Мемлекет басшысы 2026 жылғы Қазақстан халқына Жолдауында денсаулық сақтау жүйесін жетілдіру, медициналық қызмет сапасын арттыру және халыққа қолжетімділігін қамтамасыз ету мәселелеріне ерекше назар аударды. Бұл бағыттағы міндеттер азаматтардың өмір сүру сапасын жақсартуға, аурулардың алдын алуға және медициналық көмектің тиімділігін арттыруға бағытталған.
Жолдауда ел бойынша жаңа медициналық нысандар салу, оның ішінде перинаталдық орталықтар мен балалар ауруханаларын ашу жоспарланған. Бұл бастамалар ана мен бала денсаулығын қорғауға, жүктілік пен босану кезіндегі медициналық көмектің сапасын жақсартуға және балаларға көрсетілетін медициналық қызметтің қолжетімділігін арттыруға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар, алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсету жүйесін дамытуға басымдық беріліп отыр. Атап айтқанда, 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап учаскелік медицина қызметкерлерінің жалақысын еңбек өтіліне қарай 40 пайызға дейін арттыру көзделген. Бұл өзгеріс 77 мыңнан астам медицина маманын қамтиды. Мұндай қолдау медицина қызметкерлерінің еңбегін ынталандырып, саладағы кадрлық әлеуетті нығайтуға ықпал етеді.
Медициналық көмектің сапасы тек заманауи ғимараттар мен құрал-жабдықтарға ғана емес, білікті мамандардың жұмысына да байланысты. Сондықтан инфрақұрылымды жаңарту мен медицина қызметкерлерін қолдау қатар жүзеге асырылуы маңызды.
Басты мақсат – әрбір азаматтың сапалы медициналық көмек алуына жағдай жасап, профилактикалық медицинаны дамыту және халық үшін қолжетімді әрі тиімді денсаулық сақтау жүйесін қалыптастыру.