Шығыс Қазақстан облысында өткен V халықаралық «Шығыс салбурыны – 2026» фестивалінде саятшылық өнерінің шеберлері арасында Қарағанды облысы Осакаров ауданынан барған Бүркітжан Назар көрермендердің ерекше ықыласына бөленді. Оның шеберлігі жоғары бағаланып, көрермен көзайымы жүлдесіне ие болды.

Биыл фестиваль жаңа деңгейге көтерілді. Алғаш рет оның аясында құсбегіліктен Азияның ашық кубогы өтті. Ұлан ауданының Бозанбай ауылына Венгрия, Испания, Қытай, Моңғолия, Ресей мен Түркияны қоса алғанда, он елден 176 құсбегі мен қазақтың тазысын баптайтын 50-ден астам итбегі жиналды.
Фестиваль алаңдарында адам мен құс арасындағы үйлесімнің озық үлгісі көрсетілді. Мұнда құстың жылдамдығы мен қырағылығы ғана емес, бапталуы, иесіне бағынуы және шақырған сәтте лезде әрекет ету қабілеті де бағаланды.

Бүркітжан Назар мен оның қыраны көрермендерді дәл осы шеберлігімен тәнті етті. Қарағанды облысының өкілі Түркістан, Жамбыл облыстары мен Астанадан келген тәжірибелі құсбегілермен қатар сынға түсіп, лайықты өнер көрсетті.

Оның бүркіті шапшаңдығымен, дәлдігімен және әбден бапталғанымен ерекшеленіп, иесінің былғары қолғабына сенімді түрде қайта қонды.

– Бүркіт көкте самғап, төменде мыңдаған адам демін ішіне тартып, тына қалатын сәт болады. Көрермендер тек нәтижеге ғана емес, саятшылық өнерінің қайталанбас әсемдігіне де тәнті болып, орындарынан тұрып қол соқты, – деп әсерімен бөлісті Бүркітжан Назар.

«Шығыс салбурыны» фестивалі әлдеқашан өңірлік мереке аясынан шығып, халықаралық деңгейдегі айтулы шараға айналды. Биыл ол Қазақстан Республикасы Туризм және спорт министрлігінің ірі іс-шаралар күнтізбесіне енді. Енді бұл фестиваль сайыс алаңы ғана емес, төл дәстүрімізді әлемге танытуға мүмкіндік беретін маңызды мәдени шараға айналып отыр.
Осакаров ауданы әкімдігінің ақпараты бойынша