BANNER

Қарағанды облысында футболды дамытуға 18,5 млрд теңге бөлінеді

Gov.kz

Қарағанды облысында футболды дамытуға 18,5 млрд теңге инвестиция салынбақ. Оның ішінде 12 млрд теңге футбол академиясын салуға бағытталады. Жоба құрамына 3500 көрерменге арналған стадион, жыл он екі ай жұмыс істейтін жабық манеж, жылыту жүйесі бар жаттығу алаңы, жатақхана, медициналық кабинеттер және қосымша инфрақұрылым кіреді.

Қалған 6,5 млрд теңге бұқаралық футболды дамытуға жұмсалады: қалалар мен ауылдарда шағын футбол алаңдарын салу, мектептер мен балабақшаларда спорттық бағдарламаларды іске қосу, турнирлер мен фестивальдер ұйымдастыру, сондай-ақ әйелдер және жастар футболына қолдау көрсету.

2029 жылға дейін бағдарлама 40 мыңнан астам оқушыны және 3600 студентті қамтиды. Футболдық бастамалар өңірдегі 100-ден астам білім беру мекемесінде жүзеге асырылмақ. Ерекше көңіл кадрларды даярлауға бөлінеді: жаттықтырушылар үшін біліктілікті арттыру бағдарламалары, халықаралық тағылымдамалар және UEFA лицензиясын алу қарастырылған.

Бұл туралы Қарағанды облыстық футбол қауымдастығының конференциясында мәлім болды. Онда сондай-ақ басшылықтың ауысқаны хабарланды. Өңір әкімі Ермаганбет Бөлекпаев қауымдастық президенті өкілеттігін ресми түрде тоқтатып, Freedom Holding Corp. бас атқарушы директоры және Freedom QJ League қамқоршылық кеңесінің төрағасы Тимур Турловтың кандидатурасын ұсынды.

Дереккөз: Gov.kz