Шымкент тұрғыны, 18 жасында әскерге аттанған Өмірбек Сұлтанмұратов Павлодардағы №5512 әскери бөлімінде қызмет еткен. Оның елге қайтуына бір ай қалғанда денсаулығы күрт нашарлап, комаға түскен, деп хабарлайды Life09 ақпарат агенттігі stan.kz-ке сілтеме жасап.
Анасының айтуынша, Өмірбек әскери бөлімде өзін жайсыз сезінгенін командирлеріне ескерткен. Алайда, оған дер кезінде медициналық көмек көрсетілмеген. Сарбаз комаға түскеннен кейін ғана ауруханаға жеткізіліп, ата-анасы жеткенше басына ота жасалған. Қазақстандық дәрігерлер оған менингит диагнозын қойған.
Кейіннен Өзбекстан мамандары сарбаздың ауыр соққыдан кейін сал болып қалғанын анықтаған. Қазіргі уақытта Өмірбек сөйлей де, жүре де алмайды. Оған І топ мүгедектігі белгіленген.
Жақында ғана ол ата-анасын тани бастаған. Әкесі ұлын әскерге өзі аттандырғанына өкінетінін айтады. Оның сөзінше, отбасы үш жылдан бері баласын аяққа тұрғызу үшін күресіп келеді.
Өкінішке қарай, бұл жағдай бойынша әлі күнге дейін қылмыстық іс қозғалмаған. Ата-ана Ұлттық ұлан қатарында қызмет еткен ұлының қандай жағдайда мұндай күйге түскенін анықтап, кінәлілердің жауапқа тартылуын талап етеді.
Әскерге сау кеткен сарбаз мүгедек болып оралды: Ата-анасы әділдік талап етуде
Фото: Life09