Қарағанды облысының мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасының басшысы Сержан Аймақов үлескерлерге өз жинақтарын сеніп тапсырар алдында құрылыс салушыдан пәтер сатып алу кезінде қалай сақтануға болатыны жайлы кеңес берді.
Ведомство басшысы "Тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы" ҚР Заңы туралы еске салды. Онда ережелер нақты жазылған. Атап айтқанда, құрылыс салушының бірыңғай оператордың кепілдігі болуы не екінші деңгейдегі банктің жобасына қатысуы қажет. Үлескерлердің ақшасын тарту көппәтерлі тұрғын үйдің қаңқасын салғаннан кейін ғана мүмкін болады.
– "Тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы" Заңның бір мақсаты – сіз салған ақшаны қорғау, сақтандыру екенін түсінуіміз керек, – деп атап өтті Сержан Аймақов. – Сіз пәтерлерді сату кеңсесіне келгеннен кейін, ең алдымен, құрылыс салушыдан хабарлама талонын көрсетуді талап етіңіз. Бұл құжат үй заңды түрде салынып жатқанын көрсетеді. Екіншісі – техникалық және авторлық қадағалау шарттарын көрсетуді сұраңыз. Үшіншісі – үлескерлердің қаражатын тартуға рұқсаттың болуы. Бұл құжаттар бірінші кезекте талап етілуі керек. Егер қандай да бір себептермен оларды көрсетуден бас тартылса, онда ойлануға негіз бар. Бұл сіздің ақшаңыз! Оларды біреуге бермес бұрын, үлескерлердің қаражатын тартудың заңды құқығына көз жеткізіңіз. Бүгін инвестиция салсаңыз, кейін аз төлейсіз деген жарнамалық қақпанға түсудің қажеті жоқ.
МСҚБ басшысы құрылыс компаниясы құжаттарды көрсетуден бас тартқан жағдайда, сенім телефонына хабарласуға шақырды: (8-7212) 43-22-43.
Сержан Аймақов Қарағандыда бүгінде 70-ке жуық тұрғын үй кешені салынып жатқанын хабарлады.
Рұқсат құжаттарының толық пакеті жоқ 11 нысан бақылауда. Тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы заңнаманы бұзғаны үшін 14 құрылыс фирмасы жауапқа тартылды, тағы екеуі бойынша хабарламалар жолданды.