Отан алдындағы борышын абыроймен өтеу – үлкен жауапкершілік. Ал әскери қызмет барысында жинаған тәжірибесін біліммен ұштастырып, болашағына нық қадам жасау – жас сарбаз үшін үлкен жетістік.
2025 жылы Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланының «Орталық» өңірлік қолбасшылығының әскери бөлімдерінде мерзімді әскери қызметін өткерген сарбаздарға білім алуға жаңа мүмкіндіктер берілді. Нәтижесінде 266 сарбаз білім грантына ие болды. Бұл – әскери қызмет пен сапалы білімнің өзара сабақтастығын көрсететін маңызды көрсеткіш.
Солардың қатарында 5451 әскери бөлімінде Отан алдындағы азаматтық борышын абыроймен атқарған Смирнов Владислав бар. Әскери қызмет барысында ол тәртіптілігімен, жауапкершілігімен және өзіне жүктелген міндеттерді тиянақты орындауымен ерекшеленді. Қызметін аяқтаған соң Владислав өзінің білім жолын жалғастыру мүмкіндігін пайдаланып, Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды ұлттық зерттеу университетінің білім грантына ие болды.
Бұл – әскери қызметтің жас азаматтың өміріндегі маңызды кезең ғана емес, сонымен қатар оның алдағы кәсіби дамуына жол ашатын үлкен мүмкіндік екенін көрсетеді.
Осындай жетістікке 5510 әскери бөлімінің әскери қызметшісі Дидарұлы Дияр да қол жеткізді. Отан алдындағы борышын абыроймен өтеген Дияр әскери тәртіпті сақтап, қызметтік міндеттерін жауапкершілікпен орындады. Әскери қызметтен кейін ол да білімін жалғастыруға мүмкіндік алып, Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды ұлттық зерттеу университетінің грантын жеңіп алды.
Бүгінде әскери қызмет өткеру – жас азаматтың бойында тек әскери тәртіп пен жауапкершілікті қалыптастырып қана қоймай, оның өмірлік мақсаттарын айқындауына, жаңа мүмкіндіктерге ұмтылуына ықпал ететін маңызды мектеп.
266 грант – 266 жаңа мүмкіндік. Әр гранттың артында Отан алдындағы борышын өтеп, білімге ұмтылған жас сарбаздың еңбегі, талпынысы мен болашаққа деген сенімі тұр.
Смирнов Владислав пен Дидарұлы Диярдың жетістігі – әскери қызмет пен білімнің қатар жүретінін дәлелдейтін жарқын мысал. Кеше ғана әскери бөлім сапында Отан алдындағы міндетін атқарған сарбаздар бүгінде жоғары білім алып, өздерінің кәсіби болашағын қалыптастыруға қадам басуда.
Ұлттық ұлан қатарында қызмет ету – Отан алдындағы борышты орындау ғана емес, өз болашағыңа жол ашу мүмкіндігі.
«Орталық» өңірлік қолбасшылығының 266 сарбазына берілген білім гранты – жас ұрпаққа жасалған қолдаудың және әскери қызметтің әлеуметтік маңыздылығының айқын көрінісі.
ҚР ІІМ ҰҰ “Орталық” өңірлік қолбасшылығының баспасөз қызметі