Қарағанды облысында мүгедектігі бар азаматтарға тек жұмысқа орналасуға ғана емес, сонымен қатар жеке кәсібін ашуға да қолдау көрсетіледі. Көру қабілеті бойынша II топтағы мүгедектігі бар Данагүл Аманбаева он жылға жуық медицина саласында еңбек еткен. Алайда денсаулығының нашарлауына байланысты мамандығын тастауға мәжбүр болған. Кейін ол Мансап орталығына жүгініп, бір айдың ішінде жұмысқа орналасу туралы ұсыныс алған.

— Менің медициналық білімім бар, сондай-ақ сауықтыру, балалар және косметологиялық массаж бойынша сертификаттарым бар. Әрқашан дәл осы салада жұмыс істегім келетін, — дейді Данагүл. Қазір ол Қарағандыдағы массаж салондарының бірінде еңбек етеді.

— Бізде Мансап орталығы арқылы мүгедектігі бар азамат ретінде жұмысқа орналасқан екі маман бар. Олар өз жұмысына өте жауапкершілікпен қарайды. Қазір олардың біліктілігін арттырып, оқытып жатырмыз, — дейді салон иесі Мақпал Шәріпова. — Мен арнайы мүгедектігі бар адамдарды жұмысқа қабылдадым, себебі олардың жетіліп, тұрақты табыс табуына мүмкіндік бергім келді.

Жұмысқа орналастыру «Арнайы жұмыс орындары» бағдарламасы аясында мүмкін болды. Бағдарлама көру, есту қабілеті бұзылған және тірек-қимыл аппараты аурулары бар адамдарға қолайлы жағдай жасауға бағытталған. Жұмыс берушілер Мансап орталығына өтінім береді, содан кейін жұмыс орындары қызметкерлердің қажеттілігіне сай жабдықталады. Мысалы, көру қабілеті әлсіз мамандар үшін салонда қосымша шамдар, сөйлейтін сағаттар және басқа да арнайы құралдар орнатылған.

Мемлекет те жұмыс берушілерге қаржылай қолдау көрсетеді: үш жыл бойы қызметкерлер жалақысының бір бөлігі субсидияланады. Бұдан бөлек, арнайы жұмыс орындарын жабдықтауға кеткен шығындар да өтеледі.

Қолдаудың тағы бір бағыты — жеке кәсіп ашуға арналған мемлекеттік гранттар.
Осындай мүмкіндікті Теміржан Медетбеков те пайдаланған. Ол — металлург маманы, бұрын Балқаш тау-кен металлургия комбинатында жұмыс істеген. Алайда сырқатына байланысты жұмысын тастап, туған қаласынан Қарағандыға көшуге мәжбүр болған. Мұнда әртүрлі салада өзін сынап көргенімен, денсаулығындағы мәселелер толыққанды еңбек етуге мүмкіндік бермеген.

— Бірнеше ай бойы мүлде жұмыссыз отырдым. Барлығы аяқ асты өзгерді: жұбайым маникюр шеберлігіне оқып жүрген кезде бір күні екінші қолына маникюр жасап беруге көмектесуімді сұрады, — деп еске алады Теміржан. — Ол аппаратпен және егеумен қалай жұмыс істеу керегін көрсетті. Мен байқап көрдім, күтпеген жерден жақсы шықты. Жұбайым менің жұмысым курстағы кейбір қыздарға қарағанда да жақсы екенін айтты. Бұл сөздер маған үлкен мотивация берді.
Уақыт өте келе Теміржанға таныстары мен көршілері жазыла бастады, кейін алғашқы тұрақты клиенттері пайда болған. Содан соң ерлі-зайыптылар өздерінің маникюр салонын ашуға шешім қабылдайды.

Грант қаражатына отбасы кабинетке қажетті құрал-жабдық сатып алған. Қазір шебер күніне 5—11 клиент қабылдайды. Сонымен қатар жұбайлар балалар киімі мен ойыншықтарына арналған шағын дүкен де ашқан.
Жыл басынан бері Қарағанды облысындағы Еңбек мобильділігі орталығы мен мансап орталықтарына мүгедектігі бар мыңға жуық адам жүгінген. Олардың шамамен 300-і тұрақты жұмыс орындарына орналасса, тағы 170-ке жуығы квота аясында жұмысқа тұрған.
Биыл өңірде 13 арнайы жұмыс орнын ашу жоспарланып отыр. Қазіргі таңда алты адам жұмысқа орналастырылған: олардың төртеуі — есту қабілеті бұзылған азаматтар, екеуі — көру қабілеті нашар адамдар.
Сонымен қатар облыста «Қоғамдық жұмыстар», «Жастар практикасы», «Күміс жас» және «Алтын жас» бағдарламалары да жүзеге асырылуда. Бұдан бөлек, жаңа мамандық игергісі келетін азаматтарға үш айдан алты айға дейін тегін кәсіби оқыту қарастырылған.

— Біз мүгедектігі бар адамдардың жұмыс табуына, жаңа мамандық меңгеруіне немесе өз кәсібін ашуына мүмкіндік беру үшін барлық қолдау шараларын қолдануға тырысамыз, — дейді Еңбек мобильділігі орталығы директорының орынбасары Дәурен Қошқаралиев.