Жолдағы әрбір үшінші материал сапа талабына сай емес: жергілікті жолдарда 15 мыңнан астам сынама тексерілді

Фото: Life09

Қазақстанның жергілікті жолдарында қолданылатын жол-құрылыс материалдарының үштен бірі белгіленген талаптарға сәйкес келмейді. 2026 жылдың басынан бері «Жол активтері сапасының ұлттық орталығы» жергілікті жол желісінен алынған 15 мыңнан астам сынаманы зертханалық жағдайда тексерген. Нәтижесінде олардың 32 пайызы талапқа сай емес екені анықталған.

Бұл деректер Астанада өткен «Сапалы жолдар: жоспарлаудан пайдалануға дейін» атты семинар-кеңесте айтылды. Жиын Қазақстан Республикасы Көлік министрлігінің қатысуымен ұйымдастырылып, оған өңірлер мен «Жол Сапа» филиалдарының өкілдері қатысты.

Зерттеу нәтижелері жергілікті жолдардың сапасына қатысты мәселе нысан пайдалануға берілгеннен кейін емес, құрылыс барысында қолданылатын материалдарды таңдаудан-ақ басталатынын көрсетеді. Зертханалық сынақтар талапқа сәйкес келмейтін материалдарды дер кезінде анықтап, олардың жолдың беріктігі мен қызмет ету мерзіміне әсер етуіне жол бермеуге мүмкіндік береді.

1800-ден астам ақау әлі жойылған жоқ

Материалдардың сапасымен қатар, бұған дейін анықталған технологиялық бұзушылықтар мен ақауларды уақытылы жою мәселесі де өзекті болып отыр.

Жыл басынан бері жергілікті жолдарда 1 997 технологиялық бұзушылық пен ақау тіркелген. Оның ішінде бүгінге дейін 214-і ғана жойылған. Ал 1 783 бұзушылық әлі де жойылмаған.

Яғни анықталған кемшіліктердің шамамен 90 пайызы бойынша жұмыс толық аяқталмаған.

Сонымен қатар, 2024-2026 жылдары жергілікті атқарушы органдар 1 127 жол нысанын қабылдаған. Кейін жүргізілген тексерулер барысында бұл нысандардың бірқатарынан белгіленген талаптарға сәйкес келмейтін жұмыстар анықталған.

Нормативтік талаптарды қайта қарау ұсынылды

Семинар барысында өңірлердегі нақты проблемалық нысандар, зертханалық зерттеулердің қорытындылары және анықталған ақаулардың не себепті уақытылы жойылмай отырғаны талқыланды.

Мамандар техникалық қадағалау қызметі, мердігер ұйымдар, жергілікті тапсырыс берушілер мен «Жол Сапа» мамандары арасындағы өзара іс-қимылды күшейту қажеттігін атап өтті.

Жиында қолданыстағы нормативтік базаға қатысты да бірқатар мәселе көтерілді. Атап айтқанда, талаптар арасындағы сәйкессіздіктерге байланысты қолданыстағы нормаларды қайта қарап, нормативтік құжаттарға кешенді ревизия жүргізу ұсынылды.

Бұл өз кезегінде жол жұмыстары мен қолданылатын материалдардың сапасын бағалауда барлық өңірге ортақ талап қалыптастыруға мүмкіндік бермек.

Үш жылдық жоспар әзірленеді

Кездесу қорытындысы бойынша жергілікті жолдардың сапасын арттыруға бағытталған нақты шаралар әзірленеді. Құжатта анықталған кемшіліктерді жоюға жауапты тұлғалар мен мерзімдер белгіленбек.

Сондай-ақ нормативтік базаны жаңарту жөнінде ұсыныстар дайындалып, жергілікті жол желісіне арналған үш жылдық іс-шаралар жоспарын қалыптастыру көзделіп отыр.

Мамандардың негізгі ұстанымы — тексеру барысында анықталған кемшілік есепке енгізіліп қана қоймай, белгіленген мерзімде міндетті түрде жойылуы тиіс.

Жол сапасын бақылаудың түпкі мақсаты да осы — ақауды тіркеу емес, оның қайталануына жол бермей, тұрғындар үшін қауіпсіз әрі ұзақ қызмет ететін жол инфрақұрылымын қалыптастыру.