Кеншілер мәдениет сарайында Қарағанды қаласының 90 жылдығы аясында «Ордалы Қарағандым, шежірелі Қарқаралым» атты Қарағанды мен Абай облыстарының ақындары және дәстүрлі өнер өкілдері арасында республикалық командалық айтыс өтуде.
Шара шымылдығын облыс әкімі Ермағамбет Бөлекпаев ашты. – Қарағанды кешегі Қаз дауысты Қазыбек бидің, Мәдидің, Қасымның, Жақып Ақбаевтың елі. Бір сөзбен мәдениеттің ордасы деуге толық негіз бар. Сол көне даналықтың көзіндей болған айтысты осы дәуірге жетелеп келе жатқан бірегей жандар ел аузында. Сондай тұлғаның бірі айтыстың атасы Жүрсін Ерман ағамыз ортамызда. Айтыс туралы ағамыздан артық ешкім білмесе керек. Қазақтың бірегей өнерінің ары қарай дамуына жол ашық. Біз де әрқашан айтысқа қолдау білдіруге дайынбыз, – деді аймақ басшысы.
Облыс әкімі Арқа жұртшылығы атынан Жүрсін Ерманның иығына шапан жауып, құрмет көрсетті. Жалпы, өтіп жатқан айтыстың мақсаты айтыс ақындары мен ұлттық өнер өкілдерінің шығармашылық дамуына жағдай жасау, рухани-мәдени әлеуетін жақсарту, еліміздегі облыстардың арасында шығармашылық байланысты жетілдіру, халықтың азаматтық ұстанымын, әлеуметтік жауапкершілігін, отансүйгіштік сезімін, адамгершілік қасиеттерін, ұлттық санасын қалыптастыру.
Әр облыстың ақындары өз өңірін жырлау арқылы халықты аймақ ерекшеліктерін, жеткен жетістіктерін тыңдарманға жеткізе отырып, ел игіліктерін тілге тиек етпек. Өнер додасы туралы толығырақ ақпаратты газетіміздің алдағы сандарынан оқи аласыздар.
Жан АМАНТАЙ