Балқаш қаласының 9-шағын ауданында «Халық қатысатын бюджет» жобасының арқасында жаңа Самал алаңы жабдықталды. Жергілікті тұрғын Ермек Алшымбаевтың бастамасымен балалар алаңы, воркаут аймағы және спорттық жабдықтар орнатылды.
Өткен жылы ол қала әкімдігіне «Самал» алаңының (халық арасында 9-шы шағын аудан Самал деп аталады) құрылыс жобасымен жүгінген. Белсенді өз бетінше жоба мен сметаны даярлады.
– Біздің шағын ауданда мұндай ойын алаңы, воркаут аймағы бұрын-соңды болмаған. Ал, бізде балалар көп, үлкендер де бір жерде серуендеу керек қой. Сосын жоба жасап, сметасын жасауды жөн көрдім. Халық қатысатын бюджет туралы біліп, жобамды әкімдікке жібердім. Ол мақұлданды, – дейді Ермек Алшымбаев. – Алаңның құрылысына өзім де қатыстым. Оның ауданы 1000 шаршы метр. Ол үш аймаққа бөлінген. Бірінде ойын алаңы болса, екіншісінде воркаут, үшіншісі спорттық құрал-жабдықтармен жабдықталған.
Сондай-ақ, алаңда күнқағарлары бар орындықтар, қоқыс жәшіктері және жарықдиодты шамдары бар жарықтандыру бағаналары орнатылған. Саябақ аумағы қоршалған. Жақында бейнебақылау камералары орнатылады.
– Алаңға қалың жасанды көгал төселді, алдағы уақытта көгалдандыру жұмыстары жалғасады. Ағаштар мен көшеттер отырғызылады. Жұмыстар сапалы орындалады, өйткені бұл біздің балаларымыз бен тұрғындардың жайлылығы үшін. Алдағы уақытта алаң кеңейіп, футбол алаңы, волейбол алаңы болса деймін. Оны уақыт көрсетеді, – дейді Ермек Алшымбаев. – Осы арада тұрғындарды ортақ мүлкімізге ұқыпты қарауға шақырамын. Саябаққа қоқыс тастамау туралы өтінішпен хабарламалар іліп қойдым. Адамдар оларды оқиды, ойын алаңдарын таза ұстайды.
Алаңның ашылуы шағын ауданның бүлдүршіндері үшін нағыз мереке болды. Аниматорлар олардың көңіл-күйін көтерді.