BANNER

Қазақстан негізгі астық экспорттаушы елге айнала алады

Интернет желісінен

Ресей мен Украина арасындағы қақтығыстың ұзаққа созылуы, тек, қос мемлекеттік ғана әлем халқын да әбігерге салып қойды. Әсіресе, азық-түлік қауіпсіздігі мәселесінің өзектілігі артып отыр. Өйткені, Украина мен Ресей еншісіне астық экспортының 30%-ы тиесілі болғанды. Қазір соғыс жағдайына байласты екі мемлекет те астық резервін сыртқа сатуды шектеді. Болжам бойынша, украиналық диқандар биыл жылдағы көлемнен анағұрлым аз егін салуы мүмкін. Ал, Ресей қатаң экономикалық санкцияға ұшырады.

Әлемде болып жатқан геосаяси өзгерістер Қазақстан экономикасына тиімді әсер етуі де мүмкін. Біріншіден, негізгі тасымалдаушылары соғыс жағдайында тұрғандықтан астық бағасы екі есеге дейін қымбаттап кетті. Сондай-ақ, жекелеген мемлекеттер Ресей астығын алудан бастартып, басқа арналарды іздей бастады. Мәселен, Грузия мемлекеті келешекті астықты Ресейден емес, Румыния немесе Қазақстаннан алуға ниетті екенін білдірген. Келешекте қазақстандық диқандардың өніміне сұраныс еселеп артуы мүмкін. Бұл отандық өнімді шетелге тасымалдап, әлемдік нарықтан Ресей мен Украинаны ығыстыруға айтарлықтай оң ықпал етеді. Бұған әлемдегі тоғызыншы территорияны иеленіп отырған Қазақстанның әлеуеті толық жетері анық. Тек, диқандарды қолдау жұмыстарын жандандырып, астық өндірісін барынша арттыра түсу қажет. Әсілінде, Әлихан Смайлов бастаған ел Үкіметі де осы бағытта қызу жұмыстарын бастап кетті. Атап айтқанда, Үкімет көктемгі егісті қаржылық және материалдық-техникалық қамтамасыз ету бойынша барлық шараларды қабылдады.

«Қазір бүкіл әлемде ауыл шаруашылығы өнімдеріне деген сұраныс күн санап артып келеді. Сұранысқа сай оның бағасы да қымбаттап барады. Осыған байланысты ауыл шаруашылығы өнімінің ішкі тұтынуын да, экспорттық әлеуетін де қамтамасыз ету – аса маңызды мәселе», — деді Әлихан Смайылов Үкімет отырысында.

Биыл елімізде егістің алаңы 22 млн 991 мың гектарға жетіп отыр. Былтырғымен салыстырғанда 13.5 мың гектарға артық өнім егіледі. Өз кезегінде, Үкімет диқандарға барынша қолдау көрсетуге әзір. Оның ішінде, субсидиалау көлемі артып, бюджеттік несие мөлшері екі есеге дейін ұлғайтылды. Бұдан бөлек, егіс алқаптарын тыңайту мәселесіне де мән беріліп отыр. Биыл 658,7 мың тонна минералды тыңайтқыш қосу жоспарланған, бұл өткен жылғымен салыстырғанда 32,2 мың тоннаға артық. Пестицидтерді субсидиялау бағдарламасы бойынша 2022 жылға 31,7 млрд теңге қарастырылған, бұл егіс алқаптарының өңделуін 100%-ға қамтамасыз етеді. Премьер-Министр тыңайтқыштар мен пестицидтерді сатып алу құнының 50%-ын субсидиялау әрі қарай жалғасатынын атап өтті. Сондай-ақ тұқым сатып алу, қайта өңдеуге тапсырылатын дақылдар өндіру, су беру бойынша көрсетілетін қызмет құнын субсидиялау да былтырғы шамада сақталатын болады. Техникаларды жаңарту үшін Үкімет кредиттер мен лизинг үшін инвестициялық субсидиялау және пайыздық мөлшерлемені субсидиялау көлемін ұлғайтады.

Әрине, әлемде тұрақтылық болғаны жақсы. Дей тұрғанмен, болып жатқан геосаяси өзгерістерде өз есемізді жібермей, қайта мемлекет мүддесін алға қоюдың маңызы зор. Дәл қазір Қазақстанға жаңа нарықты жаулап, диқандардың өнімдерін экспорттайтын елдердің санын ұлғайта түсу мүмкіндігі туындап тұр. Бұл ел экономикасына айтарлықтай оң ықпал етері анық.

Нұрлыхан Қалқаманұлы.