2025 жыл Қазақстанда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың бастамасымен жұмысшы мамандықтары жылы болып жарияланды. Бұл Сапарбек аға секілді еңбек адамдарының қоғамдағы рөлін айшықтайтын ерекше бастама. Еңбекке деген сүйіспеншілігімен және табандылығымен үлгі боларлық Сапарбек ағамен Life09 ақпарат агенттігінің тілшісі сұхбаттасып қайтқан болатын.
Қарағанды қаласы “Тазалық Эксперт“ ЖШС ұйымында 1974 жылы алғаш еңбек жолын бастаған Сапарбек Раманов бүгінгі күнге дейін өз жұмысын адал атқаруда. Ол қала көшелерін арбамен тазалаған кезеңнен бастап еңбекке араласқан. Сол жылдары моторист мамандығын игеріп, техникалық біліктілігін шыңдап, щетка орауыш станогын іске қосқан.
Сапарбек аға өмірінің 53 жылын автокөлік саласына арнаған жан. Оның айтуынша, еңбек жолын жүргізуші ретінде бастаған. Ол кезде қоқыс арбалармен тасымалданатын. Кейіннен техникалық машиналар қолданысқа енгізіле бастағанда, мекемеге моторист маманы қажет болғандықтан, Сапарбек аға осы саланы меңгеруге бел байлайды. Алған білімін практикамен ұштастырып, техникаларды жөндеу ісінде тәжірибе жинақтады.
«Мен бұл жерге алғашқылардың бірі болып жұмысқа орналастым. 1974 жыл еді, әуелі жүргізуші болдым одан кейін басшылық мені оқытып моторист болып бірнеше жыл жұмыс істедім, қазір міне щетка орауыш станокты іске қосып осы іспен айналысып жүрмін. Жұмыстың жеңілі жоқ, сондықтан бұл салада да жұмыс істеу оңай деп айта алмаймын», - дейді Сапарбек аға.
Қазіргі таңда ол щеткалы станокпен жұмыс істейтін бірден-бір маман. Станокты іске қосып, оны 40 жылдан астам уақыт бойы өзі басқарып келеді. Күнделікті таңғы 8-ден кешкі 5-ке дейін еңбек етеді. Сонымен қатар техникалық машиналардың моторларын да жөндейді.
Сапарбек аға үшін еңбек – өмірінің мәні. Оның айтуынша, әр жұмыстың өз қиындығы бар, бірақ адал еңбек ету – басты қағида. Ол жастарға әрдайым шыдамдылық пен білімге ұмтылуға кеңес береді.
«Қазір – техниканың заманы. Үйреніп, жаңа дағдыларды меңгеру керек. Моторды жинау адамның жанын емдеумен бірдей. Мотор – машинаның жүрегі болса, оны түзету үлкен жауапкершілікті талап етеді», – дейді ол.
Ұзақ жылдар бойы атқарған адал еңбегі үшін Сапарбек ағаға бірнеше мәрте мадақтамалар мен алғыс хаттар табысталған. Ол өз ісін сүйіп істейді, басқа салаға ауысу туралы ешқашан ойламаған.
«Менің жұмысым өзіме ұнайды. Осы салада еңбек еткеніме еш өкінбеймін. Адам өз ісін сүйсе, оның нәтижесі де жоғары болады», – деп ойын түйіндеді Сапарбек Раманов.