BANNER

Зығыр матасы қалай жасалады?

.

Біз дүкен сөрелерінен дайын өнімді алып үйренгенбіз. Сөреге қойылғанға дейін өнімнің «қандай жол жүріп өткенін», қалай жасалғанын, оны жасау үшін қаншалықты еңбек пен тер төгілгенін, қанша уақыт кеткенін ойлай бермейміз. Жасалу жолы қиын, көп еңбекті талап ететін өнімдердің бірі – лен, яғни зығыр матасы.

Зығыр матасынан тігілген киімдер жаздың ыстық күндерінде таптырмас дүние. Бұл матаның қоршаған ортамен температура алмасу қасиеті өте жоғары. Былайша айтқанда, зығыр матасы табиғи кондиционер. Адам денесіндегі артық жылуды сыртқа оңай шығарып, қалыпты темпертураны сақтап тұрады. Мамандардың айтуынша зығыр матасының жылуды өткізуі жүннен 5 есе, жібектен 18 есе, ал мақтадан 2 есе жоғары. Сондықтан басқа матадан тігілген киімдерге қарағанда зығыр матасынан тігілген киімде адам денесінің температурасы бірнеше градус төмен болады.

Зығыр матасының жасалуы мыңдаған жылдар бұрын бастау алған. Ежелгі шеберлер зығырдан жасалған өнімдердің ерекше сапасына қол жеткізген: жұқа, алайда берік, киюге шыдас беретін, өзіне тән әлсіз жылтырлығы бар. Тоқыма қол өнері артта қалып, оның орнына пайда болған тоқыма фабрикалары қазір біз сатып алып жүрген зығыр маталарды жасай бастады.

Зығырды жинау маусымы жаз айының аяғы басталады. Масақшаларды орған соң алқаптан бірден алып кетпейді, оны 3 апта қопсытады (осы кезде зығыр талшықтары масақ ішіндегі ағашқа жабысуды тоқтатады). Зауытта ағаш сабақтарды алып тастаған соң шикі зығыр талшығы қалады. Талшықтарды біріктіріп, қайтадан тарау арқылы ұзындығы 500 метрге дейін жететін зығыр талшықтары алынады. Әрі қарай талшықтарды созып, жұқа етіп жасайды. Алынған жіп оралады да, қайнатуға, бояуға не ағартуға жіберіледі.

Одан соң 45 градус температурадағы суда созу құрылғысының көмегімен қайта тартылып, жіп алынады, дайын болған жіптен мата жасалады.

Ені 150 см, ұзындығы 100 метр матаның бір бөлігін алу үшін 3500 бойлық жіп, 200 мың көлденең жіптер қажет болады. Жіптер желімдегіш зат  картоп немесе жүгері крахмалымен өңделеді. Кенеп сағатына 7 метр жылдамдықпен жасалады. Жасалу процесі 4 аптаға дейін созылады.

Зығыр матасы жылу өткізгіштігімен қоса дымқылды жақсы сіңіріп, оны сыртқа тез шығаруымен де ерекшеленеді. Жаз айында көп терлейтін адамдардың «құтқарушысы». Жаңбыр астында қалсаңыз, 30 – 40 минут ішінде киіміңіз құрғап шыға келеді. Сапалы зығыр матасының бояуы да күн көзінің әсерінен тез кетіп қалмайды. Сонымен қатар зығыр матасының антибактериялық және антисептикалық қасиеттері бар, оған бактерия да, саңырауқұлақ та тұрақтамайды. Бұл зығыр талшықтарының құрамындағы патогенді бактериялардың өсуін тоқтататын кремнеземаның (қаттылығы жоғары әрі өте берік түссіз кристалдар) болуымен түсіндіріледі.