BANNER

Елорданың блок-бекеттерінде қару-жарақ, оқ-дәрі, есірткі заттары тәркіленіп жатыр

Елорданың блок-бекеттерінде қару-жарақ, оқ-дәрі, есірткі заттары тәркіленіп жатыр

Нұр-Сұлтан қаласы аумағында 6 блокбекет орнатылған. Төтенше жағдай режимі кезінде қалаға кіріп-шыққан әр адам мен көлік жіті тексеріліп жатыр. Осыған орай тексеріс барысында жолаушылардан түрлі тыйым салынған заттар табылып жатқаны анықталды.Бұл туралы қалалық Полиция департаментінің баспасөз қызметі мәлімдеді.

«Полицейлер әсіресе блокбекеттегі тәртіпті ерекше бақылауда ұстауда. Блокбекеттер қойылған сәттен бастап тыйым салынған заттарды анықтау мақсатында шамамен 50 мың автокөлік тексерілді. Оның барысында блокбекеттерден 2 тегіс ұңғылы «Сайга» мылтығы, «РГД-5» оқу-жаттығу гранатасы, «СVvz.27» маркалы тапанша, оқтан қорғайтын күртеше, оқ-дәрілер, 11 бейсбол таяғы, 5 резеңке таяқ, кастеттер, дубинкалар, аэрозольдік тапанша, қол кісені және бұрышты балоншалар тәркіленді. Барлық фактілер бойынша тексеру жұмыстары жүргізілуде», - делінген хабарламада.

Сондай-ақ, департамент мәліметінше, блокбекетте есірткіні заңсыз сақтаудың 2 фактісі анықталған.

«Блокбекетте автокөлік тоқтатылып, тексеру барысында ұрлық жасады деген күдікпен 26 жастағы жолаушы анықталды. Бұған дейін оның өткен жылдың маусым айында Павлодар қаласында ұрлық жасағаны белгілі болды. Сондай-ақ, өзге автокөліктің 36 жастағы жолаушысы Қарағанды қаласында осыған ұқсас қылмыс жасағаны үшін ұсталды. Блокбекетте ұсталған күдіктілер іздеу бөлімшелеріне тапсырылды», - деп хабарланды қалалық полициядан.

Нұр-Сұлтан қаласының Полиция департаменті тұрғындардан төтенше жағдай режимін сақтап, коменданттық сағат ережесін бұзбауға шақырады. Сол сияқты заңбұзушылық үшін жауапкершіліктің барын еске салады.