республикалық деңгейдегі көптеген іс-шараларда өнер көрсетті.

Увайс Хаважиевич қайырымдылық қызметіне де ерекше көңіл бөледі. Оның тікелей қатысуымен көптеген қайырымдылық іс-шаралары, соның ішінде республикалық «Қайырымдылық керуені» акциясы аясындағы шаралар ұйымдастырылып келеді.

2015 жылы Увайс Хаважиевич Джанаев Қазақстан халқы Ассамблеясы облыстық Ассамблеясы төрағасының орынбасары болып сайланды.

Қоғамдық қызметке қосқан үлесі және қоғамдық келісімді нығайтудағы еңбегі үшін Увайс Джанаев Қазақстан халқы Ассамблеясының «Бірлік» Алтын медалімен марапатталған.

Бүгінде оның көпжылдық қоғамдық қызметтегі тәжірибесі жаңа бағытта жалғасып, Қазақстан Халық Кеңесінің құрамындағы қызметімен толықтырылуда.