Қарағанды облысында егіс алқаптарынан өнім жинау науқаны қызу жүріп жатыр.
Қазіргі уақытта 600 мың тоннаға жуық астық бастырылып, гектарына орташа өнімділік 12 центнерді құрап отыр. Бұл туралы облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы мәлімдеді.
Астықпен қатар, көкөніс пен картоп жинау да белсенді жүргізілуде. Картоп егісінің жартысына жуығы жиналып, 206,6 мың тонна өнім алынды.
Сондай-ақ 33,4 мың тонна көкөніс жиналды, оның өнімділігі гектарына 300 центнерден асты. Майлы дақылдардан аймақ диқандары 20 мың тоннаға жуық өнім алды.
Биыл дәнді дақылдар көлемі 914,7 мың гектарды құрады. Басқарма мамандарының айтуынша, негізгі басымдық әртараптандыруға берілген: майлы және мал азықтық дақылдардың егіс алаңы артты. Картопқа – 15 мың гектарға жуық, көкөніске – шамамен 2 мың гектар жер бөлінді.
Алдын ала есеп бойынша, өңір диқандары шамамен 1 миллион тонна астық жинайды, оның 817 мың тоннасы – бидай. Сондай-ақ 75,5 мың тонна көкөніс пен 373 мың тонна картоп алу күтілуде. Қолайлы ауа райы жағдайында егін орағын қыркүйек айының соңына дейін толық аяқтау жоспарланғанын ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Әнуар Түлібеков атап өтті.
Орақ науқанына қажетті жанар-жағармай арзандатылған бағамен жеткізілді. Барлық агротехникалық шаралар дер кезінде жүргізілді: минералды тыңайтқыш енгізіліп, өсімдіктерді қорғау жұмыстары атқарылды. Бұл өнім көлемін сақтап қалуға және фитосанитарлық қауіп-қатерлерді азайтуға мүмкіндік берді. Күзгі үстеп қоректендіру де қарастырылған.
Сонымен қатар, шаруалар жеңілдетілген шарттармен техника паркін жаңартуда: «ҚазАгроФинанс» арқылы 600-ге жуық арнайы техника сатып алынды.
Аграрларға көрсетілетін қолдау мұнымен шектелмейді. «Кең дала» және «Кең дала – 2» бағдарламалары аясында қаржыландыру көлемі 14,1 млрд теңгеге дейін ұлғайып, шамамен 250 ауыл шаруашылығы тауарын өндіруші қолдау алды. Бұдан бөлек, тұқым шаруашылығын дамытуға, тыңайтқыштар мен пестицидтерді субсидиялауға және су жеткізуге 5 млрд теңге бөлінді.