«Әділет»: 5 мыңға жуық жалынды жас 1800 шақырымдық жолға шықты

Фото: press@adilet-partiyasy.kz

«Әділет» партиясының жастар қанаты ауқымды «Таза Qazaqstan» Road-

эстафетасын бастады. Оның аясында 5 мыңға жуық жас азамат 13-16 қазан

аралығында «Астана – Өскемен» бағытындағы автожол бойында жалпы

ұзындығы 1800 шақырымға жуық аумақты қоқыстан тазалайды.

Іргелі іс-шара Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен

жүзеге асып жатқан «Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық бастамасы

аясында қолға алынуда. Бұл – аса маңызды бастама. Себебі Президент атап

өткендей, бүгінде экологиялық қауіпсіздік ұлттық қауіпсіздік мәселесіне айналды.

Эстафетаға Құрылтай депутаттары, партияның, мемлекеттік органдардың

өкілдері және белсенді жастар атсалысуда. Оның барысында Ақмола, Павлодар,

Абай және Шығыс Қазақстан облыстары қамтылады. Қатысушылар барлығы 10

ауданға, 59 ауылға табан тигізеді. Басты мақсат – аумақтарды тазалау, қоғамда

экологиялық сана мен жауапкершілік мәдениетін қалыптастыру, тазалықты әр

азаматтың күнделікті дағдысына айналдыру.

«Табиғатқа жанашырлық – халқымыздың қанына сіңген қасиет.

Мемлекет басшысы жүргізіп жатқан жүйелі реформалардың нәтижесінде

мемлекетіміз жаңа дәуірге қадам басты. Президентіміз экономикалық,

әлеуметтік, цифрлық дамудан бөлек, «Таза Қазақстан» бастамасына да

көп көңіл бөледі. Себебі қоғамның тазалығы әрқайсымыздан басталуы

керек. Сананың тазалығы, айналамыздың тазалығы табиғатқа деген

жанашырлықтан басталады», – деді «Әділет» партиясы Төрағасының

орынбасары Ержан Жылқыбаев.

Қатысушылар жол бойындағы аумақтарды қоқыстан тазартып, экологиялық

акциялар мен түрлі экологиялық іс-шаралар өткізеді. Бұдан бөлек, депутаттар

азаматтармен кездесіп, қоғамдық қабылдаулар ұйымдастырады. Халыққалаулылары олардың мұң-мұқтажына құлақ түріп, тұрғындарды толғандырған

жүйелі мәселелер болашақта Құрылтай төрінде көтеріледі.

«Таза Qazaqstan» эстафетасын тек экологиялық іс-шара деп

қабылдауға болмайды. Президент бастамасымен қолға алынған жоба –

терең философиялық мәнге ие. Ол қоршаған ортаны таза ұстауға ғана

үндемейді. Бұл – рухани тазалыққа, жан тазалығына, ар тазалығына,

жалпы қоғамда экологиялық тазалық мәдениет қалыптастыруға

бағытталған іс-шара. Жастар мыңдаған шақырым жол жүріп, тазалық

ұғымын насихаттайды», – деді Құрылтай депутаты, «Әділет» партиясы

фракциясының мүшесі Жарқынбек Амантайұлы.

Сондай-ақ эстафета барысында белсенді жастар партияның «Вандализмге

жол жоқ!» акциясы аясында тарихи-мәдени орындарды тазалау ісіне күш салады.

Бұған қоса, «Чемпиондық рух» жобасы аясында спорттық іс-шаралар

ұйымдастырылады.

«Бұл – экологиялық мәдениетті сөзбен емес, нақты әрекетпен

қалыптастыру жолы. Мұндай бастамалар қоғамда ортақ жауапкершілік

сезімін қалыптастырады. Жастар еріктілік тәжірибесін жинақтайды,

тұрғындар экологиялық мәселелерді талқылауға белсенді қатысады. Ал

депутаттардың қоғамдық қабылдаулары ауылдардағы өзекті

мәселелерді тікелей тыңдауға мүмкіндік береді», – деді Құрылтай депутаты,

«Әділет» партиясы фракциясының мүшесі Айжан Аймағанова.

Айта кетейік, «Таза Қазақстан» тұжырымдамасы «Әділет» партиясының

сайлауалды бағдарламасында қамтылған. Онда экологиялық ахуалды жақсарту,

қалалар мен ауылдарды абаттандыру, сондай-ақ тұрғындарды қоршаған ортаны

таза әрі жайлы етуге жұмылдыру басым бағыттар ретінде белгіленген.

 

Дереккөз: 

press@adilet-partiyasy.kz