BANNER

Алматылық: Б.Назарбаевтың бұрынғы әйелі мені жертөледе қинап ұстады

ашық дереккөз

Құқық қорғау органдары Болат Назарбаевтың экс-әйелі, бизнесвумен Майра Құрманғалиеваға қатысты он жыл бұрынғы Қылмыстық істі жаңартты, деп хабарлайды LIFE09 ақпараттық агенттігінің тілшісі Время басылымына сілтеме жасап.

Оның біраз заңсыздыққа жол бергені биыл жазда белгілі болды. Майра Саудабайқызының үстінен біраз арыз жазылды. Мәселен, жергілікті марганец кен орнын басқаратын кәсіпкерден иелігін тартып алғаны анықталды. Сондай-ақ, ұлан-асыр той жасап, полицейлер мен жедел-жәрдем қызметкерлерін мереке болып жатқан жерді күзетіп тұруға мәжбүрлеген. Аталмыш шараға қатысқан қонақтардың бірі өзенге құлап, қайтыс болды. Қазір Полиция Департаметі 10 жыл бұрынғы істі жаңартты. Оның үстінен 3 бірдей азамат қоқан-лоқы көрсету, адам ұрлау, заңсыз қамап ұстау дерегі бойынша арызданған.

Жуырда «Время» басылымының тілшісіне күдіктіден жәбір көрген алматылық әйел сұқбат берді. Ол өзін Жанар деп атады. Тегін жарияламауды өтінген. Алайда Майраның қандай қылмыс жасағанын жасырмай айтып берді.

«Мен Құрманғалиевамен 2007 жылы «Алматы көлік құрастыру зауытына» жұмысқа тұрғанда таныстым. Біздің фирма кәсіпорынға тиесілі ғимараттарды жалға берумен айналыстық. Ол кезде зауыттың тоқтап тұрған, ескірген цехтары болды. Біз оларды жөндеп, кәсіпкерлерге беріп отырдық. Бірі офис ашты, енді бірі өнімдерін жасады. Келісімшарт бойынша зауыт бізге ғимарат берді, біз жөндеп кәсіпкерлерге тапсырдық. Тасымыз өрге домалады, бір жылда біраз табысқа жеттік. Компанияның иесі Майра екенін жақсы білетінмін. Онымен мені құрбым таныстырған. Тек жұмыс бойынша сөйлесетінбіз. Талаптары көңілге қонымды болды. Жұмысымыз жақсы жүрген соң жалақымыз да өсетін шығар деп ойлағам. Бірақ бір жыл ішінде бәрі өзгеріп, астан-кестеңі шықты. Батсапқыда бәрі жақсы болды. Тек жыл соңында Марат есімді бір жігіт келіп декларациямен таныстырып, құжатты тастап кетіп қалды. Кейінірек мені Майраның Оңдасынов көшесіндегі зәулім сарайына шақырды. Ол кіре берістен маған айғайлап, ұрыса бастады. Осы уақытқа дейін компанияның қаражатын жымқырдың, енді 500 мың доллар қайтаруым керек екенін айтып айыптады. Мен шок болдым. Себебі, бұл көп ақша. Жоғалса, бірден байқалып қалар еді. Жалға алушылардың төлемін мен алған жоқпын. Бұл жұмысқа адал қызметкер болған соң мені шақырған еді. Алайда, ол мені тыңдағысы келмеді. Оққағарларына мені жертөлеге тастауын бұйырды»,–дейді жәбірленуші.

Етегі жасқа толған әйел бір күн бойы тас қараңғы жертөледе отыруға мәжбүр болған.  

«Бастапқыда жарты сағаттан кейін шығаратын шығар деп ойлағанмын. Жоғарыда айтқан Марат деген жігіт жаныма келіп, атымда қандай мүлік бар екенін сұрады. Мен үндемей отырып алдым. Түн ортасында қашып кетуге әрекеттендім. Бірақ аулада тұрған күзетшілер мені ұстап алды да, терезесі жоқ түрмеге қамап тастады. Кінәні мойныма алмасам, жібермейтінін түсіндіріп берді»,–дейді Жанар, – «Мен мойындайтындай ештеңе істемедім, бірақ Майра қоймады. Айғайлады, қорқытты. Ақыры менің күйеуім мен енеме хабарласып, келіндерің ұры, 500 мың долларды ашынасына жұмсады деп жала жапты. Мен өте қарапайым үйде тұрдым. Жағдайым да керемет емес еді. Түнге қарай күйеуім пәтеріміздің құжаттарын алып келіп, мені босатып алды. Қашып кетпес үшін, қолхат жаздырды. Аз уақыт ішінде жолдасым 100 мың доллар жинап, қарызданып-қауғаланып жүріп үйіміздің құжатын қайтарып алды. Кейін қарыздан құтылу үшін пәтерді сатуға мәжбүр болдық. Күйеуіммен ажырастым. Үйсіз қалдым. Біраз жыл күйзеліске түсіп, өзіме қол жұмсамақ болдым. Ол мені үйімнен, отбасымнан, жұмысымнан айырды. Кейін енем аты жаман ауруға шалдығып, қайтыс болыпты. Мен өзімнің шарасыз екенімді білдім. Себебі, Майраның мықты қорғаны бар»,–дейді өмірінің мәнін жоғалтқан әйел.

Десек те, 2011 жылы нар тәуекел деп Жанар Майра Құрманғалиеваның үстінен арыз жазады. Бірақ нәтижесіз. Себебі, ол кезде бизнесвуменнің дәуірі жүріп тұрған еді. 

–Қазір Жаңа Қазақстан құрылып жатыр. Әділдік орнайды деген үмітпен қайта келдім. Ол барлық істеген жауыздығы үшін жауап беруі тиіс, –дейді ашынған әйел.