Қарағандыда жолшылар мен мемлекеттік қызметшілер біліктілік арттырды

Фото: автор

Елімізде автомобиль жолдарының жай-күйін тексеретін мемлекеттік мекеме дәстүрлі оқыту семинарын өткізді. Танымдық шараны ҚР Көлік министрлігі «Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы» РМК Қарағанды облыстық филиалы өткізді. 
 
Жиынға Қарағанды облысында жол құрылысымен айналысып жатқан жобалаушы мекемелердің, ауыл-аудан және қала әкімдіктерінің өкілдері мен ұлттық жол сапа орталығының және "ҚазАвтоЖол" мекемесінің қызметкерлері қатысты.

-Жолшылар мен мемлекеттік қызметкерлерге арналған оқыту семинары жыл сайын еліміздің барлық өңірінде өтеді. Мұндағы мақсат - автожолдардың құрылысымен айналысатын мердігер компаниялар, жобалаушы мекемелер мен олардың қызметіне тапсырыс беруші жергілікті әкімдіктердің қызметкерлеріне жол саласына енгізілген өзгерістерді, жаңа технологиялар жайлы айтып түсіндіру. Бір жаңалық - биылдан бастап елімізде әкімдердің рейтингі жолдардың сапасына қарай жасалатын болды. Осы тұрғыдан 2022 жылы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқеав Үкіметке тапсырма жүктеген болатын. Соған сәйкес өткен жылы сала министрлігінде белгілі бір методика жасақталды. Соның аясында қазір бағалау жұмыстары жүріп жатыр.

 

Әкімдердің рейтингі жолдардың сапасына қарай 8 өлшемшарт бойынша бағаланады. Бағалау қорытындысы алдағы уақытта көлік министрлігінің автомобиль жолдары комитетіне жіберіледі.

Мамандардың айтуынша, елдімекен әкімдерінің рейтингі жол құрылысы жобаларын қаржыландыру, автокөлік жолдарының жақсы және қанағаттанарлық күйдегі үлесін арттыру, ұлттық жол сапа орталығы тарапынан берілген  ескертулер мен жолдарды тексеру кезінде анықталған сәйкессіздіктер мен ақауларды жоюға қатысты әкімдіктерге жолданған қызметтік хаттарға жауап қайтаруы, уәкілетті мекемемен кері байланысқа шығу белсенділігі секілді өлшемшарттар бойынша бағаланып жатыр.

Қазіргі уақытта елімізде автомобиль жолдарын паспорттауға, диагностикалауға, ведомствалық сараптама жүргізуге басымдылық берілуде. Ұлттық орталықтың жол инфрақұрылымы қауіпсіздігінің диагностикасы, мониторингі бөлімінің жетекші сарапшысы Күмісжан Жүнісова, ведомствалық сараптама бөлімінің бас сарапшысы Кәмила Бекенова, техникалық сараптама бөлімінің басшысы Самал Жұмағалиева оқыту семинарында 2023 жылы жол саласында орын алған ақаулықтардың биыл қайталанбауын ескертіп, шараға қатысушыларды бірлесе жұмыс жасауға шақырды. Семинар барысында қатысушылар өз сұрақтарын қойып, ауыл-аймақ жолдарына қатысты түйткілді мәселелерді ортаға салды.