BANNER

Маңғыстаудағы ахуал немесе газ бағасы неге өсті?

Маңғыстаудағы ахуал немесе газ бағасы неге өсті

Маңғыстау облысының тұрғындары сұйытылған мұнай газының қымбаттағына наразалық танытып, бейбіт митингке шықты. Бірнеше күнге созылған шеруде жұрт газ бағасын 50 теңгеге дейін төмендетуді сұрауда. Жағдайды мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз бақылауына алды. Қазір облыста Үкіметтік комиссия жұмыс істеп жатыр. Газ бағасы неге бірден қымбаттады? Бұған не әсер етті?

Қазақстанда газ бағасы қымбат па?

Ресми мәліметтерге сенсек, Қазақстан аумағында сұйытылған мұнай газының бағасы өзге мемлекеттермен салыстырғандай айтарлықтай арзанға саудалануда. Ел тұрғындарын қолдау үшін газ бағасы реттеліп, тоннасына 38 мың теңге деңгейінде шекті баға белгіленген. Бұл экспорттық деңгейден 5-6 есе төмен   (шамамен $500 доллар/тн). Ал, дәл сол газды өндірудің өзіндік құны тоннасына 100 мың теңге шамасында.  Яғни, осы уақытқа дейін ел аумағындағы автокөлік иелері сұйытылған мұнай газын нарықтағы бағадан әлденеше есе төмен бағада алып келген.

Тағы бір айта кетерлігі, соңғы жылдары елімізде автогазға деген сұраныс артқан. Яғни, 2019 жылы ел аумағында газбен жүретін 139 990 көлік болса, 2021 жылы олардың саны 313 373-ке жетіпті. Ал, газ өндірудің көлемі айтарлықтай өскен жоқ. Яғни, 2020 жылы ішкі нарықтағы сұраныс 1,4 млн.тонна болса, 2021 жылы 1,6 млн.тоннаға дейін жетіпті. Ал, елдегі газ өндіретін зауаттың жиі жөндеуге жабылып қалуы өндіріс көлемін төмендеуіне әкеп соқтырды. Сұраныс артып, өндіріс төмендеген шақта нарықта тапшылықтың болатыны анық. Осылайша, былтыр еліміздің бірқатар өңірлерінде газ бағасының өсуімен қатар, оның  тапшылығы да байқалған. Бұл да, жұрт наразылығына арқау болды.   

Әлемдік тәжірибеде сұйытылған газдың бағасы мұнай бағасымен байланысты және бензин бағасының шамамен 70%-ын құрайды.

Мәселен, АИ-92 бензинінің құны 182 тг/л болған кезде, газдың нарықтық құны шамамен 127 тг/л болуы тиіс.

Газ биржалық саудаға шығарылды

Әлгінде айтып өткеніміздей, соңғы жылдары елде газ тапшылығы байқала бастады. Сарапшылар, 2017 жылдан бастап Қазақстан аумағында автогазға деген сұраныстың артатынын және оның тапшы болатынын болжам келді. Бұған газ бағасының нарық құнынан әлденеше есе төмен болуы және тұтыну көлемінің өсуі ықпал етті. Сондай-ақ, газ өндіру көлемі сұранысты толық қанағаттандыра алмайтын еді. Сәйкесінше, Үкімет сұйытылған газ нарығын біртіндеп ырықтандыру туралы шешім қабылдады. «Газ және газбен жабдықтау туралы» Заңға 2019 жылдан бастап газ саудасының электрондық сауда алаңдары арқылы кезең-кезеңімен өтуін қарастыратын түзетулер енгізілді.

Осылайша, кейінгі үш жылда электронды сауда алаңдары арқылы сатылатын сұйытылған газдың көлемі артқан. Ал, биыл 1 қаңтардан бастап газ саудасы толықтай тауар биржалары арқылы өткізіле бастады. Елдегі газ бағасының бірден қымбаттап кетуі де осымен түсіндіріледі. Өйткені, электрондық саудаға көшу газ бағасын сұраныс пен ұсыныс негізінде теңдестіруге мүмкіндік береді. Бұл газ өндірушілердің осы салаға деген қызығушылықтарын арттыруға және жаңа кәсіпорындар ашу үшін инвестиция тартуға мүмкіндік берді. Мәселен, «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ Жаңаөзен қаласындағы жаңа газ өңдеу зауытының құрылысына инвестиция салуға шешім қабылдады. Сондай-ақ, ашық сауда шағын және орта бизнестің дамуына қолайлы жағдай жасап, бәсекелестіктің дамуына оң әсер етуде.  

Әрине, мұндай сауданың қарапайым халық үшін тиімсіз тұсы – бағаның өсуі. Бірақ, газ бағасының нарықтық құннан төмен болуының өзіндік зардаптары да бар екенін ескерген жөн. Ең алдымен, ірі кәсіпкерлердің газ өндіруге деген қызығушылығы болмады. Өйткені, бұл саладан түсетін табыс көлемі айтарлықтай аз еді. Сәйкесінше, газ тапшылығын жою мүмкін болмады. Сондай-ақ, шет мемлекеттерде газ бағасы бізге қарағанда әлдеқайда қымбат болғандықтан, ішкі нарыққа арналған газды шекарадан заңсыз алып өтіп, сыртқа тасу фактілері жиі тіркеле бастады. Ал, электронды сауда бұларға тосқауыл қоюды.  

Маңғыстаудағы аухал қандай?

Энергетика министрі Мағзұм Мырзағалиевтің мәлімдеуінше, Маңғыстау облысында сұйытылған мұнай газына ай сайынғы сұраныс көлемі 18 мың тоннаға тең. Яғни, аймақтағы автокөліктердің 90%-ы газбен жүреді. Олардың сұранысын "ҚазГӨЗ" ЖШС (14,5 мың тонна) және «Атырау МӨЗ» ЖШС (3,5 мың тонна) кәсіпорындары өтеп келді.

Былтырғы жылдың 20-25 желтоқсанында өткізілген электронды саудада автогазды «ҚазГӨЗ» ЖШС литріне 77 теңгеден, ал, «Атырау МӨЗ» ЖШС литріне 65 теңгеден сатып алған. Олар газды аймақтағы жанар-жағармай құю бекеттеріне жеткізу шығындарын ескере отырып, газдың өзіндік құны литріне 80 теңге шегінде қалыптасты. Осылайша, газдың бөлшек саудадағы бағасы литріне 100 теңгеден 120 теңгеге дейінгі аралықта белгіленген. Яғни, маржа литріне 20-40 теңге көлемінде.

Министрдің пікірінше, бұл асыра бағалау болып саналады. Сондықтан да, аймақтағы АГТС арасында өзара баға келісімі болуы мүмкін деген болжам жасалып отыр.   

Үкімет мәселені қалай шешпек?

Маңғыстаулықтардың жанайқайына мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев назар аударып, Үкіметке шұғыл тапсырма берді. Сондай-ақ, қоғамдық тәртіптің бұзылмауын қамтамасыз ету қажеттігін айтты. Яғни, қалың көпшілік бағаның өсуіне қатысты наразылық білдіруге және өз ойларын ашық айтуға құқылы. Десек те, әлеуметтік мәселені саясиландыруға және арандату әрекеттеріне тосқауыл болуы керек. Қазіргі таңда аймақта Ералы Тоғжанов бастаған үкіметтік комиссия жұмыс істеп жатыр. Облыс аумағындағы АГТС иелерінің бастамашылығымен газ құны литріне 120 теңгеден 85-90 теңгеге дейін төмендеді.  Енді баға тұрақтылығын қамтамасыз ету бағытында жұмыстар жүргізіліп жатыр. Сондай-ақ, Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі аймақтағы автогаз толтыру станцияларының иелеріне қатысты бағалық сөз байласу тұрғысынан тергеуді бастады.