Қарағандыдағы "Жастар" спорт кешені уақытша роботтар еліне айналады.
Мұнда RoboLand-2024 дәстүрлі Халықаралық робототехника, бағдарламалау және инновациялық технологиялар фестивалі басталды.
Биыл ол тоғызыншы рет өткізіледі, финалдық жарыстарға бес елден:
Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан, Әзірбайжан және Ресейден 350-ге жуық команда қатысады.
RoboLand-қа кіру оңай емес.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, іріктеу жарыстары мен біліктілік іріктеуіне биыл 1800-ге жуық команда қатысып, финалда өнер көрсету құқығын әрбір бесінші команда ғана алған.
Оның қатарында үздік ауылдық тірек мектептері бар.
– Робототехника біздің күнделікті өмірімізге енуде. Бұл уақыт талабы. Біздің елімізде осы саланы дамытуға көп көңіл бөлінеді. Бүгінгі фестиваль бұған дәлел. Барлық қатысушыларға қызықты идеялар, жақсы ынтымақтастық және, әрине, сәттілік тілеймін! – деп фестивальдің ашылуында қатысушыларды Қарағанды облысы әкімінің орынбасары Ерлан Құсайын құттықтады.
RoboLand әртүрлі елдердің робототехникалық шығармашылығының серіктестерін біріктіреді.
Жарыстың тұрақты бас төрешісі – халықаралық спорттық және білім беру робототехникасы қауымдастығының президенті Максим Васильев.
Өзбекстаннан келген делегация басшысы Эльдар Аппазовтың айтуынша, ең алдымен, бұл жерге тәжірибе алу үшін келеді.
– RoboLand-қа біз 4-ші рет қатысудамыз. Бұл беделді алаңдардың бірі. Біздің елімізде мұндай деңгейдегі фестивальдар өткізілмейді. Кейін өзімізге енгізу үшін тәжірибе жинауға тырысамыз, – деп атап өтті ол. – Биыл үлкен құраммен келдік – 6 жастан 18 жасқа дейінгі 25 қатысушымыз бар. Олар 12 санатта бақ сынайды. Өткен жыл біз үшін ең жемісті болды: көптеген медальдар алып, жалпы командалық есепте екінші орынға ие болдық. Биыл біз сол межеден төмендемейміз деп үміттенеміз.
Бішкектен келген 18 жастағы Ринат Советканов үшін де бұл фестиваль төртінші болып табылады. Ол RoboLand-тың бірнеше дүркін жүлдегері. Ол алғаш рет 2018 жылы мектеп оқушысы ретінде қатысты. Ал қазір И. Раззаков атындағы Қырғыз мемлекеттік техникалық университетінің бірінші курсында оқиды. Командамен бірге экоробот құруды талап ететін шығармашылық санатта өнер көрсетеді.
– Бүкіл әлемде қоршаған ортаны қорғау тақырыбы өте өзекті, өйткені жаһандық жылыну және басқа факторлар жүріп жатыр. Біз экологияға теріс әсерді азайтуға ықпал еткіміз келеді. Таза энергия өндіру үшін модульдік жел генераторын жасадық, – дейді қатысушы.
Екі күн ішінде жас робототехниктер 15 санат бойынша жарысады. Қатысушылардың жасы 4-тен 18 жасқа дейін.
RoboLand-Kazakhstan санатында командада оқушылармен бірге оқытушылар өнер көрсетеді.
Естеріңізге сала кетейік, RoboLand фестивалі Қарағандыда 2015 жылдан бері өткізіліп келеді, ал 2016 жылдан бастап халықаралық мәртебеге ие болды.
Шараны ұйымдастырушысы – ҚР Білім Министрлігінің, Kazdidac қауымдастығының, демеушілер мен серіктестердің қолдауымен Қарағанды облысының білім басқармасы.