BANNER

Қарағандыдағы музыкалық мектеп-интернат 18 мың бөтелке сірке суын 9 миллион теңгеге сатып алмақ болған

istockphoto.com

2024 жылдың қорытындысы бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет агентігі 55,1 миллиард теңге көлемінде артық шығынның алдын алды. Бұл туралы Life09 ақпарат агенттігі Antikor телеграм арнасына сілтеме жасай отырып хабарлайды.

"2024 жылдың қорытындысы бойынша еліміздегі 55,1 миллиард теңге көлемінде артық шығындардың алды алынды. Оның 26 миллиард теңгесі бюджетке қайтарылған. Ал қалған соманы тапсырыс берушілер қайта қарап, жоспарланған бағаларды төмендеткен немесе сол сомаға сатып алынатын тауарлар санын көбейткен",  – делінген агенттік хабарламасында.

Агенттік дерегінше, Солтүстік Қазақстан облысында 230 миллион теңгенің заңсыз шығынының алдын алды. Петропавл қаласындағы телемұнараға жарықдиодты жабдықтарды орнату жұмыстары төтенше жағдайларды жою сылтауымен жүргізілген. Алайда, бұл жұмыстардың төтенше жағдаймен еш байланысы болмаған. Соңында келісімшарт бұзылып, бюджетке қаражат қайтарылған.

Қарағанды облысындағы мамандандырылған музыкалық мектеп-интернат 18 мың бөтелке үстел сірке суын 9 миллион теңгеге сатып алуды жоспарлаған. Бұл көлем мекеменің (барлығы 460 адам) қажеттілігінен әлдеқайда жоғары болған. Бұған қоса бір бөтелкенің нарықтағы құны 300 теңгенің орнына 500 теңгеге бағаланған. Бұл шығынды 3,5 миллион теңгеге арттырған. Антикордың араласуынан кейін сатып алу тоқтатылып, бюджетке 9 миллион теңге үнемделді.

Ал Қызылорда облыстық филармониясы 300 қабырға картинасын 48 миллион теңгеге (әрқайсысы 160 мың теңгеден) сатып алуды жоспарлаған. Бір картинаның нарықтағы орташа бағасы 20 мың теңге тұрады, жалпы артық шығын 42 миллион теңгеге шығады.  Антикордың ұсынысынан кейін бұл сатып алу да тоқтатылып, қаражат бюджетке қайтарылды.