Қарағанды облысында машина жасау саласы қарқынды дамып келеді. Жыл басынан бері өңірде 1400 автобус пен арнайы техника өндірілді.
Saran индустриялық аймағында HOWO маркалы жүк техникасын шығаратын зауыттың құрылысы басталды. Жоба ауыр техниканы импорттауға тәуелділікті азайтуға бағытталған. Оның жүзеге асуы шамамен мың жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді. Толық қуатқа шыққан соң зауыт жылына 10 мыңға дейін техника өндіретін болады.
– Дәстүрлі металлургиядан бөлек, біз машина жасау, резеңке мен пластмасса бұйымдары өндірісі және басқа да салаларды дамытып жатырмыз. Машина жасау өндірісінің өсімі 1400 автобус пен арнайы техниканың шығарылуы есебінен қамтамасыз етілді. Бұдан бөлек, 131 мың тұрмыстық техника мен 372 мың автокөлік шинасы өндірілді. Мұның барлығы өңір экономикасын әртараптандырудың негізгі қозғаушы күшіне айналды, – деді облыс әкімінің орынбасары Әлібек Әлденей Өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында өткен брифингте.
Кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасы басшысының орынбасары Әлібек Молдакәрімовтың айтуынша, машина жасау өнімдері экспортталады, бірақ негізгі бөлігі елімізде қалады.
– Басты мақсат – еліміздің барлық өңірінде автобус паркін жаңарту. Сондай-ақ жүк техникасына да ішкі нарықта сұраныс жоғары, – деп түсіндірді ол.
Әлібек Әлденей Saran индустриялық аймағын табысты мысал ретінде атап өтті. Мұнда жаңа салалар дамып келеді. Бүгінде аймақта 472 млрд теңге инвестиция салған 12 қатысушы тіркелген, бұл 4,6 мыңнан астам жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді. Индустриялық аймақтың қолайлы көлік логистикасы, дайын өндірістік инфрақұрылымы және энергия ресурстарына төмен тарифтері бар.
Өңірде сондай-ақ «Сарыарқа» еркін экономикалық аймағы жұмыс істейді. Онда 24 қатысушы тіркелген. Қазіргі таңда 11 жоба іске қосылып, 13-і жүзеге асырылу кезеңінде тұр.
Бұдан бөлек, облыста шағын және орта бизнес нысандарын орналастыру үшін жалпы аумағы 50 мың шаршы метрді құрайтын үш шағын өнеркәсіп аймағының құрылысы жүргізілуде.