Диқандарға берілетін бюджеттік несие көлемі екі есеге дейін ұлғайуы мүмкін

Сурет ғаламтордан алынды

Биыл елімізде диқандарды қолдау жаралары күшейтілмек. Үкімет отырысында Ауылшаруашылығы вице-министрі Айдарбек Сапаров егістікке және орақ жұмыстарына берілетін бюджеттік несие мөлшерін екі есеге дейін ұлғайту көзделіп отырғанын жеткізді, деп хабарлайды Saryarqanews.kz тілшісі.

Вице-министрдің мәлімдеуінше, биыл «Аграрлық несие корпорациясы» желісі бойынша көктемгі егіс және егін жинау жұмыстарына кредит беруге 70 млрд теңге көлемінде бюджеттік кредит бөлінген. Оның айтуынша, қазір министрлік тарапынан көктемгі егіс және егін жинау жұмыстарын жүргізу үшін қаржыландыру көлемін қосымша 70 млрд теңгеге ұлғайту, бюджеттік кредиттеуді 140 млрд теңгеге дейін жеткізу мәселесі пысықталып жатыр. Бұл қосымша 1300 жобаны қаржыландыруға мүмкіндік бермек.

"Бүгінгі күні «Кең дала» бағдарламасы аясында ресми түрде 77,6 млрд теңге сомасына ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілерден 2673 өтінім келіп түсті. Оның ішінде:

– 24,1 млрд теңге ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілердің 720 өтінімі қаржыландырылды;

- 40,4 млрд теңгеге ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілердің 1748 өтінімі мақұлданды;

- 13,1 млрд. теңгеге 205 ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілердің өтінімі қаралуда», - деді Айдарбек Сапаров. 

Нұрлыхан ҚАЛҚАМАНҰЛЫ.